Home » Мақалалар » ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТҰЛҒА ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ НЕГІЗІ

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТҰЛҒА ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ НЕГІЗІ

Жас ұрпаққа сапалы білім мен ұлағатты тәрбие беру, өміріне жолдама алуына барлық жағдай жасау үшін білім беру ісін әлеуметтендірудің маңызы зор. Қазіргі уақытта мектеп реформасына көптеген бір жақты өзгерістер енгізіліп, мектеп ісінің ішкі-сыртқы жүйесі түгелімен өзгеріп келе жатқаны белгілі.

Жаңа мазмұндағы білім жүйесін мектеп өміріне енгізуде мұғалім педагогикалық, психологиялық, философиялық, физиологиялық және т.б. ғылым салаларының тиімді зерттеу нәтижелері мен әлемдік озық тәжірибелердің алдыңғы қатарлы идеяларын басшылыққа алады. Жаңа кезендегі мұғалімнің шығармашылық іс-әрекетінің мазмұны зерттеушілік қызметпен, жеке ізденістерден, оқушымен, ата-анамен тығыз ынтымақтастықтан тұрады.

Жеке тұлға қабілеттеріне бағытталған оқыту процесі әр педагогтің өзіне, өз ісіне және өзге деген жауапкершілігі артып, оқушымен қарым-қатынасын берік сенімге негіздегенде ғана игі нәтижесін байқатуы мүмкін.

Мұғалімнің кәсіптік зерттеушілік позициясы өз кәсібін шығармашылық деңгейде жетік менгерген кезде ғана айқындала түседі.

Қазіргі ғылым мен техниканың қарыштап өсуі мен ел экономикасының қарқынды даму үстіндегі кезеңде адамдардың көзқарасының заман талабына сай өзгере бастағаны олардың өмір сүру дәстүрінен анық байқалады. Бұл – әлемді қамтыған жаһандану дәуірінің бастапқы көрінісі. Қоғамдағы түрлі өзгерістер мен ондағы адамдар тіршілігіндегі маңызды мәселелер білім саясаты арқылы ғана шешімін тауып жатады.

Білім беру жүйесі – әр елдің даму болашағын айқындайтын, әлемдік өркениетке жетуде негізгі бағыттарын көрсететін біртұтас құрылым.

Жалпы орта білім беру құрылымын жаңарту білім беру процесіне қатысушылардың талабын, мүмкіндігі мен қызығушылығын толық ескеруді, оқушыға берілетін білімді қоғамның қазіргі әлеуметтік-экономикалық сұранысына сәйкестендіруді, білім беру тәсілдерін оқушының өз бетімен білім алуына бағыттауды, оқушының өз іс-әрекетіне басшылық жасауға жетелейтін негізгі құзыреттіліктерін қалыптастыруды, жеке тұлғаның дербес дамуын қамтамасыз етуді көздейді.

Біздің еліміздегі қалыптасқан білім жүйесі академиялы, түбегейлі деп бағаланатынын айта кетуіміз керек, бірақ жыл асқан сайын оқу бағдарламалары бойынша 11 жылда берілетін білім көлемінің ауқамдылығы оқу жүктемесінің шектен тыс көбеюіне әкеліп, білім сапасы мен оқушылар денсаулығына кері әсерін тигізіп отыр. Қалыптасқан бұл жағдай оқушылардың оқуға ынтасын да төмендететінін тәжерибеден байқап жүрміз.

Осыған орай қазіргі білім беру тәжірибесінде білім көлемін жинақтай отырып, оқу материалын жеңілдетуді, сондай-ақ құзырлыққа жетуге бағдарланған білім мазмұнын қарастырып отырмыз. Бүгінгі таңдағы еліміздің білім ұйымдарының басты міндеті – баланың денсаулығына жағымды ықпал етуді көздейтін білім беру ортасын құру.

Бүгінгі біз өмір сүріп отырған уақыт кезеңі өткен ұрпақтың заманына мүлдем ұқсамайды. Бала болашағы оның жаңа тұжырымдарды түсінуі мен қабылдай білуіне, дұрыс таңдау жасауына, бүкіл өмір бойына өзгермелі жағдайларға тез икемделе білу қабілетіне байланысты болмақ.

Осыған байланысты мұндай тұлғаға қойылатын бірінші кезектегі нақты талаптар: ойлылық, салмақтылық, белсенділік, әлеуметтік жауапкершілік, терең білімділік, кәсіби сауаттылық, т.б. Олар оқушының бойында қалыптасатын түпкілікті құзыреттерін айқындауға тікелей мұрындық болады.

Қазақстан Республикасының әлемдік өркениетке кірігуіне қатысты білім беру саласына қойылып отырған заман талабы – шығармашылықпен жұмыс істей алатын, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеп қалыптастыру.

Білім берудегі негізгі мақсат тек білімді, кәсіби мамандырылған адам дайындау ғана емес, рухани дүниесі бай және адамгершілігі зор, қоғамдық өмірдің барлық аясында ұлттық құндылықтарды бағалауға және дамытуға қабілетті тұлғаны қалыптастыру екенін білім мазмұнын таңдауда қатаң ескерілетін мәселе екенін баса айтқан жөн. “Тұлға” – адамның келешек өмірінің қалыптасу жобасының келбеті. Адам тәрбие негізінде жетіліп, қалыптасады. Адам болашағын шешетін де тәрбие екендігі ежелден белгілі, көңілде жатталған ұлы түсінік болғанымен, оны педагогикалық-психологиялық тұрғыдан келгенде “қалай жүргізу керек, қалай ұйымдастыру керек?” деген мәселе күн тәртібінен түспейтіні ақиқат. Адам өмірінде тәрбие мәңгілік категория болса, оны ұйымдастыру, жүзеге асыру еш уақытта ескермейтін, қайта уақыт озған сайын жаңарып, әрбір кезеңнің өз талабына сай жетіліп отыратын үздіксіз процесс деп түсінеміз. Демек, бұл процесте жеке тұлғаның психологиялық даму ерекшеліктеріне жете көңіл бөлу қажет екенін ғалымдар дәлелдеп отыр.

С.И.Ожегов сөздігінде: “Жеке тұлға – адам қандай да бір қасиет, қабілет тасушы” ретінде қарастырылады.

Тәрбиенің өзекті мәселесі – білім негізінде жеке адамның ғылыми көзқарасын қалыптастыру арқылы адамдардың өндірістегі, қоғамдық тұрмыстағы қарым-қатынасын қалыптастыру екені белгілі. Ал осы жеке тұлғаны қалыптастыру білім беру мен тәрбие процесінде жүзеге асырылатындықтан, білім мазмұнын таңдауда әр баланың жеке тұлғалық ерекшеліктерін ескеру мәселесі тереңірек, нақтырақ қарастырылуы қажет болады.

Ал “құзырет” – оқушының жеке және қоғам талаптарын қанағаттандыру мақсатындағы табысты іс-әрекеттеріне қажетті білім дайындығына әлеуметті сұраныс. “Құзыреттілік” – сәйкес құзыретке ие болу негізінде іс-әрекетті жүзеге асыру қабілетінде байқалатын тұлғалық қасиет (немесе тұлғаның өзара байланысқан қасиеттерінің жиынтығы). Оқушылардың негізгі құзыреттілігі ретінде: құндылық-бағдарлық, жалпы мәдени, оқу-танымдық, ақпараттық технологиялық, әлеуметтік-еңбек, коммуникативтік, өзін-өзі тұлғалық дамыту құзыреттіліктері белгіленген. Яғни, мектепте алған терең білімдерін болашақта пайдалана білуге бағытталған іс-әрекеттерді жүзеге асыру қабілеттерін дамытуға күш салуымыз керектігі баса айтылған. Демек бүгінгі таңда құзыреттілік тұрғыда білім мазмұнын таңдау, білім берудің мақсаты мен міндетін, нәтижесін айқындауда дәстүрлі бағыттармен тікелей байланыста бола отырып, білім берудің жетекші парадигмасына айналуда.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасы 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы. Астана, 2004ж.
  2. К.Ж.Аганина “Құзыреттілік тұрғылар негізінде білім мазмұнын жетілдіру” // 12 жылдық білім журналы. 2006, N5, 7-9б.
  3. Ә. Қисымова “Жан-жақты білімді ұрпақ тәрбиелеу –бүгінгі күннің өзекті мәселесі” // Педагогика мәселелері. 2006, N1-2, 89-93б.
  4. Қ.Қ. Шакаримова. “Рухани дамыған, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеудегі құндылық бағдардың маңызы”// Білім. Алматы 2007, N5, -49б.

Әлімбетова Салтанат Сейтханқызы

Таскараева Қалбибі Ахметовна

«Өрлеу»БАҰО» АҚФ ОҚО бойынша ПҚБАИ «Инновациялық технологиялар мен жаратылыстану-ғылыми (гуманитарлық) пәндерді оқыту әдістемесі» кафедрасының аға оқытушылары

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.