Май ауданында білім беру мазмұнын жаңарту аясында бастауыш 2-сынып мұғалімдері қазақ тілінен қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмалар жинағын құрастыруға кірісті. Аталған тапсырмалар жинағы мұғалімдерге 2-сынып білім алушыларына «Қазақ тілі» пәні бойынша қалыптастырушы бағалауды жоспарлау, ұйымдастыру және өткізуге көмек құралы ретінде ұсынылатын болады. Жинақ тапсырмалары оқу
бағдарламасы мен оқу жоспарының негізінде дайындалуы тиіс. Бағалау критерийлері мен дескрипторлары бар тапсырмалар мұғалімнің ұқсас тапсырмаларды құрастыруына, іріктеуіне, білім алушылардың оқу мақсаттарына жету бойынша сындарлы (конструктивті) кері байланыс беруіне көмектесетін үлгілер болып табылуы тиіс.
Жинақта ұсынылатын сипаттама білім алушылардың қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін есепке ала отырып, тапсырмаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге, бейімдеуге мүмкіндік береді.
Жинақ бастауыш сынып мұғалімдеріне, әдіскерлерге, критериалды бағалау бойынша өңірлік, мектеп үйлестірушілеріне және басқа да мүдделі тұлғаларға арналады. Жинақты дайындау барысында ресми интернет-сайттарынан алынатын қолжетімді ресурстар (суреттер, мәтіндер, бейне-аудиоматериалдар және т.б.) қолдануға болады.
Қысқы демалыс кезінде құрастырылған жинаққа экспертиза жүргізілетін болады.
Л. Теміртасқызы,
Білім айнасы,
Павлодар облысы