Home » Жаңалықтар » Білім беру саласында МЖӘ механизмдеріне басымдық берілмек

Білім беру саласында МЖӘ механизмдеріне басымдық берілмек

Тамыз кеңесі — 2019
Павлодар қаласы Естай атындағы қалалық мәдениет үйінде Павлодар облысы педагогика қызметкерлерінің «BILIM jáne ǴYLYM tamyz keńesі — 2019» тақырыбында тамыз конференциясы өтті. Оған: аймақ басшысы Болат Бақауов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің ғылым комитеті төрайымы Анара Абулкасова және облыстық, қалалық, аудандық білім беру бөлімдерінің басшылары, білікті ұстаздар, білім беру саласының ардагерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Алқалы жиынды аймақ басшысы Болат Бақауов ашып, ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтады. Бұдан соң, ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің төрайымы Анара Абулкасова жас кадрлар дайындауда білім беру саласына тың идея, жаңа серпін әкелген «Жас маман», «Адал білім» жобаларының тиімділігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, үш жылдың ішінде «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы шеңберінде 180 колледж бен 20 ЖОО-ларда жаңа стандарт бойынша 200 мыңнан астам жас маман дайындалып, 15 мыңнан астам ұстаз кәсіби біліктілігін арттыратыны айтылды. Анара Сайранқызы аталмыш жоба ағымдағы жылы аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды да қамтитынын ескертті. ТжКБ жүйесінің халықаралық салалық стандарттарын енгізу және ерікті аккредитациядан өту мәселесінің де пысықталып жатқанын еске салды.

  • Елбасы тапсырмасымен, 2019-2020 жаңа оқу жылынан бастап, жұмысшы

мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттердің стипендиялары 30 %-ға артып, ай сайын 21 787 теңгені құрайтын болады. Ауылдық колледждерде мұндай қолдауға ие болатындардың 60 пайызы көпбалалы және тұрмысы төмен отбасы балалары болмақ,-деді министрлік өкілі.

Павлодар облысы білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы  облыстық білім беру саласының жұмысына мұрындық болғаны үшін облыс басшысына ұстаздар атынан алғыс айтып, облыстық білім беру саласындағы жетістіктер мен олқылықтарға, атқарылғалы жатқан маңызды шараларға ойысты.

  • Мектепке дейінгі тәрбие және білім беруден республика бойынша Павлодар облысы көш бастап келеді. Қазіргі кезде 403 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 159-ы балабақшалар болса, оның 3%-ын жекеменшік балабақшалар құрайды. Ағымдағы жылдың соңына дейін Павлодар мен Екібастұз қалаларында екі жекеменшік балабақша ашу жоспарлануда. Биылдан бастап, сәбилер балабақшаларға екі жастан қабылданып, 1 сыныпқа алты жастағылар келетін болады. Сондықтан, балаларды мектепалды сапалы біліммен қамтамасыз ету — күн тәртібінде өткір тұр. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде әлемдік тренд — 4 К моделін дамытуға басымдық беріліп, балаларға қауіпсіз және қолайлы дамыған орта қалыптастыру, оқыту тәсілдерін өзгерту, балалардың шығармашылық және интеллектуалдық мүмкіндіктерін дамыту, STEM оқыту технологиясын жетілдіру, патриоттық тәрбие беру секілді сапалық көрсеткіштерге қол жеткізу міндеттелмек. Балабақша басшылары бұл жұмыстарды ата-аналардың талап-өтініштерімен санаса отырып, заңнама шеңберінде жүргізуі тиіс,-деді. Мемлекетіміз шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында білім беру бағдарламаларын мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі арқылы қаржыландыруға күш салып отыр. Осыған орай, биыл облыста ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын 150 орындық жекеменшік бастауыш мектеп ашылмақ. МЖӘ механизмі арқылы мектепке дейінгі алты жекеменшік мекемесі мен мектеп асханаларында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, Павлодар қаласының он бір мектебінде мемлекеттік тапсырыс жүзеге асырылады. Бұл — ата-аналар төлеміне жүктемені төмендету, мектепке дейінгі білім беру қызметтерінің қолжетімділігі, кезекте тұрғандардың санын қысқарту тәрізді маңызды факторларға оң әсерін тигізбек. Мектеп асханаларына заманауи техникалық жабдықтар сатып алуға және ас даярлау блогтарына жөндеу жұмыстарын жүргізуге жекеменшік инвестициялардан жалпы көлемі 94 млн. теңге қаражат бөлінген. Бас ұстаз білім беру басқармасының барлық МЖӘ жобаларының бюджетке салмақ түсірмейтіндігін баса айтып, бизнес қоғамды өзара тиімді әріптестік байланыс орнатуға шақырды.

ХХІ ғасырдың жаңа инновациялық жетістіктеріне жүгіну — бүгінде ұстаздардың интернет желісін үздіксіз қолданып, табысты еңбек етуін толыққанды қамтитын бірден-бір мүмкіндік. Осыған орай, биыл облыс бойынша 52 «Teacher office» форматындағы ұстаздар кабинеті мен жыл сайын 3000 оқушыны қамтитын 29 тегін IT сыныптары ашылған.

Дінислам Болатханұлы Павлодар облысында ұстаздардың 64,5%-ы жоғары және бірінші санатқа ие екендігін және 2083 педагог «педагог-шебер», «педагог-зерттеуші» ретінде кәсіби біліктілігін нақтылағанын мәлімдеді. Облыс бойынша мұғалімдердің 81%-ынан астамы жаңартылған білім беру мазмұны бойынша курстардан өткен. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 3974 жас маман келіп, жаңа оқу жылында 500-ден астам жас ұстаз облыс ұстаздарының қатарын толықтырмақ. Оларға әлеуметтік қолдау көрсетуде басшы Аққулы, Тереңкөл, Шарбақты аудандарын үлгі етіп, атап өтті. Әлеуметтік қиын жағдайда жұмыс істейтін және көрсеткіштері төмен мектептер үшін жаңа оқу жылында мобильді ұстаз жобасы іске қосылып, табысты қала мектептері қолдау көрсетпек. Ал, үштілділікті меңгерту бағдарламасы мектептер мен мамандарды даярлау мүмкіндігіне қарай және оқушылар мен ата-аналардың сұранысы бойынша нәтиже бермек. Бұдан әрі мектеп бітірушілердің саны мен білім сапасы сандық көрсеткіштермен сараланып, ОЖІБ қорытындысы бойынша республикалық рейтингте 9-11 сыныптар бойынша — ІІ, 4 сыныптар — ІІІ орындарды иеленгені айтылды. «Еңбектің наны тәтті» демекші, айтылған жағымды жаңалыққа ұстаздар қауымы қол соғып, қошемет көрсетті.

Алқалы жиында мектепке дейінгі тәрбиені қамтамасыз етудің заманауи тәсілдері, «Серпін» бағдарламасы бойынша оқып, қызмет етіп жатқан жастардың проблеммалары мен жетістіктері, серіктестермен жұмыс: төртінші өнеркәсіптік революция призмасы арқылы аграрлық колледжді жаңғырту, т.б. туралы бірқатар баяндамалар оқылды.

Дінислам Болатханұлы сөз соңында ұстаздарды үздік жетістіктерімен құттықтап,  алдағы жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.

Ұстаздардың дәстүрлі тамыз мәслихаты көңіл толқытар қуанышқа толы  салтанатты марапаттау сәтіне ұласты. 2018-2019 оқу жылының қорытындысы бойынша өңіріміздің білім беру саласына айырықша еңбегі сіңген ұстаздар «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталды. Бұдан кейін, аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы кәсіби қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледжінің басшысы Мираш Шабамбаева мен педагогикалық еңбек ардагері Сабира Сеитоваға «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісін табыс етті. Ал, жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі еңбегі еленген келесі он бес білікті ұстаз облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарына ие болысты.

Ал, облыстық дарынды балаларға арналған Ы.Алтынсарин атындағы қазақ гимназиясы, Павлодар қаласы №6 сәбилер бақшасы, Екібастұз қаласының №26 мектеп-гимназиясы және Ақсу қаласы №7 орта мектебі — 50 млн. теңгелік ақшалай сыйлығы бар облыс әкімінің арнайы грантымен марапатталды. Салтанатты жиын жергілікті өнерпаздардың ән шашуымен әрленіп, естелік суретке түсумен түйінделді.

Қойсоймасова Айжан Қайыргелдіқызы, Павлодар облысы білім беру басқармасының «Жас ұрпақ» мемлекеттік кәсіпорнының басшысы:

  • Бүгінгі кеңесте жас ұрпаққа білім беру және тәрбиелеу ісіндегі елеулі еңбегіміз бағаланып, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталдым. Бұл нәтиже — менің ғана емес, жұдырықтай жұмыла жүріп қол жеткізген біздің мектеп ұжымының да жетістігі деп білемін. Әріптестеріме алғысымды айтып, шығармашылық табыстар тілеймін!

Соңғы жылдары жетім балаларға арналған «Балалар үйі» азайып, қарамағымыздағы тәрбиеленушілеріміздің қайырымды жандардың мейіріміне бөленіп, отбасын тауып жатқандары бізді де қуантады. Бүгінде ондаған, жүздеген жасөспірім қоғамдық өмірге бейімделіп, өздерін сенімді, тең құқылы Қазақстан азаматы ретінде сезінуде. Биылғы жылы «Тұрғынүйқұрылыс банк» арқылы біздің төрт тәрбиеленушіміз баспаналы болды. Көбі өз отбасыларын құрып, өздерінің жеке өмірлерін бастауға мүмкіндік алды. Болашақта мұндай мекемелер мүлде болмайды деген сенімдеміз.

 Әніс Шора Бегзатұлы, Павлодар облысы дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі:

  • Бүгінгі конференция – менің алғашқы конференциям. Мен 2014 жылы бастау

алған «Мәңгілік ел жастары — индустрияға» мемлекеттік «Серпін-2050» бағдарламасымен  Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түстім. Бұл — менің арманыма қанат бітірген бірегей бағдарлама болды. Қазіргі кезде Павлодар облысы дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 мектеп-лицейінде математика пәнінен сабақ беремін. Еліміздің ертеңі үшін еңбек етіп жатқан жас маман ретінде мемлекетіміз тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа, қолдауға алғысымды білдіремін. Шәкірттерімнің жарық жұлдыз болуына бар білімім мен күш жігерімді жұмсауға дайын екенімді айтқым келеді.

 

Айгүл МОЛДАШ,

Павлодар қаласы.

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.