Home » Білім және тұлға » Шакирова Дина Караевна

Шакирова Дина Караевна

Бастауыш саты – білім, дағды, іскерліктің қалыптасуының бастамасы, білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағы. Бала тәрбиенің сан-саласына,  ойының терең бойлауына бастайтын, таным-түсініңгінің қалыптасуына  – бастауыш сыныптың маңызы зор.  «Қазір барлығы білімде! Алдыма келген шәкірттеріме білім нәрімен сусындатып, білім айдынында еркін жүзу үшін қолымнан келгенін аянып қалмаймын» — деген ұстанымды берік ұстанған бүгінгі кейіпкеріміз Шакирова Дина Караевна жайлы сөз қозғаймыз.

Дина Караевна 1976 жылы желтоқсан айының 7 жұлдызында   Балқаш қаласына қарасты Ортадересін ауылында дүниеге келген. Әкесі Шакиров Кәрі ауылда жүргізуші болып қызмет істесе, анасы Шакирова Мәрбия екеуі отбасында жеті баланы өсіріп жеткізген.

1983 жылы  ең алғаш мектеп табалдырығынан аттап, 1993 жылы тәмәмдап шығады.  Осы жылы Балқаш Педагогикалық училищесіне түсіп, білімін одан әрі жалғастырады.

Еңбек жолын 1995 жылдан бастап қаламыздағы Абай мектебінің бастауыш сынып мұғалімі болып  бастайды. Осы мекемеде екі жылдай қызмет істеп, қаламыздағы №8 орта мектебіне ауысып барады.  2000 жылдан бастап №9 мектепке ауысып, дәл қазіргі уақытқа дейін  бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет істеп келеді.

«Мектепте оқып жүрген кезімде мұғалім болу менің арманым болатын. Арманыма жету үшін маған ешкім бағыт-бағдар берген емес, тек өз-өзіме серт беріп, алдыма мақсат қойдым. Қазір мен сол арманыма жетіп, жемісін көріп отырмын» — дейді ұстаз.

Дина Караевна жоғарғы санатты бастауыш сынып мұғалімі. Білім саласында 24 жылдық еңбек өтілімі бар құрметті ұстаз. Берілген тапсырманы жауапкершілікпен орындайтын тәжірибелі маман иесі.

Шәкірттері қалалық мәнерлеп оқу сайыстарына да, облыстық ғылыми жұмыстарға да қатысып жүлделі орындардан көрінуде. Облыстық және Республикалық қашықтықтан өткізген додаларға қатысып, құр қол қайтқан емес. 2015 жылы Мейірбекова Индира Облыстық  кіші ғылым академиясында өзінің ғылыми жұмысын қорғап, ІІІ орынды иеленген болатын. 2017 жылы Караева Жанерке «Алоеның пайдасы» атты ғылыми жобасын қорғап ІІІ орынға табан тіреді. 2018 жылы 1 сынып оқушылары Сапар Ернат, Алтынбекқызы Айсель қалалық мәнерлеп оқу сайысынан бірінші орынды қанжығаларына байлап қайтқан болатын. Сонымен қатар былтырғы оқу жылында Совет Шүкіролла осы сайыстан бірінші орынды иеленген болатын. 2018 жыл «Данышпан» республикалық қашықтық байқаулар орталығының ұйымдастыруымен өткен «Көңілді қыс» атты шығармашылық байқауының «Сурет» номинатциясы бойынша Акаева Ақбота ІІІ орынды иеленді және т.с.с.

Шәкірттерінен бөлек өзінің жеткен жетістіктері де өз алдына бір төбе. 2012 жылы Өрлеудің 3 айлық ІІІ деңгейлік курсын аяқтап, бес жыл ұстаздармен жұмыс істеді. 2017 жыл  «Шабыт» білім беру-әдістемелік орталығының ұйымбастыруымен «Педагогтардың кәсіби шеберлігі» интернет-байқауында «Мұғалімдерге арналған ашық іс-шаралар» номинациясы бойынша  ІІ орын иеленеді. Осы жылы білім саласының өркендеуі жолында адал қызмет етіп, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі еңбегін жоғары бағалап және қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін қала әкімінің алғыс хатымен марапатталады. 2018 жыл Облыстық «Білім айналамыздағы математика» жобасын жүзеге асыруға белсенділік танытып, Қарағанды облысының білім басқармасы алғыс хатының иегері атанады. 2017 жылы «Мектеп тренері» деген курстан өтіп, мектебіміздегі жас мамандамен қатар ұстаздарды жаңартылған білім мазмұнына үйрету негізінде тренинг өткізіп тұрады. Бұл да бір кейіпкеріміздің жеткен жетістіктерінің бірі емес пе?!

«Жолдасым ертеректе қайтыс болды. Балаларымның тәрбиесіне әжесінің еңбегі зор. Жолдасымнан кейін маған қолдау көрсетіп, ақылын айтып отырған осы кісі. Өзімнің еңбек етуіме де, балаларымның тәрбиесіне де әжеміздің арқасы. Қыздарымның көздеген армандарына кедергі жасамай тек қолдау көрсетіп, дұрыс тәрбие беріп отырдым. Менің қазір қуанышым да, қызығымда балаларым! Себебі, балаларым өз мақсаттарына жете алды. Бұл менің өмірімдегі басты жетістігімнің бірі!»  — дейді аяулы ұзтаз.

Отбасында аяулы ана, ұжымында сыйлы, үлгілі жан Дина Караевнаға қажымас қайрат, таусылмас бақыт, және зор денсаулық тілеймін. Шәкірттеріңіз білімнің шыңына шығып, еңбегіңіз ақтала берсін дегім келеді.

 

Ербол ЕРБОЛАТ

Қарағанды облысы бойынша Республикалық

«Білім айнасы» газеті мен «bilimainasy.kz» сайтының тілшісі

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.