«Басқа халықтардан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек, күшті болуға бірлік керек»
(А. Байтұрсынұлы)
Ертеңгі күннің бүгінгі күннен асып түсуіне ықпал етіп, адамзат қоғамын алға қарай жетелеуші құдіретті күш ол – білім. Білім беру – оқытудың, тәрбие мен дамытудың үздіксіз процесі. Білімді түрлендіруде, білім беру процесін реформалауда зерттеуші мұғалім мен көшбасшы мұғалім шығармашыл мұғалім ретінде орталық тұлға болып табылады.
«Шығармашыл мұғалім – рухани дамыған әрі әлеуметтік тұрғыдан есейген, педагогикалық құралдардың барлық түрлерін шебер меңгерген білікті маман, өзін-өзі әрдайым жетілдіруге ұмтылатын шығармашыл тұлға. Ол жоғары білімді шығармашыл тұлғаны қалыптастырып, дамыту үшін жауапты». Н. Назарбаев.
Осы орайда, біздің басты мақсатымыз — бастауыш сатыдан бастап баланың тілін, ой-өрісін, қиялы мен шығармашылығын дамыту арқылы, заман талабына сай жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруымыз қажет. Білім берудің әртүрлі нұсқадағы мазмұны, құрылымы, ғылым мен тәжірибеге негізделген жаңа идеялар мен жаңа инновациялық технологияларды зерттеп, оны өз іс-тәжірибемізде қолдану арқылы оқу-тәрбие процесінде шығармашыл білімді тұлғаның дамуына мүмкіндік беріледі. «Инновация» ұғымының (латынша inovatis) аудармасы жаңалық, жаңаша, жаңалықты енгізу деген мағынаны білдірсе, «Технология» — деп оқытудың объективтік факторларының жиынтығын (бағдарламаланған оқыту әдіс-тәсілдері, дидактикалық материалдар, құрал-жабдықтар, т. б) қандай да бір іс-әрекетте нәтижеге жету құралы ретінде қарастырылады. Педагогикалық технология — мұғалімнің кәсіби қызметін жаңартушы және жоспарланған нәтижеге жетуге мүмкіндік беретін іс-әрекеттер жиынтығы. Әрбір технология өзіндік жаңа әдіс-тәсілдермен ерекшеленеді. Әдіс-тәсілдерді мұғалім ізденіс арқылы оқушы қабілетіне, қабылдау деңгейіне қарап іріктеп қолданады. Сол арқылы баланы бастауыш сыныптардан бастап шығармашылық ойлауға, қалыптан тыс шешімдер қабылдай алуға, практикалық әрекеттерге дайын болуға үйретеміз. «Шығармашылық» деген, ол адамның мақсатты ісіне жету жолындағы талаптануы мен талпынысынан, жігері мен сабырынан, сұранысы мен ізденісінен түзіліп, ақыл-ойы мен сезімінің, қиялының ерекше бітімінен көрінеді. Шығармашылық – адам ойлауының және өз бетінше әрекетінің жоғары формасы. Шәкірттеріммен оқу-процесін жаңаша ұйымдастыру барысында оқушыларымның шығармашылық қабілетін дамыта отырып, жеке дара ерекшеліктерінің ашылуына мүмкіндік алып, жеке тұлғаны қалыптастыру жолында білім берудің инновациялық-педагогикалық технологияларымен жүйелі жұмыс жасау арқылы барлық салада таңғажайып табыстарға қол жеткізудемін.
Оқушының шығармашылық қабілетін дамыту үшін төмендегідей шарттар орындалу тиіс:
Шығармашылық қабілетін дамытуды ерте бастан қолға алу;
Оқушының шығармашылық іс-әрекетіне жағдай туғызу;
Жүйелі түрде шығармашылық әрекет жағдайында болуы;
Ойлау мүмкіндігінің ең жоғарғы деңгейіне жету;
Оқушының шығармашылық іс-әрекетіне жағдай туғызу дегеніміз — оқушыны ойлай білуге үйрету екені сөзсіз. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіннен шығармашылық қабілетті талап етпес бұрын, оны соған үйреткен жөн. Оқушының зейінін, есін, қиялын, дамыта отырып, ойлау қабілетін, шығармашылық іс-әрекетін жоғары деңгейде көтеруге болады. Жаңа формация мұғалімі мынадай гуманистік тәсілдері бар этиканы пайдаланады.
Көрнекті педагог В. А. Сухомлинский «Сабақ жасөспірімдердің интеллектуалды өміріне құр ғана сабақ болып қоймас үшін, ол қызықты болуы шарт. Осыған қол жеткенде ғана мектеп жасөспірімдер үшін рухани өмірдің тілеген ошағына, мұғалім осы ошақтың құрметті иесі мен сақтаушысына айналады» — деп айтқан. Өйткені, жай ғана сабақ құнарсыз тағам секілді адам бойына жұқпайды. Қызықты сабақтар мұғалімнің ашқан жаңалығы, әдістемелік ізденісі, қолданған әдіс-тәсілдері арқылы ерекшеленіп, оқушылардың белсенділігін арттырып, олардың жүрегінен орын алады.
- Шығармашыл мұғалім – зиялы тұлға. Оның сыртқы келбеті ұқыптылық пен жарасымдылықпен сипатталады, педагогикалық әдебі жоғары, басқаны түсіне біледі. Прогрессивті алдыңғы қатарлы ойларды уағыздаушы, сыни ойлау деңгейі жоғары, өзгенің ойын, өзгенің пікірін құрметтей біледі, ұстамды. Өз білімін тұрақты көтеріп отырумен жүйелі айналысады, өз жұмысына рефлексия жасауға қабілетті. Эрудициясы, жалпы мәдениеті жоғары, эстетикалық талғам және көркемдік мәдениеті жинақталған. Ол саясаттағы, ғылымдағы, өнердегі барлық жаңалық пен озық ойларға қызығушылық танытып отырады. Зиялы тұлға ретінде өз бойына адамзат мәдениетіндегі ең жақсы үлгілерді жинақтайды.
- Шығармашыл мұғалім – рухани бай тұлға. Оның рухани байлығы алдымен балаға деген махаббатында, жоғары адамгершілігінде және арлылығы мен ұяттылығында байқалады. Өмірдің мәнін және мақсатын түсінуге, өзінің кәсіби орынын анықтауға ұмтылыста оның руханилығы көрінеді. Ол әлемдегі және адами қарым–қатынастағы сұлулықты өте жоғары сезінгендіктен онда эмпатия және талдай алушылық жоғары дамыған. Өсіп келе жатқан баланың ішкі жан-дүниесінің байлығын түсінуге үнемі тырысатындығы оның өзінде планетарлық ойлауды дамытуына негіз болады.
- Шығармашыл мұғалім — жаңашыл тұлға. Ол бірсарындылық пен біртүрлілікті қабылдамайды, сондықтан жаңалыққа жаны құмар. Шығармашылыққа деген мотивтері жоғары болғандықтан ойлап табу, тудыру, жасап көру – оның күнделікті кәсіби жағдайы.
- Шығармашыл мұғалім – еркін тұлға. Оның еркіндігі өмірдегі, кәсіби әрекеттегі мәдени әлемдегі өз орнын анықтай алу қабілетінде жатыр. Оның ойлау, пайымдау және әрекеттену еркіндігі жеке кәсіби жауапкершілікті сезінумен сәтті байланысады. Рухани және материалдық құндылықтар әлемінде еркін бағдарлай алады, педагогикалық, пендешілік догмалардан еркін. Ол өз ісіне өте жауапты, кейде тіпті тәуекелді талап ететін шешімдерді өз мойнына алады. Өзінің өмірлік позициясы, ұстанымы бар.
- Шығармашыл мұғалім – ізгілікті тұлға. Оның ізгіліктілігі, қайрымдылылығы, барлық тіршілік иелеріне, ең алдымен балаларға деген сүйіспеншілігінен байқалады. Ол кезкелген уақытта өз оқушыларына, жалпы балаларға көмекке келуге әзір. Өзгеше ойлайтын адамдарды құрметтейді, өз көзқарасына сәйкес келмесе де ол адамдардың қалыптан тыс ойларын түсінуге деген төзімділігі шексіз. Әртүрлі ұлт, дін, мәдениет өкілдеріне бірдей сыйластықпен қарайды. Оның тек оқушылармен ғана емес,ата-аналармен, әріптестерімен ынтымақтаса алу қабілеті зор.
- Шығармашыл мұғалім – азаматтық белсенді тұлға. Ол айналасында (ауылында, қаласында, елінде) болып жатқан жағдайларға бей жай қарамайды, ол жағдайларға үнемі өзінің қатысын білдіріп отырады. Қоғамдық өмірдегі өзінің азаматтық рөлін дұрыс түсінетін, саяси сауаттылығы жоғары маман. Оқушыларын да өмірдегі өзгерістерге сын көзбен қарап, объективті бағасын беруге, кемшіліктерге төзімсіз болып, түзету үшін үлестерін қосуға тәрбиелейді.
- Шығармашыл мұғалім – бәсекеге төтеп беретін тұлға. Жаңа заманға сәйкес педагогикалық қызмет көрсету аясы кеңейген уақытта шығармашыл мұғалім өзінің шеберлігін үнемі арттырып отырады, өзінің жетістіктері мен кемшіліктері жайлы өзіндік бағасы бар. Әлсіз тұстарын жетілдіру үшін озық тәжірибені шығармашылықпен қолдану, педагогикалық жаңалықтар кешенінен қалмауды басты назарда ұстайды. Жаңа технологияларды меңгеру, қолдану арқылы өз ісінің нәтижелі болуына талпынады.
- Шығармашыл мұғалім – мәдениет адамы. Ол белгілі әлеуметтік мәдени ортада өмір сүріп, еңбек етіп жатқандықтан сол ортаның өнерін, тұрмыс-салтын, мәдениетін бойына сіңірумен қатар, оны құрметтеп басшылыққа алады. Өзінің жалпы мәдениетін көтеру – оның айнымас өмірлік қағидаларының бірі.
Осыған орай шығармашылық әлеуеттің акмеологиялық сипаттамасы:
- Кәсіби қызығушылықтардың жаратушылық бағыттылығы;
- Жаңашылдық әрекетке деген қажеттілік;
- Инновацияға бейімділік;
- Жалпы және кейбір арнайы интеллектінің жоғарғы деңгейде болуы;
- Ассоциациялық байланыстарды қалыптастыруға деген бейімділік,
- Жақсы дамыған елестете алушылық;
- Мінез-құлық пен әрекетті реттеп отырудағы күшті жігерлік;
- Дербестік;
- Өзінің ахуалын басқара алушылық, әсіресе шығармашылық белсенділігін ынталандыра білушілік.
Шығармашыл тұлғаның ерекше қасиеттерінің қатарына педагогикалық импровизацияны жатқызамыз. Педагогикалық импровизацияны (суырып салмалық деуге де болады деп ойлаймыз). А.К.Маркова «күтпеген педагогикалық шешімдерді тауып, оны жүзеге асыра білу» деп түсіндіріп, оның төрт кезеңнен тұратынын атап көрсетеді: 1) педагогикалық ойдың жарқ етуі; 2) педагогикалық мақсаттың мәнін бір сәтте ұғынып, оны жүзеге асырудың жодарын жылдам таңдай алу; 3) педагогикалық идеяны жұртшылық алдында нақтылы түрде көрсете алу; 4) ой қорытып, көрсеткен педагогикалық идеяны тез арада талдай білу;
Жаңалық ашу өздігінен келе салмайды, оған алдын-ала жасаған қажырлы еңбек құлшындырады десек, дәл сол сәтті шабытты шақ деп сипаттауға болады. Шабыт – адамның рухани күштерінің ширығып өрлеуі, шығармашылық толғанысы. Шабыт жаңа туындының пайда болуына бастайды.
Педагогикалық шығармашылықтың орын алуына септігін тигізетін тағы бір мәселе — мұғалімнің әртістік қасиеті. Мектеп, әрине, театр емес. Дегенмен мұғалім үнемі халық алдында тұратын танымал адам. Олай болса ол аудиторияны меңгере алуы, иландыра білуі, шабыттандыра алуы тиіс. Әртістік қасиет – педагогтың «образға ене алуы», сыртқы келбетінің тартымдылығы, тілінің түсініктілігі, көркемдігі, жатықтығы, мимикасы мен қимыл қозғалысының айтылып жатқанға сәйкестігі. Әртістік – образдармен ойлай алу, ашықтық, жағдайға терең эмоцианалдық шому, ішкі және сыртқы мәдениет, өзіне тарта алушылық.
Мұғалімнің рефлексиялық қызметінің мақсаты: педагогикалық әрекеттің негізгі компоненттерін есіне түсіріп, олардың мәнін, алынған нәтиженің «дұрыс» не «бұрыс» болғанын дәлелдей алу, қолданылған әдіс пен құралдардың тиімді не тиімсіз болғанына байланысты өзіндік көзқарасын білдіру. Орындалып өткен әрекеттің нәтижесін зерттеу. Тек қана сонда ғана алдағы жұмыстарда дұрыс мақсат қойып, алға қарай шығармашылықпен жылжудың жобасын жасау мүмкін болады.
«Рефлексия» — адамның өз істерінің мәнін түсіну, олар туралы ойлану барысында өзіне өзінің нені, қалай жасағаны туралы толық және анық есеп беруі немесе өзі әрекет барысында басшылыққа алған ережелер мен кестелерді мойындауы не жоққа шығаруы. Бұдан басқа да рефлексия жайында айтылған философиялық ойлар негізінен «адамның өзіне бағытталған зерттеу жұмысы», «өзіңнің ақылың мен рухыңды өзіңнің бақылауың» дегенге келіп саяды.
Психологиялық мұғалімнің шығармашылығын дамытудың қысқаша формуласын «тәжірибе + сол тәжірибенің рефлексиясы= даму» түрінде ұсынады. Г.С. Сухобская мен Ю.В: Кулюткин екеуі бірлесе жазған педагогика оқулығында бұл үрдісті сипаттай отырып, оның мұғалімнің кәсіби әрекетінің өн бойында мына төмендегідей жағдайда байқалатындығы
айтылды: біріншіден – мұғалімнің оқушының ойын, сезімдері мен іс-қимылдарын түсіну бағытындағы әрекеттесуінде; екіншіден – оқушылардың жас ерекшеліктері, даму мүмкіндіктерін ескере отырып оқыту үрдісінің мақсаттарын анықтау мен жобалауда; үшіншіден – оның өз әрекетін, сол әрекеттің субьектісі ретіндегі өзін талдауда. Тек сонда ғана мұғалімнің педагогикалық әрекетінде шығармашылыққа жол ашылады.
Рефлексияның мәні – адамның өзінің білімін, білімнің негізін, оларды меңгерудің жолдарын анықтау. Рефлексияны ойлау, ес, сана сияқты танымдық үрдістер адам табиғатына тән болғандықтан олардан бөліп қарауға болмайды.
Мұғалімнің шығармашылық әлеуетінің дамуы үшін оның әдіснамалық рефлексия жасай алуының мәні зор. Бұл – мақсаткерлікті талдай алудан басталады. Өзінің нақты жағдайы мен болашағының бағытын саралай, аралық мақсаттарды анықтай алумен сипатталады.
Шыңғыс Бекенов,
«ӨРЛЕУ» БАҰО АҚ филиалы
Қызылорда облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институты
МКДППҚЕ кафедрасының аға оқытушысы
педагогика ғылымдарының магистрі