Home » Жаңалықтар » Шетелдік тренерлер мен тыңдаушылар тығыз байланыста

Шетелдік тренерлер мен тыңдаушылар тығыз байланыста

Педагог мамандарға арналған біліктілікті арттыру курстарының «Үш тілде оқыту жағдайында мұғалімдердің пәндік және коммуникативтік-тілдік құзыреттілігін қалыптастыру» тақырыбындағы білім беру бағдарламасы бойынша өткізіліп жатқан курсқа ағылшын тілін пәнге кіріктіріп оқыту мақсатымен CLIL бағдарламасы бойынша «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтына шетелдік тренерлер III-модуль бойынша қарашаның 1-і мен 23-і аралығында курс өткізуге келді. Келген екі тренер өздеріне белгіленген топтармен танысып, Najat Ismaeel Mohammad Abu 1-топқа, Stephen Austin Kelly 2-топқа сабақ беруде. 36 курс тыңдаушысы келген тренерлерді жылы қарсы алып, өткізіліп жатқан тренингтер мен жаттығуларға белсенді араласуда. Тренерлер CLIL, FCE емтихандарына дайындау мақсатымен төрт дағды бойынша — жазылым, оқылым, тыңдалым, айтылым дағдыларына арналған тапсырмалар орындатуда.

Тәжірибе алмасу мақсатында шетелдік тренерлер мен жергілікті тренерлер өзара бір-бірінің сабақтарына қатысуда. Тренерлер тыңдаушылардың тілдік барьерін жою үшін сабақ үстінде түрлі техникаларды пайдалануда. Осындай әдістердің бірі тыңдаушылар тыңдалымға, айтылымға арналған жаттығуды орындау үшін диктафонға мерекеге байланысты сөздер жазып, тақырыптарын қарсы топқа жасырды. Қарсы топтар үнтаспадағы айтылымды тыңдай отырып, тақырыбын тапты. Меніңше, бұл — жақсы техника.

Тыңдаушылар барлық әдіс-тәсілдерге байланысты берілген тапсырмаға қызыға қатысуда. Шетелдік тренерлер өз практикасында топ арасында өзара ауысу жұмыстарын жүргізіп, оның мақсатын тілдік әртүрлі акценттерді түсіну үшін, ерекшелігін айқындау үшін деп түсіндірді. Тренерлер сабақ барысында тыңдаушылармен үнемі кері байланыс жасап, рефлексия жүргізіп отырды. Тыңдаушылар өз пәндері бойынша топқа бөлініп, пәндер бойынша тақырып таңдап, ағылшын тілін пәнге кіріктіру бойынша таныстырылымдарын қорғады. Сабақ кезінде түрлі сергіту сәттері, сондай-ақ, тілін жаттықтыру үшін ағылшын тілінде «әуендік уақыт сәті» жүргізілді. Курсқа қатысушы педагогтар шетелдік тренерлермен әр уақытта тығыз байланыста. Оған дәлел – үзіліс кезіндегі тренерлер мен тыңдаушылар арасындағы белсенді диалог.

Осындай үш модуль бойынша жүргізіліп отырған жұмыстар өз жемісін береді деп сенемін. Олай болса, барлық тыңдаушыларға алдағы уақытта сәт сапар тілейміз!

Айман ҚАРАЕВА,

Жаратылыстану-ғылыми (гуманитарлық)

пәндерді оқытудың инновациялық

технологиялары мен әдістері

кафедрасының аға оқытушысы,

Маңғыстау облысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.