Home » Білім және өнер » Шекспирдің шығармасы үш тілде сахналанды

Шекспирдің шығармасы үш тілде сахналанды

Қазақстан халықтарының Тілдер күні мерекесіне орай өңірдегі дарынды жастар ағылшын жазушысы Уильям Шекспирдің «Ромео және Джульетта» шығармасын бір мезгілде үш тілде сахналады. Қойылымды Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жоғары сынып оқушылары дайындаған. Мектеп театрының жаңа туындысын тамашалауға келгендердің қарасы көп. Олардың арасында шетелдік ұйым өкілдері, мектеп ұстаздары және ата-аналар да бар. Мьюзикл жанрында орындалған әдеби шығарма әуелі қазақ тілінде, кейін көлеңке театры арқылы орыс тілінде сахналанса, ендігі бір бөлігі ағылшын тілінде жалғасын тапты. Тілдер мерекесі апталығының шымылдығын ашқан бұл қойылым арқылы оқушылар тілдерді тек сабақта емес, өнер арқылы меңгеруге болатынын мойындатып отыр.

ӘНУАР ЖАМАНҚҰЛОВ, Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы:

-«Мемлекетімізде барлық азаматтар үшін кез-келген тілді меңгеруге барлық жағдай жасалып отыр. Жыл өткен сайын тіл білімінің қажеттілігі, сұранысы артуда. Оны қоғамның қай саласында болмасын байқауға болады. Сондықтан біздің мектепте балалардың басым бөлігі үш тілді жетік меңгерген. Бүгінгі қойылым – cоның айғағы. Атап өтетін болсам, қазіргі жастар үшін үш тілді меңгеру жаңашылдық емес. Керек десеңіз француз, неміс, корей тіліне деген сұраныс артып келеді. Корей тілін меңгеруге сұраныс К-поп мәдениетінің ықпалынан туындап отырғанға ұқсайды. Өз басым үш тілден бөлек, аздап португал тілінде сөйлей алатынымды мақтан тұтатын. Бәлкім болашақта, Португалия, Бразилия сынды латын мемлекеттерімен халықаралық ынтымақтастықты орнатуда бұл тілді білгенімнің көмегі тиіп қалар».

        

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.