Home » Мақалалар » Шағын комплектілі мектептер үшін мұғалім даярлау проблемалары және оларды шешудің жолдары

Шағын комплектілі мектептер үшін мұғалім даярлау проблемалары және оларды шешудің жолдары

Бүгін біз өте маңызды мәселелердің бірі – ауыл мен село мектептерінің, әсіресе шағын комплектілі мектептердің жағдайын жақсартуға бар күш қуатымызды біріктіре отырып , ондағы проблемаларды шешу үшін жиналып отырмыз.

Президентіміз Н. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында  ( 2002ж. сәуір) – «Село – бұл халық өмірінің образы, мәдениеті мен дәстүрінің, салты мен рухани өмірінің қайнар көзі. Тек қана осы факторлар жиынтығы ғана бізден ауыл мәселелеріне өте сергек қарауымызды талап етеді… Біз тек ауыл тұрғындары ғана кез-келген халықтың генетикалық белгісі болып табылатындығын ұмытпауымыз қажет» деп  көрсеткен.

Мен өз баяндамамда шағын комплектілі мектептердегі проблемаларды шешуде бірыңғай Концептуалдық бағдарламаны жасау үшін ауыл мектебіне қатысы бар білім беру департаменті өкілдерінің, үздіксіз білім беру институтының , ғалымдардың, әдіскерлердің, алдыңғы қатарлы педагогтардың күшін біріктіруге көңіл аударғым келіп отыр.

Шағын комплектілі мектептерде жұмыс істейтін мұғалімнің еңбегі бірнеше факторларға байланысты өзіндік ерекшеліктерге ие. Шағын комплектілі мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдерге тән бұл ерекшеліктер негізінен мынадай болып табылады:

  1. Шағын комплектілі мектептердің мұғалімі бірнеше пәннен сабақ бере алатын, әсіресе бастауыш буында  бір мезгілде әр түрлі құрамда қамтылған бірнеше сыныппен қатар жұмыс істейтін мұғалімдер болып табылады.
  2. Шағын комплектілі мектептің мұғалімі бір сыныптан екінші сыныпқа сабақ өтуге бейімделуге, балаларға педагогикалық әсер етудің әр түрлі әдіс-тәсілдері кешенін меңгеруге, оқушылардан сабақ сұраудың әр түрлі формаларын қолдануға дайын болуы қажет.
  3. Ересек адамдармен жқмыс жүргізудің де өзіндік ерекшеліктері бар. Шағын комплектілі мектептің мұғаліміне оқушылардың ата-аналарымен және село тұрғындарымен жұмыс жүргізгенде олардың ерекшеліктерін ескеруіне тура келеді.
  4. Шағын комплектілі мектептің мұғалімі ауылда ерекше рөл атқарады. Ол өзінің көпқырлы қызметінде ағартушы, тәрбиеші, кеңесші, шығармашылық істер иесі және т.б. қызметтерді орындайды.

Шағын комплектілі мектептер үшін кадрларды арнайы даярлау жоғары оқу орнындағы  немесе  оның жекелеген бөлімдеріндегі педагогикалық процесті қайта құруды қажет етеді. Бұл жерде шағын комплектілі мектепте жұмыс істейтін мұғалімнің реалды жағдайын ескеру қажет. Сыныптардың шағын комплектілігін, кәсіби қарым-қатынастың шектеулілігін міндетті түрде есепке алу керек. (Министрдің баяндамасында 77%-дан астам мектептердің ауылдық жерлерде орналасқандығы, соның ішіндегі 65%-ы шағын комплектілі мектеп екендігі айтылған). Бірінші кезекте бұл бірнеше мектеп пәндерін өтуге қабілетті кең профильді мұғалімдерді даярлауға көшуді қажет етеді. Бір прфильді, тіпті екі профильді оқытудың дәстүрлі формасы шағын комплектілі мектептер талаптарын қанағаттандыра алмайды.

Жас мұғалімдер базалық білімі  болмаса да басқа пәндерден сабақ жүргізуге мәжбүр болады. Ол мұғалімдердің жұмыс істеу сапасы мен оқушылар білімінің төмен болуына алып келеді. Кейбір ауыл мектептерінде педагогикалық емес жоғары оқу орындарының түлектері мұғалімдік қызмет атқарады. Осыған байланысты мұғалімдердің  біліктілігін арттыру және педагогикалық мамандықтағы жоғары білімі бар мамандарды қайта даярлау мәселесі өте көкейкесті болып табылады. Ауыл мұғалімінің қызметі мектеп көлеміндегі оқыту  және тәрбие жұмыстарын ұйымдастырумен ғана шектеліп қоймайды. Ол кәсіби-педагогикалық қызметін орындаудан басқа ауыл тұрғындары үшін рухани, мәдени, интеллектуалдық тұлға ретінде «ағартушылық» қызметті де атқарады.

Жоғары оқу орнында шағын комплектілі мектептердің ерекшелігінде жұмыс істейтін болашақ мамандарды даярлау мәселелеріне көңіл аудару қажет. Ауылдан  келіп оқитын мамандардың өздері ауылға қайтып барғысыкелмейтінін тәжірибе көрсетіп отыр. Өйткені, олардың студенттік жылдарында «ауыл тіршілігінен әлеуметтік алшақтау» феномені қалыптасып қалады.

Соңғы жылдары бұл проблемалардың мәнін түсіне отырып, ауылдағы шағын комплектілі мектептер үшін мұғалімдер даярлауды қайта бағдарлау бойынша белгілі қадамдар жасалды.

М. О. Әуезов атындағы ОҚМУ-де барлық қосарланған мамандықтар бойынша мамандар даярлау жүзеге асырылуда. Шағын комплектілі мектептер үшін мұғалім даярлаудың тағы бір жолы – дипломға қосымша мектепте қосалқы пәндерді жүргізуге құқық беретін факультативтік курстар жүргізудің негізінде құжат беру. Бірақ бұл жерде қосымша мамандық үшін топтар құруға мүмкіндік беретін студентттерді бөлуді ерте қолға алған жөн (ең болмағанда бітіруден бір жыл бұрын).

Мұндай кең көлемде маман даярлау студентті де, оқытушыны да ынталандырмайды, өйткені ол қымбатқа түсіп тұр.

Ауылдағы шағын комплектілі мектептер үшін кадрлау даярлауда жоғары оқу орнының педагогикалық  процестегі потенциалдық мүмкіндігі қандай, бұл бағытта біз нақтылы не істеп жатырмыз?

Педагог-ғалымдардың негізгі міндеттері шағын комплектілі мектептердегі пәндерді бір мезгілде және параллель оқытуды жетілдірудің теориясы мен әдістемесін зерттеп, мұғалімдер мен оқушылар үшін дидактикалық материалдарды жасау болуға тиіс.

Қазіргі уақытта шағын комплектілі мектептер үшін мұғалімдер даярлауды жетілдіру мақсатында университет жанында әр түрлі кафедралар оқытушыларынан тұратын шығармашылық топ құрылған. Ондағы мақсат – ауыл мектептерінің сұранысы мен кәсіби тапсырысына байланысты әдістемелік көмек көрсету. Бұл жұмысты М. О. Әуезов атындағы ОҚМУ Оңтүстік Қазақстан облыстық үздіксік білімберу институтымен және Оңтүстік Қазақстан облыстық білім беру департаментімен, базалық мектептермен бірге ғылыми-практикалық деңгейін көтеру мақсатында жүргізеді. «Жалпы педагогика және этнопедагогика» кафедрасының оқытушылары тарапынан «Аз оқушылары бар сыныптардағы оқу-тәрбие процесі», «Ауылдағы шағын комплектілі мектеп оқушыларымен  халықтық педагогика идеялары негізінде сыныптан тыс тәрбие жұмысын жүргізу» деп аталатын арнаулы курстар мен семинарлар түзілді.

Ауылдық жердердегі жас мұғалімдердің көптеп кетуі бізді алаңдатады. Бүгінде мектеп көптеген ауылдардағы өмір мен тіршіліктің соңғы ошағы болып отыр. Мектеп бар жерде – тіршілік бар, мектебі жоқ ауылдың болашағы да жоқ.

Ұсыныс (мүмкін мен қателесермін) дегенмен ең дұрысы бірнеше ауыл үшін жақсы бір мектеп салу қажет. Қандай ауа райы болмасын, қандай қиыншылық болмасын балалардың сабақтан қалмауын тек қана жергілікті әкімшілік қана емес, ауыл тұрғындары болып бірігіп ұйымдастырған жөн.

 

В. Қ. Бишімбаев,
 М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының
докторы, профессор

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.