Home » Балабақша » ШЫНЫҒЫП, ШЫМЫР БОЛУДЫ «ШҰҒЫЛАДАН» ҮЙРЕНЕЙІК!

ШЫНЫҒЫП, ШЫМЫР БОЛУДЫ «ШҰҒЫЛАДАН» ҮЙРЕНЕЙІК!

Астана қаласы әкімдігінің №67 «Шұғыла» балабақшасы МКҚК 2013 жылдың 2 ақпанында іске қосылып, бүлдіршіндерге құшағын айқара ашқан болатын.
Осы мектепалды мекемені 2015 жылдан бері еңбек жолын тәлімгерліктен бастап, бүлдіршіндерді тәрбие мен білім нәріне сусындатып, осы мекеменің дамуына аянбай еңбектеніп келе жатқан білікті де білімді маман — Фарида Аманкелдіқызы Даримова басқарып келеді.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаттары мен бірнеше мақтау қағаз, сертификаттарға қол жеткізген Фарида Аманкелдіқызының өмірлік ұстанымы — сапалы білім, саналы ұрпақ тәрбиелеу, отбасының ұйытқысы болатын ата өсиетімізді сақтау.
Бес жылдық тарихы бар бұл мектеп-алды мекемесінде балалардың жас ерекшеліктеріне қарай құрылған 12 топта 240 бала тәрбиеленуде. Аталмыш балабақша жыл сайын жүзден астам бүлдіршінді мектеп табалдырығын аттауға шығарып салады.
Дана халқымыз бала тәрбиесіне көп көңіл бөлгені белгілі. Ұрпақ бойына рухани байлық пен адами қасиетті дарыта білу кез-келген адамның қолынан келмейтіні анық. Ол Ф.Даримова сынды жүрегі мейірімге толы, балаға деген сүйіспеншілігі мен махаббаты шексіз мамандардың ғана атқара алатын ісі.
Ағымдағы жылдың 18-сәуірінде №67 «Шұғыла» балабақшасы «Мектеп жасына дейінгі балалардың бойында салауатты өмір салтының қалыптастыру жолдары» атты тақырыпта қалалық семинар өткізді.
Бүлдіршіндердің бақыт мекенін басқаратын Фарида Амангелдіқызы Даримова семинар шымылдығын аша отырып, оны өткізудің мақсат-міндетімен, балабақша қызметкерлері мен өскелең ұрпаққа берер пайдасын тілге тиек ете келе, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының кластер бағыты бойынша педагогтармен іс-тәжірибе алмасуды мақсат еткен аталмыш шараға Астана қаласындағы бірнеше балабақша меңгерушілері мен «Білім айнасы» газеті тілшілері, сондай-ақ, ата-аналар қауымы мен бүлдіршіндер қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты — балалардың бойында қимыл-қозғалыс дағдылары мен ептілігін дамытудың дәстүрден тыс жолдарын оқыту мен тәрбиелеу процесінде енгізу болатын.
Яғни, хабарламалар, слайд материалдары арқылы бала өмірін қорғау, денсаулығын сақтау мақсатында ата-аналармен бірлескен жұмыс түрлерін жүргізу. Салауатты өмір салты негіздеріне баулу.
Шара құммен сурет салу өнерімен жалғасты. Астананың көркем келбетін құммен айшықтаған балабақша қызметкерінің өнері көпшілікті тәнті етті.
Аталмыш балабақша әдіскері Рахиля Кучербаева «Мектеп жасына дейінгі балалардың бойында салауатты өмір салтының дағдыларын қалыптастыру жолдары» атты тақырыпта тағылымды слайд-презентациясын көпшілік назарына ұсынды.
Ал психолог Н.А. Жолымбетова «Бір шаңырақ астында» ұйымдастыру жаттығуы» деген тақырыптағы баяндамасымен таныстырып, келген қонақтар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап берді.
Тапқырлық тапсырмаларды шешу бойынша ұйымдастырған керемет логикалық ойын көпшілік көңілінен шықты.
Балабақшаның дене шынықтыру нұсқаушысы Д.К. Оралбай балабақша бүлдіршіндерімен «Гимнастикалық көңілді жаттығулар» жасап, қонақтарға тың серпін мен сергу сыйлады.
Тәрбиеші А.Т. Алимбетова өзінің кішкентай көмекшілерімен ұйымдастырған «Дені сау бала- бақытты ата-ана құшағында» атты  шындық пен әрекеттен құралған токшоуын көпшілік назарына ұсынды. Мұнда ата-аналардың еркімен шындық немесе әрекеттің бірін таңдату арқылы, оларға нақты сауал қойып, шындыққа көз жеткізді.
Яғни, бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлінуі, зиянды өнімдерді қаншалықты тұтынатыны, ұялы байланыстың адам ағзасына зиянды екенін біле тұра оны баланың көңілін аулау үшін пайдалануға беретіні жайлы кішкентай бүлдіршіндердің ата-аналар тарапына қойылған сұрақтары расында да ата-аналарды біраз тығырыққа тіреді. Сауал жолдау арқылы біраз шындықтың шегіне жеткен ток-шоу әсерлі де шынайы шықты.
Психолог Н.А. Жолымбетованың ұйымдастырған «Жақсы көңіл-күй – денсаулық кепілі» атты ойыны қонақтар мен бүлдіршіндерге ғажап көңіл-күй сыйлады.
«Гигиена және біз, әрқашанда біргеміз» атты тақырыптағы тәрбиеші А.С. Дәулетбаеваның бүлдіршіндермен бірігіп көрсеткен музыкалық сахналық қойылымы адамды тазалыққа, гигиеналық талапқа жетелей түсті. Аталмыш қойылым арқылы әр баланың санасында тазалыққа деген сүйіспеншілік орын алды.
Бағдарлама бойынша музыка жетекшісі А.Х. Әбілбекованың сүйемелдеуімен «Бала тілі-бал» деп атаумен балалар шығармашылығынан базарлық болды.
Тәп-тәтті бүлдіршіндер түрлі жемістің кейпіне еніп, психологиялық ойын ұйымдастырып, тартымды тақпақтарын тарту етті.
Тәуелсіз елде балғын балалықтың бал шырынын татып өсіп жатқан өскелең ұрпағымызға қарап, тәубе дестік.
Релаксациямен жалғасқан шара семинарға қатысушылардың пікір алмасуына ұласты.
Фарида Аманкелді-қызы басшылық ететін балабақша ұжымы ұйымдастырған шарадан қатысушылардың көкейге түйгені көп болды.
Бәрінен де «Шұғыланың» шұғыла шашқан тәрбиешілерінің жан-жақтылығы тәнті етті. Бақша қызметкерлерінің әмбебап өнері қатысушыларды қайран қалдырды.
Салауатты өмір салтын қалыптастыруға жетелеп, ұтымды шара ұйымдастырып, оны көпшілік назарына ұсынып, әріптестерімен бөліскен балабақша тәрбиешілеріне жиналған қауым зор ризашылықтарын білдірді.
Шара барысында №7 «Аққу» балабақша меңгерушісі Айман Жұматаева бастаған бірнеше балабақша меңгерушілері мен келген қонақтар өздерінің алған әсерлерімен бөлісе келе, балабақша ұжымына толағай табыс, жемісті еңбек тіледі.
Балалар үшін барын жасап жатқан «Шұғыланың» қадамына біз де сәттіліктер тілейміз!

Гүлжазира ЕРТАСОВА,
“Білім айнасы” газетінің Бас редакторы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Астана

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.