Бала – болашақ, бала – елдің ертеңі. Демек, олардың түзік тәрбие, дұрыс бағдар алуына тұтас қоғам жауапты, міндетті. Бұл тек ата-ана мен мұғалімнің арқасына арта салар іс емес. Әсіресе, қазақтың баласы ұлттық құндылықтарды бойына дарытып, санасына ұлтжандылықтың сәулесін сіңіріп есейгені игі. Ол үшін қайтпек керек? Мәселенің өзегі, мақаланың тұздығы осында.
Қазір технология тірліктің төріне жайғасып, діл мен дәстүрді табалдырыққа ысырған шақ. Иммунитетіміз интернетпен ғана «күшейіп», түрлі «торлардың» тұтқыны болып барамыз. Кезінде «тетристардың» тілін таппаған аға буын бүгінде смартфонның құлағында ойнайды. Замананың легінен қалыспаған дұрыс та шығар… Алайда, осының барлығы ұлттық болмысымызға кері әсерін тигізіп, сананың сөлін сорып жатқанын ескермейміз. Ал, үлкендер үлгі болу керек емес пе?!
Хош, негізгі мәселеге ойысайық. Осы ғаламатордың ғаламаты салтанат құрып тұрғанда мұғалімдер қауымының қызметі салмақтана түсті. Статуысын айтпаймыз, қиындығын қаузап отырмын. Жіліктей кетейін, ұстаз өз пәні бойынша сабақ береді. Бірақ, оқушысының ойы, зейіні бәрібір желілердің жетегінде жүреді. Көп жағдайда. Сондықтан, шәкірттерге құр ілім берген бұрыс болар. Бұл жерде мұғалім халықтық педагогикаға иек артқаны игі. Ал, халықтық педагогика дегеніміз не?…
Бұл терминді әдебиетке ең алғаш енгізген – орыстың ұлы педагогы әрі жазушысы Константин Ушинский болатын. Ол халықтық ауыз әдебиеті шығармаларынан «орыс халық педагогикасының алқашқы ғажап талпыныстарын» көре білді. Ал, қазақта халықтық тағылиматтың кең өріс, келісті көрініс табуы халықтық мақалдары мен мәтелдерінде, шешендік сөздерінде, халықтың даналықтарында. Жанағы мақал-мәтелдер, жұмбақ-жаңылтпаштар және аңыз-әңгімелер мұғалімнің сабағымен бірге қос өрімдей қатар өріліп, оқушыға берілсе, ұтымды әрі сіңімді болары сөзсіз. Қазақтың әр нақыл сөзі, мақал-мәтелінде тағылым, патротизм, білім бар. Тегінде ең берекелі, ең парасатты тәжірибе, әрине, халық түйген тұжырымдар, ғасырлар бойы зергерлік ұқыптылықпен сұрыпталған үрдістер, дамыған даналық дәстүрлер, ұстаздық ойлар болса керек-ті. Демек, кейінгі ұрпақты тәрбиелеуде мұғалімдер қауымы халықтық педогогиканы пайдаланып, балаларды төл тағылымға сусындатқаны ләзім.
Өкінішке қарай, халықтық педогогика бүгінде кенжелеп тұр. Жоқтың қасы. Тек, аға буын ұстаздар ғана сабақ барысында қазақ даналығын аз-кем айтып, іргелі педогогиканың сәл сәулесін түсіреді. Ал, жас мамандардың жайы айтпаса да түсінікті. Сол себепті, халықтық педогогиканы жандандандырып, жаңғырту керек. Жаппай жаһандану үрдісінде ұлттық болмысымызды, бояуымызды жоғалтпаудың төте жолы, тиімді тетігі бұл. Сәйкесінше, алдымен мұғалімдердің осы бағыттағы шеберлігін одан әрі шыңдау керек. Ал, ұстаздардың халықтық педогогикадағы біліктілігі артса, оқушылардың да отансүйгіш, елжанды болып тәрбиеленеріне сенім мол.
Д.К. Карбозова
Академия бөлімінің бас маманы