Қазіргі қоғамның қарқынды екпінмен дамуы адамды ауыспалы жағдайларға жедел жауап беру немесе қиын мәселелердің алдында дәрменсіз болу сияқты талғамның алдына қояды. Қазіргі қоғамда білім табыстың және адам өмірінің биік сапасының басты көрсеткішіне айналды. Біздің жаңаша білім беру жүйесінде мектебіміздің қалыптасуы әлемдік жаңа білім кеңістігіне кіруге бейімдейді. Аталмыш үдеріс оқу-тәрбие ісіндегі теориялық және практикалық өзгерістермен қатар жүреді. Бүгінгі таңда білім беру үдерісі мен тіл білімінің алдына қойған мақсаттары оқу ісінде жаңа әдіс-тәсілдерді қолануды талап етеді.
ХХІ ғасырдың ақпараттық қоғамы кәсіби мамандар даярлау сапасына жаңа талаптар қояды. Таңдаған мамандықтар бойынша шығармашылық жұмыс үшін жеткілікті теориялық білім мен практикалық дағдылары жоғарғы деңгейлі қызметкерлер қажеттілігі туады. Қазіргі заманғы білім беру жүйесі жеке тұлғаның танымдық әлеуетін арттыруға, оқуға деген қабілетін өсіруге, білімнің жаңа жүйелерін меңгеру мен жеке тұлғаның шығармашылық қабілетін және оның мүмкіндіктерін кеңейте әрі дамыта отырып, шығармашылығын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, осы арада үлкен жауапкершіліктің мұғалімнің иығына жүктелетінін ескерген жөн. Аталмыш әдіс оқу бағдарламасын жетілдіріп, тиімді жолдарын табуға бағытталған [1, 62].
Шетел тілдерін оқытуда заманауи әдістерді қолдану – заман талабы және жаңа білім беру моділін құру болып табылады. Солардың бірі – Case Study әдісі.
Бұл әдістің Отаны – Америка Құрама Штаттары, дәлірек айтқанда, инновациялық конструкцияларымен жақсы белгілі Гарвард Бизнес Жоғарғы мектебі. Аталмыш әдіс алғаш рет 1924 жылы Басқару пәндерін жергілікті жерлерде жеткілікті беру барысында қолданылды. Қазіргі уақытта екі бірдей классикалық үлгідегі колледждер – Гарвард және Манчестерде іске асырып отыр. Бірінші тәсілді қолданып отырған мектептегі бағдарлау әдісі – жалғыз әрі шынайы шешім болса, екінші мектептегі білім іздеудің, ізденімпаздықтың мақсаты болып табылады [2, 110]. Теориялық әдістердің және олардың тәжрибелік дамуы, авторлық құқықтары америкалық ұстаздарға (Dr.Copeland, JA Erskine, MR Leenders, LA Mauffette – Leenders, Р. Merry) тиесілі.
Кейс әдісі біздің елге ХХ ғасырдың 90-жылдарында тек жалпы пәндер мазмұнының жылдам жаңаруы барысында оқытудың интерактивті әдістерін пайдалану кезінде ғана жетті. Аталмыш әдістің таралуы жолындағы Отандық (Ресейлік) Кейсолог мамандардың – теоретиктер мен практиктердің арасынан Багиев Г. Конишенко Г., Наумов В., Сидоренко А., Сурмин Ю., Шеремет П. атап өтуге болады. Олардың «кейсология» үшін сіңірген еңбектері тым орасан болатын.
Case study – бұл білім беру проблемаларын шешу үшін пайдаланылатын нақты оқыту әдістемесі болып табылады. Жоғарыда аталған Harvard Business School–дың кейстік әдісі оқушылар мен оқытушылардың белсенді іскерлік жағдайларда немесе түрлі мәселелерді тікелей талқылауға қатысатын оқыту әдістемесі ретінде анықталды. Бұл әдістің мәнін түсінуде сыни талдау жасап, нақты жағдаяттардың шешімін іздеу ғажап емес. Case study – бұл жағдайлар сипаттамасы немесе тәжірибені қажет ететін, белгілі бір мәселені қамтитын әдіс түрі. Ол нақты өмірдің аудиториялық бөлігінде енгізіп, әрі оқыту құралы болып табылады [2, 85].
Кейс – күрделі құбылыс, әрі бұл – шынайы бейне мен нақты фактілері бар сипаттамалардың тұрақты жиынтығы. Әр кейстің келесі белгілері болуы тиіс: мәселелік, жанжалдық, рөлдік, жағдаяттық, қызметтік, уақыттық, кеңістіктік. Оқушының міндеті – ұсынылған өмірлік жайттарды түсіну. Ол бұл арқылы тек қана тәжірибелік жұмысты ғана атқарып қоймайды, сонымен қатар өзекті мәселелерді тұжырымдау және белгілі талаптарға сай қандай да бір алғышартты қалыптастыру арқылы мәселе шешімін таба отырып, бұған дейінгі өткен тақырыптарды бір пысықтауға мүмкіндік алады [3, 25].
Кейстік әдістің үлкен мүмкіндіктері мен білім беру мақсаттары бар. Олар төмендегідей жіктеледі:
- Жаңа білімді сіңіру;
- Білім алушының өзіндік сыни және стратегиялық ойлауын қалыптастыру, тыңдауға машықтану, жан-жақты көзқарастармен қатар өз ойын дәлел арқылы жеткізу;
- Қиын және құрылымсыз мәселелерді талдауға машықтану;
- Сананы дамыта отырып, қабылданған шешімге жауапкершілікпен қарау, сөйлесуді үйрену;
- Іс-әрекет дағдыларын дамыту және оны іске асыру;
- Топта жұмыс істеу;
- Мәселеден мейлінше ұтымды шешім қабылдау. Болашақта бітірушілердің өмірлік жағдайларда өздерін сенімді сезінулері үшін сабақ барысында шет тілінің көмегі арқылы ғана шеше алатындай жағдайлар ұсынылуға тиісті.
Кейс әдісін іскерлік ортадағы (іскерлік ағылшын тілі, менеджерлерге арналған ағылшын тілі, экономистерге арналған ағылшын тілі, жарнама саласының қызметкерлеріне арналған ағылшын тілі, қоғаммен жиі байланысқа ұшырасатын мамандықтарға арналған ағылшын тілі) сабақтарда қолдану үшін бірін-бірі толықтыратын мақсаттарды білу керек. Атап айтар болсақ, біріншісі коммуникативті құзіреттілікті (лингвистикалық және мәдени-әлеуметтік) одан әрі дамыту болса, екіншісі білім алушылардың кәсіби қасиеттерін қалыптастыру болар еді. Кейспен танысу, сауалдарға өз бетінше жауап іздеу, сабақ барысында жағдайларды талдау (ағылшын тіліндегі монологтік және диалогтік тіл) – мұның барлығы да коммуникативті міндеттердің мысалдары болып табылады.
Сөйлесу аудиториясында кейс әдісі арқылы оқушы немесе оқытушы ағылшын тіліндегі дискуссия, диспут, дау, салыстыру, басқа сөйлеушіні иландыру стратегиялық тіл мәнерінде ережелер мен нормаларды сақтауы шарт. Оқушының Кейс мазмұны жайында берген жауаптары мұғалім тарапынан төмендегідей бағаланады: талдамалық, басқарушылық, шешім қабылдау шеберлігі, шығармашылығы, ағылшын тілінде ауызша және жазбаша сөйлесу шеберлігі (лексикалық және грамматикалық аспекті). Сол себепті де Кейс әдісі бір мезетте жақсы оқу материалы және оның ағылшын тіліндегі қолдану тәсілдерінен тұрады.
Шет тілдегі сөйлеу қызметі төмендегі ретпен іске асырылады: кейсте кездесетін негізгі ақпаратты талқылау; пікір алмасу және түйінді мәселе бойынша жұмыс жоспарын құру; түйінді мәселемен жұмыс жасау (дискуссия); мәселенің шешімін табу; түбегейлі шешім қабылдау үшін дискуссия; баяндама дайындау; дәлелді қорытынды баяндама.
Ағылшын тіліндегі Case study-ды жоғарғы сынып білімгерлері үшін қолданған жөн. Бұған негізгі себеп: өз ой-тұжырымдамаларын жеткізу үшін білімгерлердің білім қоры болуы керек,
Кейс әдісінің кәсіпқойларының тұжырымдамасы бойынша әр кейс ақпараттың жеке өзіне тән құрылымы болуы тиіс. Сауатты құрастырылған кейсте дәл құрастырылған уақыттық және желілік құрылым болуы керек. М. Линдерс пен Дж. Эрскин кейс әдісін қолдануда бес түрлі кезеңді көрсетеді [4, 59]:
1 кезең. Бірінші кезеңнің мақсаты – кейстің негізгі идеясын анықтау және шешім қабылдауға керек ұйымның орналасуы мен байланыс мәліметтерді іздеу болып табылады.
2 кезең. Байланыс орнату болып табылады.
3 кезең. Ақпаратты жинау.
4 кезең. Құрастыру үрдісі.
5 кезең. Басылымға рұқсат алу.
«Кейстерді», пайдаланатын көптеген оқулықтар әр-түрлі мәселелерді, адамдарды, әлеуметтік топтарды, әлеуметтік институттарды, ұлттарды, сан қилы жағдаяттарды сипаттайды.
Case study әдісі оқушыларға оқу, түсіну және талқылау мүмкіндігін береді. Студенттер әрбір мәселенің логикалық шешімін табуы керек. Әрбір кейс әр түрлі жағдаятқа енгізіп, белгілі бір шешім қабылдап, болашақ іс-әрекеттерді болжауға үйретеді. Көріністі толықтыруға сан қилы кестелер, диаграммалар, суреттер мен түрлі мағлұматтар көмектеседі. Шынайы жағдаятты жасауға түрлі фильмдер, бейне ақпараттар, аудио таспалар мен слайдтар кеңінен қолданылады.
«Кейс» әдісін қолдануға бел буған шет тілі оқытушылары төмендегідей қиындықтармен кездеседі:
- Уақыттың шектеулігі. Оқулықтардағы «кейстердің» көпшілігінің көлемі үлкен, сондықтан оқытушыларға мәселені ұсынып, студенттердің зейінін лексикалық-грамматикалық жаттығуларға бұруға уақыт жетпейді.
- Кейске арналған ақпарат деңгейінің жоғары болуында, яғни, кейс ақпаратын қолдану үшін студенттердің шет тілі деңгейі кем дегенде «Intermediate» болу керек.
- Мәдени орта. Оқулықтардың авторлары ағылшындар мен американдықтар болғандықтан, ұсынылып отырған кейс жағдаяттарында біздің студенттерге беймәлім ақпараттар суреттеледі.
- Орындау мүмкіндігі. Көптеген «кейстерде» өте көп математикалық санаулар мен кестелер бар, олар студенттің ынтасын алаңдатып. ынталандыруын төмендетеді.
- Тақырыптық шектеулер. «Кейс» тақырыбы техникалық немесе күрделі болуы мүмкін. Оқушыларға тақырыптың таныс болуы өте маңызды. «Кейстегі» жаңа сөздер мен ұғымдар алдын ала таныстырылу керек [5, 104].
Жоғарыда айтылған қиындықтарды болдырмау үшін оқытушы оқушылардың деңгейін есепке ала отырып, «кейс» ақпаратын толықтырып, өзгертіп, айтарлықтай жеңілдетеді. Бұл үрдісте келесі сұрақтар қаралады:
«Кейс» ақпараты шынайылыққы жанасады ма?
- Оқушылар аталмыш жағдаятты қабылдай ала ма?
- Қойылған тапсырмалар студенттер деңгейіне сәйкес келе ме?
- «Кейсте» берілген мағлұматтар толық па?
- «Кейстегі» мағлұматтар студенттерді толғандыра ма?
Төменде шет тілін оқитын екінші курс студенттеріне арналған «Кейс» әдісін пайдалануға арналған мысалды көреміз. Мәселе: сіз футбол ойынына билет сататын менеджерсіз, футбол ойыны – сенбіде, бірақ бүгін -жұма, көп шығынға ұшырамау үшін қандай шешім қабылдайсыз? Тапсырма:
- Мүмкін болатын шешімдерді табу;
- Футбол ойынын болдырмау;
- Билет құнын төмендету;
- Көрермендер арасында лотерея ұйымдастыру;
- Футбол алаңына жұлдызды шақыру;
- Ойынды кішірек алаңға ауыстыру;
- Басқа шешім табу.
Оқытушы аталмыш «кейсте» белгіленген лексикалық, морфологиялық, грамматикалық мәселелерді анықтауы керек. Футболмен байланысты лексиканы қайталау (footballer, football fans etc), қаржы және заңға қатысты жаңа сөздермен танысу (budget, expenses, profit, to incur costs, to suffer losses, price list, to commit a breach, to cancel agreement, to impose penalty etc) сияқты мақсаттар көзделеді. Аталмыш мәселеде студенттер өз ойларынша нақты да дұрыс шешім қабылдауы керек. Әр қабылданған шешім сан қилы болуы мүмкін, дұрыс қабылданбаған шешім сынға тартылмайды, дұрыс емес деп табылмайды. Оқушылардың шығармашылығы мен тапқырлығы ғана есептеледі, берілген «кейс» арқылы студенттер бір-бірімен пікір алмасып, ұжымда бірге жұмыс жасауға үйренеді. Оқушыларға таратылатын мәліметтерде төмендегідей міндеттер берілуі мүмкін:
1-міндет: шешімдер ұсынып, оны анықтаңыз.
2-міндет: баламалық жолдар туралы ойлап көріңіз.
3-міндет: мәселені шешімін айту үшін топ мүшелерінің бірін таңдаңыз [6, 145].
Мұндай тапсырмалар оқушылар мен оқытушылар арасындағы оқу үрдісін қызықты етеді. Дұрыс ұйымдастырылған кейс мәселесі кейде театрланған көріністі еске түсіреді. Оқытушы оқушыға ойлауға, пікір алмасуға көмектеседі, оларға өз ойын ұсынбайды. Сабақ басталарда студенттерге өздері шешім қабылдайтыны ескертіледі.
Тәжірибе көрсеткендей, Case Study әдісі жағымды әсер етеді. Аталмыш әдісті қолданатын оқытушылар түрлі жетістіктерге жеткенін ескертеді. Оқушылардың ауызша және жазбаша қабілеттерін тексергенде олардың сөздік қорының және шет тілін оқуға деген қабілеттерінің артқанын көреміз. Кейс әдісі коммуникативтік әдіспен ұштасады. Аталмыш әдісте аутенттік ақпарлар, фразеологизмдер мен идиомалар, шет тілі фонетикасының ерекшеліктері қолданылады.
Қорытындылай келе, шет тілі сабақтарында Cаsе-студий әдісі арқылы оқушылардың шет тілінде шығармашылық шешім қабылдау, талқылау, оқу, ақпараттарды өңдеу, аналитикалық ойлау, ұжымда бірігіп жұмыс істеу қабілеттерінің өсуін байқай аламыз.
Қолданылған әдебиеттер :
1. Ефимова Н.И. Особенности использования инновационных педагогических технологий при обучении иностранному языку в неязыковом вузе . – СпС.: Социосфера, 2010. – 62 c.
2. Красикова Е.Н. Кейс-метод в структуре и содержании методической компетенции лингвиста-преподавателя: дисс. канд. пед. наук. – Ставрополь, 2009. – C. 85, 110.
3. Sinclair J. Collins. Сobuild English language dictionary Harper. – L.: Collins Publishers, 1990. – 25 p.
4. Easton G. Learning from case studies. – L.: Englewood Cliffs, 1982. – 59 p.
5. Lane H. and Distefano J. International management behavior: Introduction to the cases and case method. – Kent: PWS , 1992. – 104 p.
6. Meral Guceri, Ann Riddell Akin. Case Studies in Education. – M: Englewood Cliffs, 1998. – 59 p.
Луиза Борамбаева
№177 жалпы білім беретін мектеп,
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
Алматы қаласы, Жетісу ауданы