Кусаинова Самал Сапарбековна
биология пәнінің оқытушысы
«Солтүстік Қазақстан медицина колледжі» ШЖҚ КМК
Қазіргі кезде біздің жас жеткіншектерімізге халық педагогикасы өте қажет-ақ. Өйткені, халық педагогикасы жастарды жинақылыққа, тәрбиелікке, имандылыққа, жауапкершілікке үйретеді, сонымен қатар халқымыздың түпкі тамырында жатқан әдет-ғұрыптарын меңгереді. Кез келген пәндерде тақырыпты халық педагогикасымен байланыстыра өткізуге болады.
Әдетте, осы құндылықтың мән-мағынасын ұғындыру, жастардың санасына, сезіміне, түйсігіне, мінез-құлқына әсер ететіндей дәрежеде жеткізу педагогтың шеберлігіне байланысты. Сондықтан әсіресе қазіргі кезде ұлттық құндылықтар, тәрбие арқылы халық педагогикасынан нәр алып адами құндылықтардың барлық саласын бойына сіңірген, елжанды азаматтар тәрбиелеу артық болмас еді.
Білім берудің нәтижелілігі – білім алумен бірге, біліктілік дағдыларына, заман талабына сай ұлттық құндылықтарды бойына дарыту, жан-жақты дамыған білімді, өз ісіне және өзгенің ісіне әділ баға беретін, функционалдық сауаттылығы қалыптасқан жеке тұлға қалыптастыру болып табылады. Мен өзімнің биология пәні сабағында халық педагогикасын көбірек қолдануға тырысамын.
Халық педагогикасын биология сабақтарында мынандай мақсаттары мен міндеттер арқылы іске асырамын:
— ұлттық құндылықтарды дәріптеу;
— салт-дәстүрді құрметтеу;
— халық педагогикасына жете мән беру;
— салауатты өмір салтын ұстану;
— сабақ барысында тақырыпқа байланысты мақал-мәтелдерді, жұмбақтар мен нақыл сөздерді қолдану.
Мысалға, генетика тарауы бойынша, қазақ халқының жеті ата ауқымындағы туыстық атау, шежіре құрастыруда өз ата-бабалары туралы мағлұматтар жинау ұсынылды. Биология сабағында биологиялық шежіре картасы толтырылды (осылайша әр жеткіншек өзінің жеті атасын және не үшін білу қажеттілігін түсінеді әрі өмірде әсіресе отбасылық құру кезінде маңызы зор екенін біледі).
— «Тұқым қуалаушылық пен ұрпақ сабақтастығының орны жайлы» ойларын бөлісті; (осы орайда жеті атаның рөлінің орны ерекшеленеді)
— «Ата-анадан өсіп ұрпақ таралған.
Жақсы, жаман болса бала солардан» тақырыбында ата-аналар кеңесі өткізілді.
«Қатаң ұста – бос жүрмесін сандалып,
Болса, тәртіп – бала өседі сомдалып» тақырыбында ата-әжелермен дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Алдағы уақытта да осы жұмыстарды тақырып бойынша жүйелі түрде өзгерістер енгізу арқылы жалғастырамын.
Менің тағы қосарым ойымдағы мәселемді мысалға келтірсем бе деп едім. Соған тоқталып кетсем, әрине бұл жеке менің ғана ойым. Қазіргі ата-аналар міндетінде қандай жауапкершілік жүктелген ?
«Қатаң ұста – бос жүрмесін сандалып,
Болса, тәртіп – бала өседі сомдалып»
Ең бірінші тәртіп жоқ. Қазіргі жас отбасынан «отбасындағы тәрбие» деген сауал қойылса: «Үйде ақыл – кеңес беретін ата-әжеміз жоқ. Біз болсақ, таңертеңнен кешке дейін жұмыстамыз. Бала тәрбиесіне уақыт шектеулі» — дейді. Әрине бұған барлық ата-аналарды бірдей жатқызуға болмайды.
Бала нені білсе жастан, ұядан
Өле өлгенше соны таныр қиядан, — дегендей бала тәрбиесіне көбіне шеше жауапты. Ескінің жырын жаңартатын ата-аналар көп болса, нұр үстіне нұр болар еді. Бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын ата-ананың баласы да өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтыны сөзсіз.
Балаға имандылық, ар – ождан – ата – анадан туындайтын үрдіс емес пе. Бала тілі шыға бастағаннан, отбасының үлкендерінен сұрап білгісі келеді. Кейбір ата-ана жоқтан өзгені сұрайсың, — деп жазғырады. Білмегенді білуге адам бойына жақсы қасиеттерді сіңірту – үлкендердің парызы. Сондықтан бұрынғы қалыптасқан тәрбиесі мол салттарымызды жоғалтып алмай, оны өмірде қолданып, дамыту өзімізге байланысты. Мен «қазақпын» деген адам – халқымыздың тілін, дәстүрін білмеуі мүмкін емес. Ғұлама ғалымдарымыздың өзі де осы тәрбиеден шықты емес пе? Сондықтан халқымыздың әдеп-ғұрпы мен салтын бойларына сіңірсек, ол бала тәрбиелі болып өсері сөзсіз.
«Бір баланың шығар – шықпас жаны бар,
Көп баласы бардың үйінде маздаған шамы бар»
«Қос уыс алтын берсең, үшіншісін қоса сұрар».
Тағы бір көкейтесті мәселе жайлы сөз қозғасам, иә, қазір бір-екі бала туып – сол баланың тәрбиесіне емес, оны тең құрбысынан кем қалмасын — деп бағалы киім, компьютер, машина әперіп қамтамасыз етеді. Бәрі дайын. Енді мұндай балаларда «проблема» бола ма? Мұның бәрі болсыншы-ақ, бірақ бала қиналмай тапқан затының қадірін білмей өспей ме? Басқаның еңбегін қадірлей білмейтін балалар осыдан шықпай ма?
Сондықтан тәрбиелі өнегелі ұл-қызың өссе – ол отбасының мерейі, бас көзі.
Ұлттық тәрбиені қаз-қалпында атадан балаға ұластырудың сабақтастығын тұрақты сақтау міндетін дұрыс түсінсек қолайсыз, келеңсіз жағдайлар орын алмас еді.