Home » Білім және тарих » «Шу» атауы қайдан шыққан?

«Шу» атауы қайдан шыққан?

                                                             Сөз басы

Бүгінде қара теңіздей тұнып жатқан тарих тылсымына сәл үңілсек, небір шежірелі кезеңдер алдыңнан атойлап шығып, туған жер – тербеген бесігіңнің қадір-қасиетін көз алдында асқақтатып жібереді; басқаны  былай қойғанда қазіргі қуатты, байтақ жерде мекендеген қазақ деген азулы халықтың небір тарихи шежіресінің көзі тірі куәгері де болып шыға келеді. Ал, біздер осы жайында не білеміз? Жалпы өзен, өлке, қала неге «Шу» деп аталған? Екі әріптен ғана тұратын географиялық атауының астарында қандай сыр жатыр? Тіпті осы Шуды жас қаланың санатына жатқызуға бола ма? Осылайша «Шу»  десең бес қолдың саласындай алдыңнан жамырап шыға келетін сансыз сұрақтарға енді жауап іздеп көрелік.

Осы өлкенің төл перзенті ретінде аталған сауалдар мен үшін де тілсіз тылсым, ашылмай жатқан алтынды көмбе сияқты. Алдыңда осының бәрін айтып беріп тұрған шежірелі қартың, жазулы хатың болмаған соң лажсыз ғылыми еңбектерге жүгінесің. Сондағы қолымызға бірінші түскені «Қазақ энциклопедиясы» болды. Онда: «Шу –Қырғыстан мен Қазақстан жеріндегі өзен. Ұзындығы -1186км. Тянь-Шань тауынан бастау алатын Жуанарық және Қашқар өзендерінің қосылған жерінен Шу аталады.

Шу – Жамбыл облысындағы қала, темір жол торабы. Облыс орталығы Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласының солтүстік шығысында 225 км, Шу өзенінің  сол жағасында орналасқан. Іргесі Түрксіб темір жолы құрлысына байланысты қаланды. 1937 жылы поселкеге айналды. Шу әсіресе, жаңа «Мойынты-Шу» темір жолы іске қосылғаннан кейін (1953 жылы)  шұғыл дами бастады. 1960 жылы аудан, 1965 жылы облыстық қала болды (12 том,290 бет)»-депті.

Сонда қалай, өзен Ерен қабырғадан (Тянь-Шань тауының бұрынғы аты) тулап, шулап басталғаны үшін Шу атанған ба? Сенбедім!

Тіпті, осыны  бір жолы ақсақалдар жиналған алқалы кеңесте осы сұрақты көпшілікке төтесінен қойып көргенім де бар. Әуелде бәрі тосылып қалды. Сәлден кейін ғана бір батылдау қария: «Шындығында, бұрындары өзеннің қамысы мол болыпты, балам… Тіпті, ішінде жолбарыс жортады екен. Оның үстіне бұл жақтың тентек бораны, долы желі де аз емес. Ну, әрі нар қамыстар әлгіндей желден қатты шуыл шығарады екен, содан Шу атаныпты. Қайдан білейін, бұрынғылардан естігеніміз ғой», — деп барып сөзінің соңын сиырқұйымшақтатты. Басқасы тіс жармады, шамасы алыпқосары жоқ сияқты.

Шындығында, солай ма? Дегенмен, мұнда бір сыр, көңілде бір түйткіл бар сияқты. Осы бір сауал қолдағы жезді қармақты көне, ортағасырлық тарих тылсымына, оның тереңіне жұлқа тартқандай.

Көне Шуды көргендер

Қай тарихи кезенді алсаң да, қай шежірелі еңбектерді ашсаң да ежелден-ақ қойнауына құт-береке дарыған Шу  өзенін, оның өлкесін, елді мекенін айналып немесе аттап өтпеген. Сонау бағзы замандағы  Гомер мен Геродоттан бастап, қазақтың  Ресейге  бодан болуына дейін бұл жермен кімдер өтпеген, оның тұнып тұрған табиғи  байлығына, тамылжыған табиғатына жымысқы саясатпен кімдер көз салмаған десеңші. Сонау  VI-IX ғасыр аралығындағы тарихи жағдайда аз-кем тоқтала кетейік. Осы аралықта «түрік» (Ақсүйек,  шожар деген мағынада) деген термин алғаш рет 542 жылы қолданылып, 552-745 жылдар аралығында Орта Азиядағы шағын  тайпалар одағының негізінде Түрік қағанаты атты іргелі феодалдық мемлекет дүниеге келді. Алайда тақ тұрған жерде бақталастық болмай тұрмайды, бұл мемлекеттің түбіне де осындай өзара қырқыс жеткен. Бұрындары бөліп алып билеуге үйренген бақталастықтың барысында әлгіндей феодалдық мемлекетте екіге жарылды. Бірі Шығыс түрік қағандығы (Орталық Азия, Жетісу, Шығыс Түркістан). Осыншама  әлеуетті аймақтың бауырына басқан Батыс түрік қағанатының орталығы –Шу өзенінің бойындағы Суяб қаласы (қазіргі  Қордай ауданы, «Трудовик» ауылының маңында) болатын.

Сондай-ақ, түрік мұсылмандарының алғашқы Сатұқ  Боғра хан негізін қалаған Қарахан мемлекеті де 940-1212  жылдар  аралығында Әмудария мен Сырдарияның төменгі ағысынан бастап, шығысында Жетісу мен Қашқарға дейінгі өлкеде екі ғасыр бойы билігін жүргізді. Кейінірек Қарахан мемлекеті Жетісу, Шығыс Түркістанды, Шу, Талас, Сырдария алқаптарымен бірге Мауараннахрдың да біраз бөлігін иеленген. Аталған іргелі мемлекеттің де астанасы, мәдени орталығы әуелде Қашқар, кейіннен осы Шу өзені бойындағы  Баласағұн қаласы (қазіргі Шу ауданы, Баласағұн ауылы) болған.

Авторларының деректеріне қарағанда V ғасырда Шу мен Амудария алқабын исседондар (скифтер) қоныстанған. Дәлірек айтсақ, бұл жайында сол кездегі Аристей, Птоломей де деректер қалдырған. Қытай шежіресіне сүйенген берідегі ғалымдар( А.Бернштам, Ғ.Мұсабаев, К.А. Ақышев, Г.А. Кушаев) мұны үйсін тайпасы деген болжам айтады.

Біз көне және орта ғасырдағы түрік қағанатының астанасы, әрі мәдени ошағы болған Баласағұн қаласын тегіннен-тегін қадап айтып отырған жоқпыз. Оның үстіне ғалымдар да ежелгі қаланың тарихи орнын көп іздеді. Мәселен, академик             В.В.Бартольд оны Шу өзенінің бойындағы Тоқмақ қаласының маңында деген. Алайда ондағы археологиялық қазба, зерттеу жұмыстары нәтиже бермеді. Ақыры оның тарихи орны Шу ауданынан, дәлірек айтқанда Шу қаласының маңынан табылғаны белгілі. Міне, осы Баласағұн қаласында есімі күллі Шығыс елдеріне мәшһүр болған екі алып тұлға XI ғасырдың аса көрнекті ақыны, данышпан ойшылы, ғұлама ғалымы, белгілі қоғам қайраткері Жүсіп Хас Хажиб Баласағұн  (Жүсіп Баласағұн)  мен ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, зерттеуші ғалым, белгілі саяхатшы Махмұд ибн ул-Хусайн ибн Мухаммад әл-Қашқари (Махмұд Қашқари) дүниеге келген.

Міне, осындай тарихы мен табиғаты бай Шу, Талас өңіріне де көз тігушілер, тіпті табынушылар аз болмаған. Айталық, Қытайдың ұлы тарихшысы Сыма Цянь бір дерегінде : «Шу – бір үлкен қала. Күн батыста Қытайдан алыс  жерде тұрады, маңайы шөл. Онда тұрушылар өзінің әдеті, заңы бойынша мал өсіретін жүндер (ғұндар)» — десе, белгілі орыс ғалымы Радлов та : « Шу қаласы салынғанда Сайрам , Талас (Тараз), Баласағұн қалалары жоқ болатын» — деген. Дегенмен, Радловтың осы бір тарихи деректі неге сүйеніп айтқаны кейінірек белгілі болады.

Оны айтасыз XІ ғасырда жарты әлемді  жаулап алуға аттанған шығыстың қаһарлы қағаны Шыңғыс тұсында күні ертеңгі қатерлі шапқыншылықтан қауіптеніп, мәмлегерлікпен Қарақорымға аттанған батыс елшілері де тұла бойы тұнған байлық, жер жәннаты Шу мен Таласты көріп таңдай қағысқан. Соның бірі Франция королі IX Людвик мәмілегерлікпен жіберген Вильям Рубрук 1253 жылдың күзінде осы Шу жеріне табан тірейді. Осыдан сәл кейін қос өрімдей қос өзенді Рим папасы IV Иннокентий аттандырған итальяндық Плано Карпини кесіп өтті. Міне, осыдан бастап батыс пен ресейліктердің саяхатшыларынан, мәмілегерлерінен, көпестері мен жиһангездерінен маза кеткен.

Көздері қиырға, көңілдері бұйымға тоймаған олардың  жолжазбалары мен мәмілегерлік есептерінде, басқа да тарихи еңбектерінде Шу атауы жиі ұшырасады. Шу жайында ғұлама бабамыз Мұхаммед Хайдар Дулати деректер  қалдырған. Ол өзінің «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде:  «…Сол күндері Әбілхайыр хан Дешті қыпшақты түгел иеленді. Ол Жошы әулетінің сұлтандарын шабуылдай берді. Керей мен Жәнібек хандар одан қашып, Моғолстанға келді. Есенбұға хан оларды жақсы қарсы алып, Моғолстанның батыс жағынан, Шу өзені тарапындағы Қозыбасыны берді. Олар мұнда тыныш өмір сүріп жатқанда, өзбектер ұлысы Әбілхайыр хан қайтыс болып (1468 жылы) ыдырай бастады. Бұл жерде алауыздық орнап, көптеген адамдар Керей мен Жәнібекке келіп қосылды. Олардың саны екі жүз мың адамға жетті және оларды өзбектер «қазақтар» деп айтатын болды. Қазақ сұлтандарының билігі 1465-1466 жылдан бастап өркендеген. «Алла оны бізден артық біледі», 1533-1534 жылға дейін қазақтар Өзбекстанның көп бөлігіне толық билік жүргізген (105-106 беттер)» — дейді.

Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыз өзінің «Тарих-и Рашиди» атты кітабын 1544-1546 жылдардың шамасында Кашмирде жазған. Осыған қарағанда біздің өлкеміз бен өзеніміздің «Шу» деп аталуы 1253 жылы француз мәмілегері Вильям Рубруктың қолжазбасынан да, Қозыбаста 1456 жылы ­Қазақ хандығының тұсауының кесіліп, бөрілі байрағы көтеріліп, Керей сұлтанды хан көтеруден де әрі де жатыр.

Шу мен Ескендір Зұлқарнайын бітімі

Шу тарихын зерттеуде түркі халықтарының ортағасырлық алып тұлғаларының  бірі Махмұд Қашқаридің «Диуани луғат ат-түрік («Түркі тілдерінің лұғаты») атты ғылыми еңбегінің орны да, жөні де бөлек. Аталған еңбектің құндылығы соншалық, Махмұд Қашқариді турколог ғалым Н.А.Баскаков «Түркі тілдерін өзара салыстыра зерттеудің пионері» десе, А.Н. Самойлович оны «XI ғасырдың Радловы» деген. Махмұд Қашқаридің әкесі барсағандық рудан шыққан адам болған, кейін Қашқар қаласына (Қытай Халық Республикасындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы қала) көшіп барған.

Зерттеуші ғалымдардың есебі бойынша Махмұд Қашқари 1029-1038 жылдар аралығында Баласағұнда дүниеге келген. Өзі де қарахан әулетінен шыққан, өйткені оның әкесі Хусайн бин Мухаммад Мауаранахрды жаулап алушы Барсағанның әмірі Боғра ханның (Харун бин Сулейманның) немересі деп танылған.

Махмұд Қашқаридің түрколог ілімінде аты қандай  биік болса, оның «Диуани луғат ат-түрік » атты еңбегінің де жұлдызы соншалықты жоғары. Ол XI ғасырда Қарахан мемлекеті дәуірінде, яғни ғалымның өзінің айтуына қарғанда 1072-1074 жылдары жазылған мұра. Сол үшін аталған еңбекті зерттеген, ол жайында пікір айтқан ғалымдарды тізімдеп шығудың өзі де оңай шаруа емес. «Аталған еңбекті жазудағы Қашқаридің негізгі мақсаты түркі тілінің мәртебесін жоғары көтеріп, оның араб тілінен ешқандай кемдігі жоқ екендігін дәлелдеу болған»- дейді, ғалым А.Н. Кононов. Сондықтан «Диуани» қазіргі түрік тілдерінің бәріне бірдей қатысты, бәріне бірдей ортақ тарихи мұра деп танылған жөн», — дейді. Мұны қазіргі қазақ тіліне ықшамдап аударған ғалымдар Қ. Бекетав пен Ә.Ибатовтар. Не десе де бұл еңбек Махмұд Қашқариды түркі әлеміндегі ортағасырлық жұлдыздардың біріне айналдырды.

Махмұд Қашқари Баласағұн, Қашқар қалаларында, кейінірек Самарқанд, Бұқара, Нешапур, Мерв және Бағдат қалаларында оқып, әрі Жетісу, Мауараннахр, Хорезм, ал екінші жағы Римге дейін ұланғайыр жерді мекен еткен түркі  текті тайпалар мен елді мекендерді аралап, олардың тұрмыс-салтымен, тілімен, ауыз және жазба әдебиетімен танысады. Осы жайында Диуанидың алғы сөзінде ол: «Мен тәңірдің гүлденген мемлекетті түркілердің топырағында жаратқанын, өмір біліктерімен сол топырақты ғажайып өрнектегенін көрдім. Тәңір оларды түркілер деп атап, асқан сән-салтанатқа ие қылды. Дәуіріміздің хақандарын солардан таңдап, замана құбылысының еркін тізгінін қолдарына ұстатты.

Сондықтан мен түркілердің зерек қабілет иелерінің бірі, әрі ұрыстағы шебер  найзагері болғандығымнан олардың шаһарлары мен далаларын түгел кезіп шықтым. Түрік, түркімен, оғыз, жігіл, яғма, қырғыздардың сөздері мен сөйлеу мәнерлерін зерттеп, қажеттісін пайдаландым. Әрқайсысының тілі мен салты санама әбден қалыптасты. Соларды мұқият зерттеп, арнайы әліппелік тәртіпке келтірдім. Мәңгілік ескерткіш, әрі таусылмас әдеби-көркем мұра болып қалсын деген ниетпен түркі елдерінің сөздігін жасап, кітапқа «Түркі сөздерінің жинағы » деген ат қойдым»- дейді.

Міне, осы кітаптағы «Түркі халықтарының мекен-жайлары мен тау-теңіздері » деген бөлімінде: «Шу – Баласағұнға жақын шаһар», — деп көрсетеді. Сонымен бірге «Түркі халықтары мен тайпалары» деген бөлімінде: «Түркіман-оғыздар. Олардың түрікман деп аталуы жайында мынадай бір аңыз бар»- дей келіп, автор біздер үшін қызықты, әрі тосын тарихи оқиғаны алға тартады: «Зұлқарнайын Самарқандтан өтіп, түркі шаһарларына жол тартқанда түркілердің Шу есімді жас қағаны бар еді. Ол көп қосынға ие болатын. Баласағұнға жақын Шу қорғанын салдырып, өзі басқаратын. Осы қорғанның алдында күн сайын бектердің құрметіне үш жүз алпыс мәрте барабан соғылатын. Бұқаралары одан: «Зұлқарнайын жақындап қалды. Онымен соғысамыз ба, қандай жарлық бересіз?», — деп сұрайды. Бұл кезде қаған Шу Хожент өзенінің бойына қарауыл қойып, Зұлқарнайынның сол өзеннен өтер уақытын хабарлап тұру мақсатымен шолғыншы топ қырық Тарханды жіберген екен. Жасырын жіберілгендіктен, мұны қаған жасағының ешбірі де білмейді. Сондықтан қағанның көңілі орнықты еді.

Қағанның жасанды күміс көлшігі бар болатын. Сапарға шыққанда үнемі өзімен бірге алып жүретін. Көлшікті суға толтырғаннан кейін қаз, үйректер сүңгіп ойнар еді. Қаған Шу «Зұлқарнайынмен соғысамыз ба?» дегендерге сол күміс көлшігін көрсетіп, «Қараңдаршы, қаз, үйректер қандай әсем сүңгиді, ә!» — деп қана жауап қайтарады. Қағанның бұл жауабы қол астындағыларды ойға қалдырыпты. Қаған «Зұлқарнайынмен соғыспайды да, шегінбейді!», — деп күмәнданыпты. Зұлқарнайын өзеннен өтіпті. Шолғыншылар оның өзеннен өткенін сол түні-ақ хабарлапты. Қаған дереу дабыл қағып, түн ортасында шығысты бетке ұстап жолға шығыпты. Қағанның дайындықсыз көшкенінен қауіптенген халық арасында дүрлігу пайда болыпты. Үріккен ел кез келген көлікке міне салып, қағанның соңына еріпті. Сенікі, менікі деместен, әрқайсысы бір-бірінің малын, мүлкін ала беріпті. Таң ата бір жазыққа жетіпті. Ол кезде Тараз, Испиджаб, Баласағұн шаһарлары салынбаған болатын. Ол жерлерде итарқада күнелтетін көшпенділер өмір сүретін…

Қаған Шу Шың жаққа өтіп кетеді де, Зұлқарнайын оның соңынан қуады. Ұйғырларға жақындаған кезде қаған Зұлқарнайынға қарсы тағы бір шолғыншы топ жібереді. Зұлқарнайын да дәл солай істеп, өзінен ілгері қарсы қосын шығарады. Осы екі шолғыншы, барлаушы топ соғысып, Зұлқарнайынның жасағы жеңіліс табады.

Сол соғыс Алтын хан деген жерде болған екен. Бұл тау қазір де солай аталады. Сол жерде Зұлқарнайын қаған Шумен бітім жасасып, сонан соң Ұйғыр шаһарларын салдырған. Біраз сонда тұрып, дамылдайды. Зұлқарнайын шегініп кеткеннен кейін қаған Шу жеріне қайтады. Баласағұнға дейін ілгерілеп, өз есімімен аталатын Шу шаһарын салдырып, тыныш өмір сүреді. Тыныш өмір орнаған сол өңірге ләйлектер қазір жиі тоқтайды. Олар ешқашан мұнда қонбай өтпейді. Сол тыныш өмір күні бүгінге дейін бұзылмай келеді…» Осында аталған қала және басқа да жер-су аттарына Махмұд Қашқаридің өзі былайша түсініктеме береді: Талас-Тараз деген атпен мәшһүр болған екі шаһар. Біріншісі Ұлу, Талас-Үлкен, Талас мұсылмандардың шекарасына орналасқан. Екіншісі Кәми Талас, Кіші Талас деп аталады. Сайрам- Испиджаб аталатын Байза шаһарының қосымша аты Сайрам деп аталады. Алтын хан  Ұйғыр еліне жақын тау. Баурайында көшпелі түркі халықтары өмір сүреді. Зұлқарнайын осы жерде жеңіліс тауып, түркі қағанымен келісім шарт жасасқан. Шың Қытай Улуш-жігіл тілінде ауыл, қыстақ дегенде сөз бар. Баласағұн мен Арғу шаһарларында жасайтын халықтардың тілінде «шаһар» деген мағына білдіреді. Сондықтан Баласағұн шаһары  Кузулуш деп те атала береді. Канд-Оғыздар мен оларға жақын жерлерде жасайтын халықтардың тілінде «Ауыл» деген сөз. Түркі халықтарының көпшілік тілінде шаһар. Ферғана шаһарына Өзкенд деп те ат қойылған. Бұл өз шаһарымыз деген мағынаны білдіреді. Үлкен болғандықтан, Сәмізкәнд деп аталатын шаһарды парсылар Самарқант дейді. Ұйғыр – бір елдің аты   Зұлқарнайын Ұйғыр еліне жақындап келгенде түркі қағаны төрт мың қол қарсы жіберген. Олардың қалпақтарының етектері лашынның қанатына ұқсайды екен. Оқты алдарына қалай атса, арттарына да дәл солай ататын көрінеді. Сонда қайран қалған Зұлқарнайын «Инан хузхуранд» депті. Бұл сөз «мыналар ешкімге мұқтаж болмайды» деген мағынаны білдіреді. Сонан бастап ел Хузхур деп аталып кетіпті. Бертін келе Хузхур сөзі Ұйғыр болып қалыптасқан.

Шаһарлары: Сулми, мұны Зұлқарнайын салдырған. Арғу — екі таудың арасы. Осы сөзден алынып, Тираз (Талас) бен  Баласағұнның аралығындағы шаһарлар да Арғу деп аталады. Себебі олардың барлығы екі таудың арасына салынған. Зұлқарнайын Арғу еліне жеткенде қатты жаңбыр жауып, жол адам жүре алмайтын мибатпақ болып кетіпті. Сонда Зұлқарнайын  парсы тілінде «Айн чекіл аст-Неткен батпақ» депті. Кейін осында қорған салдырып, Чігіл деп атапты. Сонан бастап осы қорғанда тұратын түркі тайпасы да Чігіл  атанып кетіпті. Ескендір Зұлқарнайын Македония елінің біздің жыл санауымызға дейінгі 336-323 жылдардағы әйгілі патшасы, асқақ қолбасшы екендігі баршамызға аян. Жалпы Шу қаласының тарихы туралы тарихшы ұстаз ретінде осындай деректерді оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдім.

 

          Ақылжан   Қарақойшыұлы
№ 80 мектеп-гимназиясы директорының
                                        бейіндік оқыту жұмысы бойынша орынбасары,
тарих пәні мұғалімі
Астана қаласы 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.