Қазақ ауыз әдебиетін зерттеу ісі шын мәнінде Кеңестік дәуірде қолға алынып, ғылыми жолға қойылды. Бұл кезде ауыз әдебиетін зерттейтін – фольклористика деп аталатын ғылым қалыптасты. Фольклорист ғалымдар қатары өсіп, соның нәтижесінде жалпы халық ауыз әдебиетінің және оның жеке түрлерінің туу, қалыптасу, даму тарихы жайында газет-журналдық мақалалар, үлкен ғылыми зерттеулер (монографиялық, кандидаттық, докторлық диссертациялар, мектеп пен жоғарғы оқу орындарына арналған оқулықтар т.б.) жазылып, баспа жүзінде жарияланды.
Ересек ұрпақ қол үзіп, жеткіншек ұрпақ көз жазып қала жаздаған ата-бабаның аяулы дәстүрін, қастерлі салт-ғұрпын, мәдениетін, өзіндік үлгі өнегесін балалар бойына сіңіру – көпшілік міндеті. Әйтсе де, осы орайда ұстаздың орны ерекше. Өйткені ұстаз – оқу мен тәрбиенің негізгі бөлігін бала бойына сіңіруші, жас ұрпақты оқытып алған білімін кеңейтіп, көркемдік талғамдарын арттыруда, өмірге қөзқарастарын дұрыс қалыптастырып халықтық тәрбие беруде, ізгі мінез-құлық ұлттық қасиеттерін қалыптастыруда ана тілі мен әдебиеті пәнінің атқарар міндеті мол, орны ерекше. Баланың ұлттық сезімін ояту үшін, сабақ жүйесін ұлттық дәстүрмен ұштастырып және халық ауыз әдебиетінің асыл үлгілерін оқу процесінде қолдану арқылы, ғасырлар бойы тасада қалып келген тамаша дәстүрлерімізді қайта жандандырып, ұрпақтар бойына сіңіруге үлкен көмегін тигізері сөзсіз. Сонымен бірге, оқушылар халқымыздың өткен тарихына ойлы көз тастап, қарым-қатынас өнердегі салт-дәстүрлерді саналы түрде сезініп өседі. Яғни, Б. Момышұлының сөзімен жаңғыртсақ: «Халық тәжірибесі тек бізге ғана емес, біздің ұрпақтарымыз үшін де қымбат қасиет».
Олай болса, халық ауыз әдебиетінің асыл мұраларын сабақтың белгілі бір кезеңінде ұтымды пайдаланып, халықтық мұраны оқу-тәрбие үрдісіне енгізу басты парызымыз. Халқымыздың асыл мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізу, олардың зердесін дамытуға мұғалімнің және ата-ананың рөлі зор. Сонымен, ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді зерттей отырып, ұлы бабаларымыздан мұра болып қалған халық ауыз әдебиетін қазіргі оқу-процесінде тиімді қолданып, оқушылардың логикалық ойлау қабілетін арттырып, сөздік қорын молайтып, тілін дамыту мәселесі кешенді зерттелу үстінде.
Әрі ақын, әрі ғалым М.Ж. Көпеевтің қазақ фольклорын жинау, жүйелеу жөніндегі еңбегі ерекше. М.Ж. Көпеевтің ел аузынан жинаған «Мес» атты қолжазба мұралары «Тұрмыс-салт жырлары», «Аңыздар», «Ақын-жыраулар туралы», «Айтыстар», «Ертегілер», «Батырлар жыры туралы» деп аталатын бөлімдермен жарық көрді. Мұның өзі Мәшһүр Жүсіп Көпеев есімінің ішінде ақындығымен аңызға айналуы ғана емес, халық ауыз әдебиетінің үлкен жанашыры болғанын көрсетеді.
Қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерінің балаға тигізер әсерін, үлгі-өнегесі мен тәлім-тәрбиесін ғылыми тұрғыдан жан-жақты қарастырған бірден-бір зерттеуші ғалымның бірі – Ш. Ахметов. Ол қазақ халық ауыз әдебиетінің мән-мағынасын ашып, әрбір жанрға жеке-жеке тоқтала отырып, әрқайсысына анықтама беріп, өзіндік ерекшеліктерін сипаттап баланың ақыл-ойын, қиялын, танымын, тілін дамытуда атқаратын қызметін дәлелді түрде көрсетіп берген. Халықтық мұраларды жинап зерттеуші ғалым Б. Адамбеков қазақ мақал-мәтелдері мен шешендік өнерінің қалыптасып, дамуына арналған еңбегінде «Ауыз әдебиетінде мақал-мәтелдің араласпайтын жанры жоқ. Ертегі аңыз, әңгіме, дастан-жыр, халық өлеңдерінде, тіпті жұмбақтар мен тақпақтарда да сөзді әрлеу үшін мақал-мәтелдер дәлел, айшық ретінде қолданылады» деп жазады. Балалар фольклорын жанрлық жағынан жүйелеуде филолог-ғалым Ш.Ыбраевтың еңбегі үшін «Ақ сандық, көк сандық» (1988 ж.) деген жинақта ғалым балалар фольклорын жанрлық жағынан жіктеп, санамақ, бесік жыры, төрт түлік жырлары, ойын өлеңдері, өтірік өлеңдер, тақпақтармен қатар қаламақ, сұрамақ, арнау-тілек өлеңдері, мазақтама сияқты терминдерді ғылыми айналымға енгізген.
Сонымен фольклорист-ғалымдардың ауыз әдебиеті жөніндегі еңбектеріне шолу жасай келе, оның фольклор тарихын танып білуге жол ашатынын, халықтық мұраның жас ұрпаққа үйретері мен үлгі етері мол асыл қазына екендігін айқын көреміз. Ауыз әдебиетінің адам өміріндегі орны жөнінде айтқан маңызды ой пікірлері оқушыларға туған елін, өскен жерін сүйетін, тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қастерлеп сақтай алатын азамат болып өсуіне негіз болатыны сөзсіз. Халықтың шығармалардың терең ойымен көркем тілі баланы айнала қоршаған ортамен, адамдармен қарым-қатынас жасай алуына, өмірге өзін бейімдей білуіне, мінез-құлқын, өзіндік танымын орнықтыруға әсерін тигізетін ұлттық құндылық екенін фольклорист-ғалымдардың еңбектері айқындай түседі.
Қазіргі кезеңде жалпы білім беретін мектептегі білім мазмұнын түбегейлі жаңарту жұмысы басталды. Соның алғашқысы – жалпы білім жүйесінің іргетасы, негізгі болып есептелетін мектептердегі жаңартылған білім мазмұнына сай бағдарламалар жасау. Мысалы: М. Балтабаев «Елім-ай» музыка бағдарламасы, жас ғалым педагог Мұхамедрақым Қыдырбайұлы орта мектепке ұлттық тәрбиеге арнап жазған «Атамекен» бағдарламасы кеңінен қолданылуда.
Бағдарламаның мақсаты – оқушылар бойына өз ұлтының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін сіңіру. Бұл бағдарламалар тек жоғары сыныпқа арналған, ал мектептің Қазақ әдебиеті пәніне арналған бағдарламалар жоқтың қасы. Бүгінгі жас ұрпаққа жан-жақты білім беру, тәрбиелеу – әрбір ұстаздың басты міндеті. Қайсыбір мұғалімдер сабақтың жаңа түрін пайдаланса, кейбіреуі жаңашыл мұғалімнің тәжірибесін қолданады. Қай әдісті пайдаланса да мақсат – бағдарламадағы материалдың мазмұнын шәкірт бойына сіңіру. Білім негізі бастауышта болғандықтан, оның мұғалімі – басты тұлға. Демек, мектептің жаңа жүйеге көшуі әрбір мұғалімнен жаңа жұмыс істеуді, шығармашылық ізденісті талап етеді. Ұлы педагог М.Жұмабаев сөзімен жаңғыртсақ: «Мұғалім — өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанмен оның мұғалімдігі де жойылады»,- деді.
Әр мұғалім өзінше ізденеді, ғылыми-педагогикалық әдебиеттерге, әдістемелерге, озат-тәжірибелі ұстаздардың тәжірибелеріне сүйеніп сабақты түрлендіріп, қызықты өткізуге бар күшін салады. Қандай сабақта да оқушыларды ізденіске баулу, логикалық ойлау қабілетін арттырып, сөздік қорын молайтып, тілін дамыту – мұғалімнің басты мақсаты болмақ. Осы мақсатты жүзеге асырудың бірден-бір тиімді жолы – оқу-тәрбие процесінде халық ауыз әдебиетінің озық үлгілерін пайдалану.
Бүгінгі күннің тілек талабы тұрғысынан білім мазмұнын жаңарту, оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдерін қолданып, заман ағымына жауап беру – мұғалімдерге жауапты істер жүктейді. Осындай мәні мен маңызы зор өзекті мәселелердің бірі – оқушы тілін дамыту. Сабақ процесінде оқушының тілін дамытып қалыптастыруда өз ұлтымыздың ауызекі шығармашылығының тигізер ықпалы зор. Халқымыздың ертегі, ауыз әңгімелері, мақал-мәтелдері, жұмбақ-жаңылтпаштары, ойнауы жеңілдікпен берілген. Халық ауыз әдебиеттің асыл үлгілерін төмендегі сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне сәйкес сұрыптап пайдалану, мән-мағынасын түсіндіріп жатқа айтқызу баланың тіл әлеміне деген қызығушылығын арттырады. Баланың оқуына күшті әсер ететін мотивтердің бірі – халық ауыз әдебиетінің асыл үлгілері. Жұмбақ айтқызу баланы тапқырлыққа үйретіп, ойлау қабілеті мен тілін ұштайды. Ал жаңылтпаш тілі келмей бұзып айтатын дыбыстарды анық айтуға жаттықтырады. Қызықты сюжетке құрылған ертегілерді, аңыздарды т.б. мәнерлеп оқытып, өздеріне мазмұнын айтқызса, ойы да, тілі де дамиды. Тіл дамытуда мақал-мәтелді пайдаланып сөйлем құрату тілге көрік береді. Әрине, мақал-мәтелдерді пайдаланудың әдіс-тәсілдері көп. Оларды тиімді пайдалану мұғалімнің педагогикалық шеберлігіне байланысты болады. Тілді дамытудың тағы бір кілті – шешендік сөздер. Шешендік сөздер жастарды оуға, өнерге, парасаттылыққа және сөз құдіретін қадірлей білуге үйретеді. Сонымен бірге шешендік сөз тіл мәдениетінің өсуіне, ұлттық сананың оянуына септігін тигізеді. Тілді үйретіп дамытуда А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ә. Табылдиев, С. Рахметова, Б. Кәтенбаева, А. Шашақова т.б. еңбектерінен тиімді әдіс-тәсілдерді көруге болады.
Сонымен мектептің Қазақ әдебиеті, ана тілі пәндерінің сабақ жоспарына мақал-мәтелдерді, жұмбақтарды, ертегілерді, жаңылтпаштарды, шешендік сөздерді оқытуға кеңірек орын, сағат берілсе, тіл мәдениетімен тілдің, ойдың дамуына ықпалы тиер еді.
Зерттеу шеңбері қарастырғандай, біз мақал-мәтел, жаңылтпаш, жұмбақтарды пән сабақтарында ғана емес, сонымен бірге сыныптан тыс атқарылған жұмыстарда да пайдаланып құба-құп санаймыз.
Болашақ ұстаздар, тәрбиешілер және ата-аналар балаларының тілін, ойын дамытуда халыққа жаңылтпаш, жұмбақ, мақал-мәтелдер, қанатты және шешендік сөзі молынан пайдаланса, халқымыздың арасынан шебер сөйлейтін, дауларды шеше алатын Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, Жиренше шешен т.б. сынды шешен би балалар шығады деп үміттенеміз.
Алгалиева Айнұр Нурсолтановна,
Ерланов Думан Ерланұлы,
№ 29 ЖОББМ,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері,
ШҚО, Семей қаласы