Жуырда мамырдың 18-20 аралығында Шортанбай Қанайұлының 200 жылдық мерейтойына орай жыраудың қадамы тиген жерлерді танып білуге әрі оны өз көздерімен көруге бағытталған экспедиция жасалды. Астана мен Алматы, Қарағанды, Жезқазған әрі жергілікті жерлердің тұрғындарынан құрылған топ мүшелері түрлі сала мамандықтарын қамтиды. Атап айтқанда, белгілі деректі фильмді қоюшы-режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Халила Омаров, шортанбайтанушы, Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР мәдениет қайраткері Кәмел Жүністегі, ҚХА мүшесі, ҚР Білім меценаты, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» Бекзат Алтынбеков, «Астана ақшамы» газетінің аға тілшісі, белгілі журналист Айгүл Уайсова, филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия ұлттық университетінің доценті Нұрлан Мансұров т.б.
Экспедиция мүшелері Шортанбай Қанайұлының тұрған жеріне, қыстағына, бұлағына, сондай-ақ Қанай бұлағына, олармен жақындық әрі туыстық қатынаста болған Базарбек би мен Жанғұтты билердің және Шортанбай жыраудың ән-жырларын жадында сақтап, бүгінгі ұрпаққа жеткізуші Шоқаұлы Анарбектің қабірлеріне барды.
Екі күнге созылған экспедиция мүшелері алғаш Қарағанды облысы Шет ауданында болып, әкімшілік орталығы Ақсу-Аюлы ауданының білім бөлімі тарапынан ұйымдастырылған «Шортанбай жырау тұлғасы: дәуір шындығы және ұлттық дүниетаным» тақырыбындағы мектепаралық конференцияның салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Игі ісшара Шет ауданының орталығында орнатылған Шортанбай жыраудың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастау алды. Соңынан ән мен биге ұласқан ісшарада жыраудың әндері орындалды. Әрі қарай конференция аудан әкімшілігі орталығы Ақсу-Аюлыдағы орта мектепте жалғасты. Онда оқушылар арасында жыраудың өлеңдерін жатқа айту бойынша сайыстар өтті.
Экспедиция Ақсу-Аюлы орталығында бой көтерген музейден жалғасын тапты. Музейге Шортанбай жыраудың пайдаланған заттары қойылған. Айталық, пәуеске, диірмен, леген т.б. Сондай-ақ музейге Шет ауданына танымал тұлғалардың да заттары мен суреттері қойылған.
Одан кейін экспедиция мүшелері Шортанбай жыраудың қабірін зиярат етті. Шет ауданының бас имамы Берік Алпысбайұлы жыраудың әруағына бағыштап Құран оқып, дұға жасады. Қабір басында топ мүшелері бүгінде осы қорымдағы жырауға қойылған белгі тасты жаңарту әрі оның айналасын абаттандыру мақсатында алдағы уақыттарда атқарылатын ісшаралардың жобасын да кеңінен сөз етті. Қабірге қойылатын белгінің қандай болатыны, қайда қойылғаны дұрыстығы, оның шариғи өлшемдерге сай болуы мен заманауи әрі шығыстық нақыштағы бейнеде болуы да қарастырылды.
Келесі нысана жыраудың қыстағы мен өзі тұрған үйдің орны. Топ мүшелері өздерінің іссапарларын көктемнің соңғы күндері, шуақты мамыр айының соңына жоспарлағанымен арқаның салқын самалы мен қыстағы жауған қалың қардың еріген сулары өз сипатын сезіндіргендей болды. Тау бөктерінің тамаша белдемін мекен еткен жыраудың қоныстанған қыстағы мен үйінің орнын көру баршасына нәсіп болмады. Қыста жауған қалың қардың еріген суы тау етегіне жиналып жолаушылардың еркін кезуіне біршама қиындықтар туғызды. Десе де, заманға лайықтап жасалған көліктің арқасында экспедицияның бір тобы аталған мекендерге баруға қол жеткізді. Онда жыраудың қыстағы мен үйінің орнында болып, рәсімдерін алып қайтты.
Екінші күн тарихи маңызға ие көне қорымдар мен мешіттердің орнын зиярат етумен басталды. Алғашқы атбасын тіреген қорым белгілі би атанған Базар би мен оның жұбайының қабірі. Қабір көне стилде тұрғызылған. Дөңгелектеп піскен топырақ пен ұсақ тастардан тұрғызылған қабірдің кесенесі алыстан көрінеді. Бірнеше ғасырды артқа тастаған кесене ауарайының қар мен жаңбырынан біршама сөгілгендігін де көруге болады. Мұндай қабірдің құрылысы өткен ғасырларда кеңінен қолданылғандығын аңғартады.
Экспедиция одан кейін сол өңірге кеңінен таралып, бүгінде арнайы белгі қойылған Қанай бұлағына барды. Бұлақ Шал тау аталатын таудың бөктерінен табылған. Оны кезінде Қанай ақсақал күнкөріске және егін салуға пайдаланыпты. Бүгінде оның салған арықтарының белгілерін әлі де көруге болады.
Ұлы дала ұлдарының келесі бір буыны жыр жеткізушілер деуге осында толық негіз бар. Өйткені топ мүшелері келесі кезекте Шортанбай жыраудың ән-жырларын жеткізуші Шоқаұлы Анарбектің қабіріне барды. Анарбек заманның салқын желіне қарамай жыраудың ән-жырларын жеткізуші ретінде танылды. Ол қылышынан қан тамған кешегі заманда жыраудың әндерін жырлағаны үшін 18 жыл түрмеде отырған.
Келесі бағыт жыраудың нағашысы Нақып қожаның бейітіне қарай бұрылды. Жігіттің үш жұрты болады. Оның бірі де нағашы жұрты. Шортанбай жыраудың нағашысы ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Нақып қожа.
Арқа жерінде келелі іс әрекеттерімен белгілі болған мекендер жетерлік. Соның қатарында экспедиция мүшелері табан тіреген ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында бойкөтерген Ысқақ қалпе мешіті. Мешіт өз заманында талай азаматтардың алғаш сауатын ашқан орынның бірі болған. Өйткені онда медресе орын тепкен. Сол себепті оның маңызы да ерекше.
Екі күндік экспедиция осындай қасиетті мекендерді зиярат етумен шектелген жоқ. Қарағанды мен Астана қалалары жоғары оқу орындарының ғалымдарының сұқбаттарымен жалғасын тапты. Осы атқарылған ісшаралар нәтижесінде алдағы уақытта Шортанбай жырау жайлы деректі фильм дайындалатын болады.
Нұрлан МАНСҰРОВ,
Астана қаласы