Home » Жаңалықтар » Шымкентте білім беруді автоматтандыру қарастырылды

Шымкентте білім беруді автоматтандыру қарастырылды

Шымкенттегі «Фронт офис» орталығында білім беру саласындағы реформалар туралы жиын өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Білім жүйесін автоматтандыру» тақырыбында ұйымдастырылған шараға «Мектепішілік электронды бақылау жүйесі» SCC компаниясы мен «Баланы балабақша мен 1 сыныпқа электронды түрде орнату мен қабылдау жүйесі» КДС Азия компаниясының және «Мұғалімдерді электронды түрде тағайындау жүйесі» IT-invest group компаниясының өкілдері қатысып, өз жобаларын таныстырды.

Естеріңізге салар болсақ, Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасына сәйкес, қаланың білім беру мекемелерінде мектепішілік электронды бақылау жүйесін, балабақша мен мектептің бірінші сыныбына баланы электронды түрде орнату жүйесін және мұғалімдерді электронды түрде тағайындау жүйесін енгізу мақсаты қойылған болатын. Мектепішілік электронды бақылау жүйесі оқушы-ата-ана-мектепті қамтыған үш жақ арасындағы байланысты нығайтып, оқушылардың оқу үлгеріміне, мектептен тыс уақытын бақылауға оң септігін тигізеді деп күтілуде.

Балабақша мен мектептің бірінші сыныбына баланы электронды түрде орнату жүйесі арқылы, ата-аналарға, барлық мектептер мен мұғалімдер туралы мағлұматты бір тізімде көру және салыстыру арқылы ең тиімділеріне өтініштерін электронды түрде беруге және бақылауға болады. Сонымен қатар, ата-аналарға балаларын тұрғылықты тіркелу мекен-жайына тәуелсіз түрде, қалауындағы мектепке арнайы бөлінетін квоталық орындарға түсіру мүмкіндігі туады. Әрі, ізденушінің тұрғылықты тіркелген мекен-жайына қарасты мектепті анықтау мүмкіндігі беріледі.

Мұғалімдерді тағайындаудың электронды жүйесі арқылы үміткерлер, мектептерде пайда болған бос орындарға өтініштер мен тиісті құжаттарын электронды түрде тапсыра алады. Осы арқылы бос орындардың саны мен үміткерлердің тізімі электронды порталда жарияланатын болады. Жүйе арқылы үміткерлердің бос орынға тағайындалу конкурсының ашықтығы қамтамасыз етіледі. Енгізіліп жатқан инновациялық жүйелердің қолданылуы, қала әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелер тарапынан, тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді көрсететін, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында қазан айында ашылған «Фронт-офис» қызметінің аясында жүзеге асырылатын болады.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.