Орал қаласында БҚО білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «БатысБілімTalks» лекторийі жобасының І сессиясы осы тақырыпты қамтыды. Жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев, «BilimmediaGroup» ЖШС директоры Рауан Кенжеханұлы, «Knowledge Egineering» ЖШС директоры Нартай Әшім қатысты.
Аудандық, қалалық білім беру бөлімдерінің басшылары, әдіскерлер, білім беру ұйымдарының директорлары, пән мұғалімдері, студенттер қатысқан сессия жұмысын ашқан БҚО білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова тұсауы кесілгелі тұрған «БатысБілімTalks» жобасының мақсат-міндеті ауқымды екенін атап өтті. Аталмыш жоба педагог қызметкерлерді кәсіби тұрғыдан дамытуды, мұғалім мамандығының мәртебесін көтеруді, білім саласында цифрлық технологиялардың қолданыс аясын кеңейтуді, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында оқыту мен тәрбиелеудің ұлттық жүйесін дамытуды көздейді.
Өңір ұстаздары бас қосқан жиынға сәттілік тілеген облыс әкімі Алтай Сейдірұлы Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында аймақта атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар білім беру саласын цифрландыру – нәтижелі жұмыстарға бастайтын қадам екенін айтты. – Елбасы білім саласына өзінің биылғы Жолдауында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасында ерекше басымдық берді. Бүгінгі басқосуды өткізудегі, жаңа ақпараттармен бөлісетін спикерлерді шақырудағы мақсатымыз – мұғалімдерді қазіргі заман талаптарына сай бейімдеу. Сіздер осы алған білімдеріңізді оқушыларға жеткізеді деген сенімдеміз. Оған қоса цифрлық инфрақұрылымды да қоса дайындауымыз керек. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстандағы 152 елді мекен интернетке қосылмаған. Ол 35 пайызды құрайды. Биыл 220 мектепке «Bilim Book» электронды жүйесін жеткізуге қаражат бөлінді. Алдағы 1 қыркүйектен бастап бұл мектептер жаңа компьютерлермен, ондағы жаңа бағдарламамен, онлайн режіміндегі сандық контентпен қамтамасыз етіледі. Аудан орталықтарында «BilimLand» интернет ресурсы қосылуда. Енді электронды бағдарламаларды, жаңа технологияларды ұстаздар мен оқушылар толық қолданатын болады. Бұл жұмыстар жыл сайын жаңартылып тұрады, – деген өңір басшысы бұл мәселелер төңірегінде «Қазақтелеком» АҚ өкілімен біраз жайттарды талқылағанын мәлімдеді.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қ.Есекеевтің айтуынша, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы елімізде биыл белсенді түрде жүзеге асырылуда. – Соның ішінде білім беру саласы өкілдерін ақпараттандыру жүйесімен қамтамасыз ету де – біздің назарымызда. Біз өз тарапымыздан қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытында жұмыстанудамыз. Батыс Қазақстандағы бес ауданды алдағы екі жылда талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу жоспарланды. Мұндай жағдайда интернетке қосылатын, интернетке қосылу жылдамдығы мен жаңа ақпараттарға қолжетімділігі артатын мектептер саны көбейері сөзсіз, – деді Қуанышбек Бақытбекұлы.
«BilimmediaGroup» ЖШС директоры, Ұлттық аударма бюросының басшысы Рауан Кенжеханұлы өз баяндамасын «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы шеңберінде қолға алынған іс-шаралардың нәтижесінен бастады. – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының алты бағытының бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Аталмыш бюроның құрылуына негіз болған жобаның басты мақсаты – әлемдегі ең озық оқу орындарында қолданылатын үздік оқулықтарды қазақ тіліне аударып, жоғары оқу орындарына жеткізу. Жуырда Елбасының қатысуымен өткен жиында сол 100 оқулықтың алғашқы 18-ін таныстырдық, – дей келе, сол кітаптар туралы бейнеүзікті қатысушылардың назарына ұсынды.
– Білім саласы ондағы берілетін білімнің мазмұны тұрғысынан жаңармаса, онда басқа салалардағы жұмыстың барлығы біз күткендей нәтиже беруі өте күрделі. Сол себепті Елбасы осы мәселеге баса назар аударып отыр, – деді Рауан Кенжеханұлы. Бұдан әрі «BilimmediaGroup» ЖШС басшысы білім берудің сапасын арттыруға бағытталған «BilimLand», «Twig», «academia.kz», «Bilim Book» сынды интернет-ресурстармен таныстырды.
«БатысБілімTalks» лекторийі жобасының келесі сессиясына «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымының орынбасары Нәзипа Аюбаева қатысады деп күтілуде.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім айнасы»,
Орал