Жаймашуақ жаз жетті жүректерге жылуын төгіп. Жыл бойына тынбай еңбек еткен үлкендер мен тоғыз ай бойы білім алып, тәрбиеге сусындаған балалар да мәз-мейрам. Шат-шадман көңіл күйге бөленудің де себебі бар. Өйткені жаз – демалып, тынығатын, күш-қуат жинайтын мамыражай мезгіл. Айнала құлпырып, табиғат ана түрленетін, гүлденетін мезгіл…
Жаз келсе, балалардың тәрбиесі назардан тыс қалады деген сөз емес. Қайта бала біліміне, тәрбиесіне жауапты маман иелерінің жұмысы артады десек артық айтқандық болмас. Олардың қауіпсіздігі, қылмыс жасауға қадам баспауы, сана-сезімінің қалыптасуы, денсаулықтарының нығаюы жаз кезінде де қырағы бақылауда болады. Демалыс басталғаннан білім мен тәрбие беру орындары оқушылардың уақытын демалыс айларында қызықты әрі пайдалы өткізуді мақсат етіп, іс-шараларды қолға алады. Яғни мектеп жанынан лагерлер ашылады, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру және сауықтыру орындары қызу жұмысқа кіріседі.
Биыл да жылдағы дәстүрден жаңылмай, біздің мектептің жанынан ашылған «Балдәурен» жазғы сауықтыру лагерінің ІІ-ауысымы өз жұмысын 1-ші шілдеден бастады. «Балдәурен» лагерінің ІІ-ауысымында «Білімділер» клубы, «Ағылшын» үйірмесі, «Шебер қолдар» үйірмесі жұмыс жасауда. Тәрбиеші мен үйірме жетекшілері бірігіп оқушылардың жазғы шуақты демалысын қызықты өткізуде.
Балалардың жүрегіне ізгілік пен қуаныш сыйлай ашылған жазғы демалыс лагерьлерінде демалушылар бос уақыттарын мағыналы өткізіп, үйлеріне сергіп кетіп қана қоймай, белгілі бір бағытта білімдері мен қабілеттерін жетілдіріп қайтатыны сөзсіз.
Жалғызтал ауылы,
Т.Әубәкіров атындағы жалпы негізгі білім беретін мектебі,
«Шебер қолдар» үйірмесінің жетекшісі
Мұқашова Гүлбақыт Мирасбекқызы