Халқымыздың арғы-бергі тарихы мен дәстүрін,
тарихи асыл мұраларын біліп, қастерлеп,
бүгініміз бен келешегіміздің құнарлы топырақ,
нәрлі қайнарына айналдыру – өмір қажеттілігі,
адамзаттық, перзенттік парызымыз.
Бүгінгі ұрпағымыздың бойына халқымыздың ғасырлар бойы қастер тұтып келген ар-намыс, ождан, атамекен, ана тіліне сүйіспеншілік, әдет-иба, қайырымдылық, үлкенді және ата-ананы сыйлау, құрметтеу қасиетін дарыту – олардың өз еліне өгей тартып кетпеуінің басты шарты.
Сондықтан ұрпақ тәрбиесі жайындағы озық ұлттық мұра – халық педагогикасын оқу-тәрбие процесіне енгізіп, соның негізінде ізгілікті тәрбие беру аса маңызды міндет деп білу керек. Халықтық педагогика – кешегі өткен данагөй қариялардан, ғұлама ойшылдар мен шешен-билерден, басшылар мен ақын-жыраулардан, бақсы-балгерлерден, сал-серілерден мұра, мирас болып қалған ұлы тәрбие құралы, халық тәлімі жөніндегі ой-тәжірибесінің жиынтығы. Ол – даналыққа толы мақал-мәтелдер, ол – түн ұйқысын төрт бөлген ананың ыстық махаббатқа толы әлдиі, бесік жырлары, балдырғанның балдай тәтті тіліне оралған тақпағы, жұмбағы мен жаңылтпаштары, қиял-ғажайып ертегілері мен жырлары, думаны мол балалық шақтың қызығы – ұлттық ойындар, мерекелер мен тойлар.
Баланы ұлттық дәстүрлер негізінде тәрбиелеу – бұл жауапты да күрделі міндет, оны іске асыру бала туғаннан бастап, әулет, балабақша, мектеп болып үздіксіз іске асатын процесс. Сондықтан біздің мақсатымыз – «Қазақ балабақшасындағы тәрбие тұжырымдамасын» негізге ала отырып, балабақшалардың жұмыс мазмұнын қазақ халқының ғасырлар бойы ұрпақ тәрбиесіне мұра болып келе жатқан ұлттық дәстүріне, тұрмыс-салтына, әдет-ғұрпына, әдебиетіне, өнеріне лайықтап қайта құру.
Оқу-тәрбие жұмыстарын халықтық тәлім-тәрбие негізінде жүйелі түрде жоспарлау, халықтық педагогиканың элементтерін пайдалана отырып, баланы өз тілінде сөйлеуге, ізгілікке, инабаттылыққа, кішіпейілділікке баулу, эстетикалық сезімін оятып, өмірдегі жақсы-жаман әрекеттерді ажырата, сезіне білуге үйрету. Ойлау, сөйлеу, қабылдау процестерін дамыту.
«Тәрбие бесіктен басталады» деп бағалаған халқымыз балаға дүниеге келген күннен бастап-ақ өзінің әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, наным-сенімдерін, кәсіби шаруашылықтарын құлағына құя отырып, оның ақылды, еңбексүйгіш, адамгершілігі мол, мәдениетін, ел намысын қорғайтын ер азамат болып өсуін қалап, осы қасиеттерді бүлдіршіннің бойына дарытуды борыш, міндет деп санаған.
Балаға өмір сыйлаған ана тал бесігін тербей отырып, «Бесік жырын» айтып, бар аналық мейірімін, сүйіспеншілігін, көңіліндегі ой-арманын, мақсат-тілегін білдірген. Белгілі қазақ фольклор зерттеушісі Б.Уахатов «Бесік жырын» ананың ішкі монологы деп дәл көрсеткен. Осындай «Бесік жыры» үлгілерін балабақша тәрбиешілері сәбилер тобында бөбектерді ұйықтатар кезінде айтуларына болады. Жағымды ән әуенін естігенде бала езу тартып, шаттанады, әуенді ырғаққа елтіп, маужырап ұйықтап кетеді.
Ересек жастағы балаларды «Тұсау кесер» рәсімімен таныстырғанда ырымның орындалу жолдарына басты назар аударған жөн. Тұсау үш рет кесіледі. Алдымен, ала жіптен кесілетіні – ержеткенде ешкімнің ала жібін аттамай, адал болып өссін деген; екінші, ішекпен кесілетіні елің, халқың тоқ болсын, қайғың жоқ болсын деген; үшінші, көк шөппен кесілетіні, осы шөптей қаулап өсіп, өркендей берсін деген мақсатпен орындалатынын түсіндіру керек. Тәрбиеші балалармен «Тұсау кесер» жырын үйрене отырып, өздерінің де кішкентай сәби кездерінде тұсауларын үлкендердің кескендерін осы жыр арқылы жақсы тілектердің айтылғанын естеріне түсіреді.
Тілі жаңа шыққан сәбидің тілін ары қарай жетілдіру мақсатында тәрбиешінің алдында жауапты да күрделі міндет тұрады. Тәрбиеші әрбір сәбидің жеке-дара физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерін, еліктеуіш сөздерді қаншалықты меңгергенін ескере отырып, әрбір бүлдіршінге тез меңгеріп алатын, айтылуы жеңіл, тез жатталатын 2-3 сөзден құралған қарапайым сөйлемдерді үйретуге кіріседі. Халқымыздың ата кәсібі төрт түлікке негізделген шаруашылық болғандықтан, біз осы жан-жануарларды шақыруға, қайыруға арналған жеңіл өлең сөздерді жаттатқыза отырып, әрбір түліктің өздеріне тән қасиеттерімен балаларды таныстыра аламыз.
Мысаы: «Қуырмаш», «Ақбілек», «Бақа-бақа» тағы басқа. Мектеп жасына дейінгі баланың тілін дамыту мақсатында, соның ішінде айтылуы қиын кейбір дыбыстардың ашық, анық айтылуы үшін күн тәртібінің әрбір кезеңдерінде жаңылтпаштарды кеңінен қолдануларына болады.
Мысалы: Әншейінде ұрыншақ, Шұрқырамас құлыншақ,тағы басқа.
Осылайша, айтылуы қиын сөздердің тілдің ішкі үйлесіміне сай бірыңғай ұяң, бірыңғай ашық дауысты және дауыссыз дыбыстармен қатар келетін тұлғалас сөздермен тіркестіре отырып, жаңылтпашты қайта-қайта айтқызу арқылы баланың тілін жаттықтырамыз.
Балабақшада бүлдіршіндерге сан алуан табиғат құбылыстарының ерекше қасиет белгілері туралы алғашқы мәліметтер береміз. Осындай жұмыстар барысында ой тастайтын жұмбақтарды кеңінен пайдалана отырып, баланың ойын, қиялын шарықтатып, ойлау қабілетін дамытып, тапқырлыққа баулимыз.
Мысалы: Жылт-жылт еткен, Жылғадан өткен.
Мақал-мәтелдер – халқымыздың жиі қолданатын тәрбие құралы, балаларды еңбекке, адамгершілікке, елін сүюге, достыққа, бірлікке тәрбиелейді.
Ұлы Абай атамыз мақал-мәтелдерді жоғары бағалай келе, оны да талғап пайдалану керек деген. Бала атаулының зейінді, зерек, айтқанды қағып алатын, ең ұғымтал кезеңі – мектеп жасына дейінгі шақ.
Ата-бабаларымыздың дәстүрлі халықтық тәрбиесінің тәжірибелеріне көз салсақ, осы кезеңде балаларға тәрбие беру ісі жан-жақты тіл үйрету, ақыл-ойын өсіру, денесін жетілдіру, еңбекке баулу, ең бастысы, адамгершілік ізгі қасиеттерді сіңіру бағытында жүргізілгенін көреміз.
«Дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар» деп халық ең озық дәстүрлерді дәріптеп, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдырған. Халқымызда ұл балалар, ер адамдар үлкендермен қол ұсынысып: «Ассалаумағалейкүм» деп амандасқан, екі бейтаныс адам кездессе кішісі сәлем берген, үлкені сәлемін алып, жөн сұрайтын. Үлкен кісі тұрғанда дауыс көтеріп сөйлеуге, сөзін бөлуге болмаған. Асты оң қолмен ұсынған. Осы сияқты әр түрлі дәстүрлерді балаларға балабақшадан үйреткен жөн. Әрбір балғын бөбекті кішіпейіл, жинақы, әдептілікке, сөйлеу үлгісіне, ізеттілікке тәрбиелеуде әрбір педагог халық этикасының маңызды екенін, содан туындайтындай болу үшін халықтық педагогиканың үлгілерін тиімді пайдалана білсе, көздеген мақсатына жете алатынын терең түсінуі керек. Халықтық педагогика сан салалы, мазмұны бай. Біздің мақсатымыз – балабақшадағы оқу-тәрбие жұмыстарын ұлттық тәлім-тәрбие негізінде жүйелі түрде жоспарлау, халықтық педагогиканың элементтерін ұйымдастырылған оқу қызметінде, іс-шараларда тиімді пайдалану. Пайдалана білу үшін ол мұраларды терең оқып-үйрену, игеру қажет.
Гулмира Демжанова,
БҚО,Сырым ауданы Ж. Досмұхамедов атындағы жалпы
білім беретін орта мектеп-балабақша
кешенінің жоғары санатты тәрбиешісі.