Home » Балабақша » Шебер педагог – 2019

Шебер педагог – 2019

Жоғары мәдениетті, ғылым мен өнерден хабардар, бала психологиясына қанық оқыту мен тәрбиені қатар алып жүретін өз ісіне шебер жандар – нағыз педагогтар. Заман ағымына сай бүгінде біліммен қаруланған дәуірде ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай ертеңгі елдің атқа мінер ұландары мен ибалы қыздарын тәрбиелеуге үлестерін қосып жүрген балабақша тәрбиешілерінің еселі еңбектері бүгінгі тақырыбымызға арқау.
29 наурыз күні Астана қаласы әкімдігінің №48 «Ақкөгершін» балабақшасында өткен шара қазақ халқының дәстүрлі  ұлттық ойыны- асықты пайдалана отырып, түрлі ойын түрлерімен қызықтыру және асықты сабақ барысында санауға, бала денсаулығына пайдалы түрлі жаттығуларға арналған құрал ретінде қолдану түрлерін көрсеткен «Шебер педагог-2019» сайысы өтті.
Балабақша ішілік сайысқа 9 тәрбиеші қатысып 3 кезең бойынша сынға түсті.Бірнеше жыл бойы дайындықпен,ізденістің арқасында асық ойынын дамытуға ден қойған ұжым әуелі ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс жасаған.Асық жинау акциясын өткізіп топтың алды 400-ден аса асық жинаған ұжым педагогтарының бұл іске жұмыла кіріскені көрініп тұр.Ата-әжелермен кездесу өткізіп ұлттық ойынымыздың түрлерін ,асықты қалай бояу жайлы әжелер мен аталардан мәліметтер жинақтаған педагогтар бұл күні өз ізденістерімен қолда бар асықтарын түрлі бағытта қалай пайдаланып жатқандары жайлы мағлұмат беріп,әділқазылар алдында өзара сынға түсті.
Әуелі бастаған әр іске жауаркершілікпен қарап,тыңғылықты дайындықты талап ететін балабақша меңгерушісі Сәбиева Ұлжан Әбенқызымен қос әдіскер Шамалова Бану Төкенқызы,Бурунбаева Лаура Серікқызының балабақша тәрбиешілерімен бірлесе ізденіспен жұмыс жасағандары көрініп тұрды. Таныстырылымнан кейін асықты күнделікті сабақ барысында оқу құралы ретінде пайдалануды қолға алған ересек топтарының тәрбиешілерімен ойнау арқылы түс тануға,санауға үйреткен кіші топ тәрбиешілері өз жұмыстарын көрсетті.
Салауатты өмір салты бойынша «бес тас», «тоқ-тоқ» ойындарын, тыныс алу жолдарына пайдалы жаттығулар түрлерін көрсеткен пелагогтар тосылып қалмады.20-дан астам тәрбиешілер қызмет атқаратын ұжымдағы жас мамандардың талпынысымен ізденісі әсіресе, асық ойынын әуелі өзі үйреніп, қазір шәкірттеріне үйретіп үлгі көрсеткен дене-тәрбие нұсқаушысы Сулейменов Айбек Серікбайұлының ұстамдылығы мен ізденісі қуантады. Бүгінде ұмыт болып бара жатқан ләңгі ойынын көрсетуге келген ата-аналардың белсенділігі де өзара ынтымақпен бірлескен жұмыс нәтижесін көрсетеді.
Балабақша педагогтарына теориялық, практикалық жағынан үнемі нұсқау көрсетіп үйретуден жалықпайтын ұстаздардың ұстазы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Жұмабекова Фатима Ниязбекқызы тәрбиешілерің дайындықтарына өз бағасын беріп, кешіл жерлерін толықтыруға бағыт-бағдар берді.
Арнайы қонақ ретінде қатысып, әріптестеріне үнемі қолдау көрсетіп отыратын №24 «Айналайын»,№46 «Самал» балабақшаларының меңгерушілері Клара Боранбаевна мен Балауса Төлеуғалиқызы педагогтарыға өздерінің жылы лебіздерін беріп, шығармашылық шабыт тіледі.
Сайыс нәтижесінде жүлделі бас жүлдені ағылшын тілі мүғалімі Итолина Гульсим Нурлановна, I орынды Абдукахарова Гулбахар Усеновна, II орынға Берікбай Айгерім Берікбайқызы,III орынды Мустапа Бақытгүл иеленді. Ташметова Азада Ержановна, Усен Нургул, Ашенова Ғалия Ақылбекқызы, Абдіхадір Фариза Анарбекқызы, Қапарова Айда Жексенбайқызына «Алғыс хат» тапсырылды. Дене шынықтыру нұсқаушысы  Сумейменов Айбек Серікбайұлы арнайы дипломмен марапатталды.
Ойға алған істерін толық дайындықпен ғана іске асыруға дағдыланған ұжымның берекелі істеріне ілгерлеу, ізденістеріне шығармашылық шабыт тілейміз.

Әлия Ғалымбекқызы,
«Білім айнасы» Астана қаласы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.