Тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы саналатын балабақша қабырғасында еліміздің болашағы қазіргі заманның қаншама баласы тәрбиеленіп келеді. Дұрысы олар тек тәрбие ғана емес білім берудің жан-жақты қырын меңгерген тәрбиешілердің арқасында білімді әрі қабілетті болып өсіп келеді. Себебі бала бойындағы табиғи бар дарындылық дами бастайтын мектепке дейінгі балалық шақ ең маңызды кезең.
Осы тұрғыда тәрбие мен білімдей егіз ұғымды қатар ұстап келе жатқан Астана қаласындағы № 38 «Шаттық» балабақшасының алар орны бөлек. Іргесі қаланғалы 10 жылдан асқан білім ошағының негізгі тірегі — білікті педагог ұжымы.
Аты айтып тұрғандай «шаттыққа толсын» деп ырымдаған балабақша ашылған күннен бастап басшылық қызмет атқарып келе жатқан іскер басшы Камелова Сәуле Нұрғалиқызы ұзақ жылғы іс-тәжірибесінің арқасында айрандай ұйыған бір ұжымды бір отбасындай береке-бірлікке баули түскен. Адамға әсер етер дүниеге көп уақыттың да қажеті шамалы. Себебі күні кеше ғана «Өнер» бағытындағы серіктес балабақшаларына арналған қалалық семинардың алғашқы болып жолын ашқан жетекші балабақшаның өте жоғары деңгейде өткен семинарына куә болдық
Бала дамуы мен ой-өрісіне өнердің тигізер пайдасы жайлы жан-жақты аша білген ұжымдық жұмыста балабақша әдіскері мен тәрбиешілерінің серіктес балабақшалардағы әріптестеріне үйретері көп болды.
Аталмыш білім ошағының жетекші ретінде таңдалып алынуына халықаралық, республика, қалалық байқауларда талай мәрте жүлдегер атанғаны негіз болған.
Соңғы екі жылдың өзінде жеңіс тұғырынан түспеген балабақша тәрбиеленушілерінің жеңісі осы сөзімізге дәлел. 2017 жыл Астана қаласы мектепке дейінгі мекемесіндегі даярлық топтар арасында өткен I қалалық қашықтық «Елорданың еркетайы» өнер байқауының Театр жанры бойынша «Бас жүлде» дипломы, өнер байқауының би жанры бойынша бас жүлдені иеленген.
Дәл осы жылы Астана қаласы Ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі ұйымдастырған «Балалар жол көлік травматизмінің алдын алуға бағытталған» брейн-ринг сайысында жүлделі ІІ орын, биылғы жылы Қазақстан Респуликасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген «Тәуелсіз елдің – ұланымыз!» атты қалалық балалар шығармашылық байқауында бас жүлде, «Ақ көгершін» IIҮ –қалалық «Талант және сұлулық сайысында ІІ дәрежелі лауреат дипломы, «Туған жер –алтын бесігім» атты театрландырылған қойылымдардың қалалық байқауында бас жүлде дәл осы байқаудың республикалық кезеңінде ІІI дәрежелі дипломымен марапатталған. Астана дарыны орталығының ұйымдастыруымен Астана қаласы мектепке дейінгі балалар арасында өтетін ХII қалалық «Жұлдызды жол» олимпиадасына Бемағамбетова Әдия Әділбекқызы ІІI дәрежелі Дипломға ие болды. Баласы үшін талай байқауға бірге дайындық жасайтын ата-аналармен де балабақша ұжымы тығыз қарым-қатынаста. Сәрсенбінің сәтті күніне жоспарланған семинарды әуелі балабақша меңгерушісі Сәуле Нұрғалиқызы ашып семинар қонақтарына ізгі ілтипатын білдірді. Балабақша әдіскері Айжан Қуанышбекқызы Каримова «Балабақшаға саяхат» атты бейнефильмін көрсетіп қолөнер бұйымдарымен толықтырылған балабақшаның күнделікті тыныс-тіршілігімен таныстырды. Жиналған жұртты өзінің тамаша психологиялық «танысу» тренингімен баурап алған тәжірибелі психолог Қымбат Бөкетайқызы Ертаева тамаша көңіл-күй сыйлады. Жаңа инновация бағытын пайдалана отырып «Драма мен музыканың байланысы» тақырыбында баяндама жасаған тәрбиеші Жанар Сағынқызы Жакудинова музыкалық драма арқылы балалардың шығармашылық және парасаттылық қабілеттерін жан-жақты дамыту, сөздік қорларын байытып, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге тәрбиелеу жайлы жақсы түсіндірді. Бұл күнгі семинардың ең ұтымды тұсы алғаш рет мюзикл арқылы ертегілерді насихаттау, ертегілерді әуенмен орындау арқылы балалардың қиялдау, елестету тіпті сөздерді ойдан шығару қабілеттерін дамыту мақсаты шын мәнінде жүзеге асатыны көрініп тұрды. Бала орнына қойылымның кейіпкерлері болып әртістен де кем емес өнер көрсеткен тәрбиешілердің «Жеті лақ» ертегісі жоғары деңгейде сахналанды. Орыс тілінде ғана нұсқасы бар «Жеті лақ» ертегісін өз сөзімен түсінікті етіп құрастырған оған ұлттық музыкамен әсіресе ауылдың алты ауыз әуендерін, замануи қазақ әндерінің әуенімен байланыстыра отырып диалог құрастырған қойылымның авторы әрі режиссері Айжан Қуанышбекқызының ізденісі көрініп тұрды. Мюзикл кейіпкерлерін сахналаған тәрбиешілердің таланты мен балаша қимылдары, еркіндіктері арқасында ән-би, қойылым, сөз барлығы ұштасып тамсанарлық туынды жарыққа шыққан.
«Күз ғажайыптары» тақырыбында шеберлік сағатын көрсеткен тәрбиешілер Гауһар Советқызы Доспанова, Айгүл Әбдірахманқызы Қосалиеваның бейнелеу өнеріндегі керемет туындылары отырғандарды таңқалдырды. Асқабақтар, түрлі құрыл-жабдықтармен семинарға қатысушы қонақтар өз қиялдарымен түрлі туынды жасаған шеберлік жұмыстары сәтті шықты, Семинарды әдіскерлер мен тәрбиешілер қатарында тамсана тамашалаған серіктес 87 «Қадір» балабақшасының меңгерушісі Ләйла Мұратбекқызы Рахымжанова, 33 «Алтын дән» балабақшасы меңгерушісі Айсұлу Егізбайқызы Кеңесова, 88 «Баян сұлу» балабақшасының меңгерушісі Гүлжан Тұрсынбайқызы Жантасова, 40 « Құлпынай» балабақшасының меңгерушісі Загира Үйсімбайқызы семинар соңында өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, жоғары деңгейде өнер көрсеткен балабақша тәрбиешілерімен басшыға құрметін білдірді. Білім ошағы ашылғаннан бастап қызмет атқарып келе жатқан алдыңғы қатарлы педагогтар С.А.Алиева, С.Ш.Жиентаева. А.К.Қошатаева, А.Е.Аубакирова. Ш.С.Қалдыбаева, Н.Е.Тукешева, Б.Айтмурзанова, Ж.Б.Темір, Г.А.Қасен, Ш.Баймағанбетова. А.Уашбекова. Б.А.Тыштыбаева «Шаттық» балабақшасының алдыңғы қатардан көрінуі үшін қосып жатқан үлестері өлшеусіз. Бүгінде ұжымдағы осындай білікті мамандардан тағылым алып келе жатқан жас мамандар қатары да артқан. Себебі 240 орындық балабақшада бүгінде 385 бүлдіршін тәрбиеленіп, 12 топ жұмыс жасап келеді. Ата-ана сенім білдірген, өнерлі ұрпақтың ордасына айналған шаттыққа толы жыл ұяның әлі де талай шәкіртті мектеп қабырғасына шығарып саларына сенеміз. Білікті тәрбиеші, іскер басшысы ынтымаққа толы ортасы бар ұжымда әрқашан тек өрлеу болатыны белгілі. Ел болашағы үшін қосып жатқан еселі еңбектеріңізге жеміс тілейміз.
Әлия Ғалымбекқызы,
«Білім айнасы»
Астана қаласы.