Home » Жаңалықтар » ХХІ ғасырдағы қазақстандық ата-ана: өз балаңа үлгі бол

ХХІ ғасырдағы қазақстандық ата-ана: өз балаңа үлгі бол

102 мектеп-гимназия қабырғасында 8-9 қыркүйек күндері 1, 10, 11 сынып оқушыларының ата-аналарына «ХХІ ғасырдағы Қазақстандық ата-ана: өз балаңа үлгі бол» атты бірыңғай республикалық ата-аналар конференциясы болып өтті. Конференцияға жалпы 650-ге жуық ата-ана қатысты. Жиын  мектеп-гимназия директоры А.О.Мусинаның алғы сөзімен басталса, аталмыш шараға қатысқан қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Р.А.Кенешованың, Отбасылық Тәрбиелеу Институтының маманы, отбасылық психолог Е.А.Фусттың, Қарағанды облысы білім басқармасы бөлімінің басшысы Г.К.Кабдиеваның,  облыстық оқу-әдістемелік орталығының бөлім меңгерушісі С.М.Елешованың, «Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының директоры М.Ж.Сыздыковтың құттықтау сөздерімен жалғасын тапты. Конференцияның негізгі міндеті ата-аналарға педагогикалық- психологиялық көмек көрсету, балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қалыптастыру, интернет тəуелділігінің алдын алу, сонымен қатар бала тəрбиесі үшін отбасы берекесінің маңыздылығын түсіндіру болатын. Сол себепті сөз тізгінін мектеп-гимназия психологтары А.А.Алибекова мен Ш.Ж.Кадырова өз баяндамаларымен жалғастырды. Баяндама барысында психологтар «Баланың мектепке бейімделуі», «Баланың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету», «Мектеп ортасында деструктивті діни ағымдар енгізудің алдын алу», «Отбасылық құндылықтарды нығайту», «Отбасы тәрбиесіндегі жасөспірімдердің суицидтік мінез-құлқына себепші болуы мүмкін қателіктер» тақырыптарын қозғады. Сонымен қатар ата-аналарға бала тәрбиесіне, жалпы бала психологиясына байланысты бүгінгі күні аса өзекті мәселеге айналып отырған жасөспірімнің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, интернет-тәуелділік қалыптасуының алдын алу бойынша шараларын ұсынып, бейнероликтер мен слайдтар көрсетіп, құнды кеңестер беріп, жаднамалар таратып, сауалнама жүргізді.

Жиын соңында мектеп-гимназия басшысы А.О.Мусина: «Балаларға көмек көрсетудің ең дұрыс тәсілі — бұл олардың ата-аналарына көмек көрсету екендігін баса айтты. Өйткені тәрбиенің бастауы — отбасында жатыр. Әрбір ата-ананың өмірі, оның мінез-құлқы бала үшін үлгі. Балаларға біліммен қатар дұрыс тәрбие де берілу керек. Ұлы ойшыл Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың һас жауы» дейді. Сол себепті біз балаларға ақпарат беріп, кітап оқытып, тек білім мәселесімен ғана айналыспай, тәрбиеге де баса мән беруіміз қажет. Сондықтан мектеп пен отбасы арасындағы өзара сыйластық пен сенім, тығыз ынтымақтастық болуы керек. Бүгінгі ата-аналар конференциясының міндеті де мектеп пен отбасы арасындағы ынтымақтастықтың іргетасын берік қалау. Болашақта осындай форматтағы кездесулер әлі де өз жалғасын табады деген сенімдемін», — деп түйіндеді сөзін мектеп-гимназия басшысы.

 

Жұпар Мұратқызы,
№102 мектеп-гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.