Home » Балабақша » ШАРМЕН САБАҚ

ШАРМЕН САБАҚ

  1. Сабақ барысы: 45 мин.
  2. Мақсаты: балалардың ән айту кезіндегі көңіл-күйімен бірге сахнада қозғалу мәдениетін қалыптастыру, өкпе белсенділігін арттыру. Дене қимылы бас, көз, қол,аяқ, дененің  әнмен бірге бір бағытта жұмысы.
  3. Керекті құралдар: кәдімгі шар, фортепияно, компьютер, медитацияға арналған әуен.
  1. Алғашқы кезең. 8-10 мин.
  2. Дене жаттығуларына алдын ала дайындық.

Балалар қимылға жеңіл киімде келгені дұрыс. Сәлемдескеннен кейін оқушылар бір-біріне кедергі жасамайтындай ара-қашықта болады. Яғни, қолды еркін созған жағдайдағы аумақ сақталуы тиіс.

Қос алақанды бір-біріне қосып, қолды иық деңгейінде алға созып алақандарды тездете үйкелеу. Бұл кезде алақандағы нүктелер қыза бастайды. Осы қызу арқылы денедегі  белсенділік ояна бастайды. Өйткені, адам алақаны мен аяқ бөлімдерінде ағзаны қимылмен қамтамасыз етуге қызмет ететін нүктелердің басым көпшілігі  осы бет, құлақ, алақан мен аяқта.  Қызған алақандарды тез арада көздің үстіне бетке басу керек. Және де маңдай, көз, бет, мұрын, ауыз, ерін, құлақ т.б. уқалау.

  1. Аяқты иық көлемінде алшақ ұстап, екі қолды шынтақпен бірге иық деңгейінде көтеріп, қос қолды кеуде тұсына әкелу. Енді, екі қос қолымен өз денесін құшақтау. Бұл кезде, бас төмен түседі. (Иек кеудеге тигені жақсы). Аяқ бөлігі тізеден аздап төмен бүгіледі. (Ұшақтан секіретін парашютші секілді қалыпта болу).  Бұл кезде мұрын арқылы дем алу керек. Осы алған демді ұстап тұрып, екі қолды артқа тез керу. Дем ауыздан шығады. Омыртқа артқа барынша иілуі керек. Басты артқа лақтырған сияқты.  Дене толық  керілген садақ сияқты жағдайға жетуі керек.  Аяқта тікірейіп керілуі керек.  Кеудені керген кезде, оқушының миында қанатын жайған құс елестеуі керек.  Осы жаттығуды  20-30 секунд жылдам түрде жасау. Бұл жаттығу дем алу  күшін арттырумен бірге тамақ, өңеш маңайындағы бұлшық еттерді босатады.  Тілдің артқы бөлігі  іске қосыла бастайды.  Осы жаттығу балалардың көңіл-күйін тез көтереді. Бұл әрине сабақ барысына әсері оңтайлы.
  2. Келесі кезең шармен жұмыс істеу.

Маңызды кезең – мұрынмен 2-3 рет  алдын-ала дем алып ауыздан шығару керек. Себебі,  шарды үрлегенде өкпе белсенділігі екі есе артады. Бұл осыған деген алдын-ала дайындық. Балалар шарды алып үрлей бастайды.  (Ескерту) Шарды үрлегенде бет бұлшық еттері керілмегені дұрыс. Ауаны  ішке тартқанда кеуде арқылы қос бүйрекке бағыттаған пайдалы.  Бұл кезеңде мұрынмен дем алып, шарды үрлеу. Әр баланың өз шарын күнге теңегені дұрыс. Бұл бала қиялына әсері мол.

Мысалы, өз шарын күнге теңеп оны дем арқылы қыздыруы       баланың табиғатқа деген сезімін арттырады. Яғни, «менің күнім» мен күнді қыздыра аламын.

Енді керісінше, «Мен күнді суыта аламын».

Әр бала өз шарын үрлеген соң екі қолын басынан жоғары көтеріп  оңға, солға кезек-кезек  тербелген гүл сияқты қозғалады.  Бұл кезде диафрагма белсенділігі артады. Ауа өкпеге 100% енеді де ми тамыр талшықтары жаңа, таза ауаға қанығады. (5-минуттай уақыт). Кей балаларда басы аздап айналғандай болады. Бұл кезде ол балаға дем алыс берген дұрыс.

Оқушылар шармен жаттығу жасағанда бел, омыртқа, мойын бөлшектері түзеліп күнге қарай тартылып, бас талдың ілініп тұрған алмасы сияқты жағдайда болғаны жақсы. Ерекше жағдай, көзді жұмып елестету арқылы әр омыртқаның арасына оқушы өзі қиялымен ұнатқан кез келген планетадан әкелген алтын немесе бриллянт дискісін төменнен жоғары қоя бастағанда, баланың қиялы мен ішкі сезімдері ден-саулық пен мінез-құлыққа керемет әсер берері сөзсіз.

 Медитация. Медитация жасау жасау баланың өз-өзіне, ішкі дүниесіне сана арқылы көз жүгіртіп, өмірге деген құлшынысын арттырады.

Шарды бастан жоғары көтеріп,  шарды күнге теңеп «күнді » қыздыру үшін немесе «күнді» суыту үшін, ерінді үйрек тұмсығына ұқсатып үрлей бастаймыз. Бұл кезде баланың ойымен күнді ысыта, суыта аламын деген қиялда болады. Бала қызыға түседі. Диафрагма толық еш қысымсыз ауаға толады. Тер шығуы мүмкін. Бұл жақсы. Іш қатаяды. Бой түзеледі.  Енді оқушы шармен ойнап секіруге көшеді. Яғни, «бұлттан асып кету» дегендей.

Шармен секіру 2-3 мин.

Шарды орнына қойып, бала қолмен дем саябырлатуға көшеді.  Бұл жерде «Тайд-зи» әдісін қолданған жақсы. Мысалы, жерден «Алтын» жапырақтарды алып аспанға шашу, немесе екі алақанды күзде түсіп жатқан «Алтын» жапыраққа ұқсатып қолды төмен баяу түсіру т.б…

  1. Шарды қайта алып, екі қолымен астынан көтергендей іштің  деңгейінде ұстаймыз. Шарды үлкен әлем ретінде сезініп, сол шардың ішіне өзің жақсы көретін бақ, тоғай орналастыруға болады. Ол бақта құстар сайрап, су сылдырлап ағып жатса тіпті жақсы.  Осы мезетте баланың өзі жаттап жүрген бір әнді бір шумағын қайырмасымен бірге орындатқан жақсы. Баланың ойында қолындағы шардың ішіндегі өзі ойлап тапқан әлемнің құстарымен бірге ән салу мақсаты болу керек.  Оқушының тынысы кеңейеді.  Ал негізінде, жас балалардың қиялы шексіз емес пе?  Дауыс ашу кезеңінде оқушы осы сеімдерді өзінің ішкі сезімімен байланыстырған шақта, нәтиже өз жемісін бере бастайды. Әрине, жаттығуды бір рет жасап одан кейін тастап кетсе жұмыс босқа кетеді. Кез-келген басталған іс 1-1/5 айдан кейін көріне бастайды. Шармен жұмыс істегенде оны гуілге теңеп те сахна қозғалысына бейімдеуге де жақсы.

Мысалы, шаттықты ән болса шарды алға ұсыну, кейбір ән мәтінінде сюжетке байланысты қолды баяу оңға немесе солға қозғалту т.б. Қолданған шарды әр оқушы ұқыптап, жеке салатын салфетка немесе басқа да затпен қайта қолдану үшін сөмкесіне салып қойғаны жақсы.

Осы жаттығулардан кейін, баланың репертуарындағы әндерге көшуге болады.

Сабақ соңында, оқушының көңіл-күйіне көңіл бөліп, баланың ішкі жан-жүниесінде қандай өзгеріс болды, мінез-құлқына әсер етті ме, ұнады ма, оқушыдан сұрау арқылы бірге ой елегінен өткізген пайдалы. Бұл арқылы оқушы, өзінің жалғыз емес, бүкіл әлеммен бірге қозғалыста екенін түсінеді. Сабақ соңында балаға сабаққа келгені үшін рақмет айтқан дұрыс. Өйткені, бала өзінің түлға екенін жастайынан сезініп, мейірімділік, сыйластық қасиеттерін сезе бастайды.

Айхан Мұсабеков
Балалар өнер мектебінің «Вокал» бөлімінің ұстазы
Жезқазған қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.