Жезқазған қаласының «Тілтану» орталығының тапсырысымен ағымдағы 2018 жылдың 29-шы жұлдызында «№10 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-де қазақтың лиригі атанған Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған «Толғауы тоқсан қызыл тіл» атты қалалық шешендік өнер сайысы өтті.
Мағжан Жұмабаев – бірнеше көркем поэма жазған құлашы кең эпик ақын. Ол өз заманының толғауы күрделі жайларын халқының өткен тарихын жырлау арқылы көрсетуге ұмтылды. Өйткені артта қалған қазақ елін алға жетелеу сол халықтың өз қолынан ғана келмек. Өз шығармаларында кешегі өткен батыр бабаларымыздың ерлігін жырлады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тарих толқынында» кітабында: «Қазақтың асыл перзенті, алты Алаштың ардақтысы, халқы үшін, елінің болашағы үшін жарқырап жанған, күнге ғана табынған, өзіне ғана бағынған, жүрегі мен жаны от, иманы мен ары – от Мағжан Жұмабаевтың поэзия әлеміндегі сәулесі – мәңгі сөнбес жұлдыз, қайталанбас құбылыс!» ,- деп жазды.
Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған қалалық шешендік өнер сайысында Жезқазған қаласының арнайы орта оқу орындары мен ЖОББМ-нен 10 үміткер бақтарын сынады. Сайыс 3 минуттан тұратын «Жұртшылықпен сәлемдесу, өздерін таныстыру» атты бірінші кезеңнен, 5 минуттан тұратын «Қазақтын үш биінің шешендік толғауларынан үзінді оқу» атты екінші кезеңнен және 2-3 минуттан тұратын «Менің Ұлытауым» деген тақырыпта өзіндік ой-толғауларын жатқа оқу» атты 3 кезеңнен құрылды. Шешендік өнер додасына түскен үміткерлер сайыстың кезең-кезеңінде әр түрлі қырларымен көріне біліп, ұстаздар мен оқушылар қауымын тамсандыра түсті.
Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың ақындық, педагогтік, ғалымдық қырларына қоса ән де шығарғандығын біреуіміз білсек, біреуіміз білмеспіз. Қай кезеңде де тыңдаған жанды, шымырлаған нәзік иіріммен бірден баурап әкететін «Дайдидау» әні ақынның төл туындысы. Сайыс барысында «Дайдидау» әні өз нақышында орындалып жұртшылықтың ризашылығына ие болды.
ХХ ғасырдың алып тұлғасы Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған «Толғау тоқсан қызыл тіл» атты қалалық шешендік өнер сайысынң қорытындылау кезеңінде 1-ші орынды №5 ЖОББМ-нің 10-шы «Ә» сыныбының оқушысы Ерғазина Ақниет, 2-ші орынды №7 ЖОББМ-нің 10-шы «А» сыныбының оқушысы Толқынбеков Қазбек, 3-ші орынды Жезқазған гуманитарлық колледжінің студенті Сәменова Аяжан иеленіп, арнайы орта оқу орындары студенттері мен мектеп оқушылары арасындағы көрермен көңілінен шыға білген қалалық шешендік өнер сайысы өз мәресіне жетті.
Берік Рахимберлин
Жезқазған қаласының ішкі саясат бөліміне қарасты жастар ресурстық орталығының маманы