Тәуелсіздігімізді алып,өркениеттілікке құлаш сермеген бүгінгі таңда адамгершілігі мол,сапалы да салауатты ұрпақ тәрбиелеуде халықтық тәрбиенің алатын орны ерекше. «Жастар біздің болашағымыз» дейтін болсақ, сол жастарымызды ұлтын сүйетін ұлтжанды, Отанын сүйетін патриот, жоғары адамгершілік иесі, ұлттық рухы биік парасатты азамат етіп тәрбиелеу үшін оларға ұлттық тәрбие қажет екенін өмірдің өзі-ақ көрсетіп отыр. Сабақ үрдісінде оқушыларға тұрмыстық тәрбиеге байланысты салт-дәстүрлер, бала дүниеге келгеннен өскенге дейінгі аралықта қолданылатын салт-дәстүр, ырым-тыйымның рөлі, сәлемдесу әдебі, сыйластық, қонақ күту, ас ішу әдебі, инабаттылық дәстүрлері, сөйлеу әдебі және киім кию тәрбиесі, ұлттық тәрбиедегі еңбек тәрбиесінің орны, қазақ халқының озық мәдениет үлгілері мен олардың тәрбиелік мәні сияқты ұлттық құндылықтарымызды оқытуымыз керек. Осы арқылы білім беру ісі мен ұлттық тәрбие бірлігіне қол жеткізіп, жаңа ғасырдың жаңа сипаттағы интеллектуалды ұрпағын қалыптастыру ісі басты нысанаға алынып отыр.
Ұлттық тәрбиенің көздері: Фольклор, халық ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, мақал-мәтелдер, ұлы ойшылдардың еңбегінде жатыр. Міне, бұл орайда ұлттық салт-дәстүрлерді үйрету сабақта және сыныптан тыс сабақтарда,тәрбие сағаттарында көрсету үрдіске айналып келеді . Еліміздің ертеңін сеніп тапсыратын отансүйгіш, еңбекқор ұрпақ тәрбиелеу үшін аянбай тер төгуіміз қажет. Сондықтан халық ауыз әдебиеті үлгілерін оқытуда тек оны оқытып, жаттатып, талдатып қана қоюға болмайды. Сол арқылы тәрбиелеу керек. Ата — дәстүрімізді мақтан етіп, оқушы жүрегінде өзінің қазақ болып туғанына мақтаныш ететіндей сезімді оятуымыз қажет. Мысалы:«Айналдырған тас» туралы аңызды тыңдап көріңіздерші: «Ел кезіп жүрген бір адам келе жатса, бір алдында жатқан үлкен тасты көреді. Ол таста «Аудар да, оқы» — деп жазылған жазуды көреді. Ол тасты әрең дегенде аударып, екінші жағын қараса, «Өз білгеніңе назар аудармай, жаңа білім неге іздейсің?» — деген жазуды оқиды», яғни бала тәрбиесінде туындап жатқан мәселенің шешімі өзімізде екендігін көруге болады.
«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» болғандықтан әдебиеттік оқу сабағында оқушыларға тақпақтарды жалаң жаттатып, ертегілерді құр оқытып қана қоймай, оны оқушының санасына сіңіріп, мағынасына терең бойлатуға тырысамын. Ол үшін түрлі көрнекі құралдарды пайдаланып «Тазша бала», «Қожанасыр», «Алдар көсе» сынды ертегі кейіпкерлерін балалардың өздеріне ойнатып, жан-жақты амал-тәсілдерді қолдануымыз керек. Сондай-ақ ежелгі ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды, тарихымызды балалардың жадына жастайынан сіңіріп өсіруіміз шарт. Мысалы өткен тарихымыздан сыр шертетін «Көшпенділер» фильмін, одан соң Желтоқсан оқиғасын, тәуелсіздіктің қалай келгендігін жас балдырғандарға ересектер сияқты түсіндіре алмайсың. Ол болашақ ұрпақты ұлтын сүйе білуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Сақина салу», «Орамал тастау» сияқты ұлттық ойындар қабақ үстінде де ойнатуымыз керек. Бұл олардың өз халқына деген сүйіспеншілігі мен құрметін арттыра түсетіні кәміл. Болашақ ұрпақ осы бастан қазақтың ұлттық киімдері мен ою-өрнектерімен танысып, «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегендей, домбырамыз бен «бесік жырын» айтып, ақ бесікке әлдилеп жолбарыс жүрек батырлар мен ақындарды тәрбиелеген апа-әжелеріміздің бізге қалдырған ақ бесігін көріп өссіндеген ниетпен «Бесікке салу, тұсау кесу,сырға салу т.б салт-дәстүрлерді тәрбие сағаттарында көрсетуге тырысамын. Әрине, қазіргі балаларды бұрынғылармен салыстыруға болмайды. Ертеректе балалармен жұмыс жасау бүгінгіге қарағанда әлдеқайда жеңіл болатын. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетіп, айтқаныңды екі етпейтін. Қазіргі балаларымыз бір үйдің еркесі, бір үйдің жалғызы дегендей… Оларды тек «алдап» көндірмесең ештеңе істете алмайсың. Оның үстіне бұл тек мектептің ғана емес, үйдегі тәрбиеге де байланысты. Сондықтан біз, көбінесе, балалардың ата-аналарымен кеңесіп, бірлесіп жұмыс істейміз. Мені қынжылтатын тағы бір мәселе – қазіргі балалар уақытын пайдалы істерге жұмсамай, компьютердің алдында өткізеді. Ол баланы еңбек етуден алыстатып, ойлау қабілетін төмендететіні сөзсіз.Сондықтан «Жақсыдан
үйреніп, жаманнан жиренуге»нақыл сөздердің құндылығымен тәрбиелеуге жетелейміз.
Халқымыз өз ұрпағын бесікте жаткан кезінен өлең-жыр мен әңгіме, ертегі, тақпақ, санамақ арқылы тәрбиелеп отырған. Бала аяғын жерге нық басқаннан кезден қоршаған ортаның құпиясын ғылыми тұрғыдан сезініп білмесе де, жұлдыздарға, түрлі белгілерге қарап жол тауып, қаршадайынан есту, көру сезімдері шынығып, алыстағыны болжайтын, жоғалғанды табатын ізшіл де, мерген де болған. Кәсібі, тіршілігі мал шаруашылығына байланысты болғандықтан, бала 5—6 жасынан ат құлағында ойнай бастайды, бір естігенін қалтқысыз есте сақтайтын қабілеті күшті, әңгімеге үйір көшпелі халықтың баласы небір қызық ертегілерді, жыр-дастандарды жаттап алатын болған. Сөз өнерінің әдемі кестелері олардын сөйлеу корын байытып, мағыналы да мәнді сөйлеуге жаттықтыра беретін. Халықтық шығармалар ішіндегі әр жакты айқын бейне, қызықты оқиға, әдемі қисын, жақсы ұйқастардың бәрі балаларды қуантып, еліктіре әсер етіп, ой-пікірін шыңдап отырған. Бүгінгі күнде Қазақстан Республикамыздың тағдырына үлкен үлесін қосып отырғанын оқушыға дәлелмен жеткізу керек. Сондай-ақ, халық педагогикасын ың мәйегіне айналған бесік жырында халықтың төл тарихының, дәстүрлі мәдениетінің, ежелгі наным-сенімінің, дүниетанымының көрнісі барын, бесік жырын дана халқымыз ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп танитынын оқушы санасына берік орнатуға тиіспіз.Қазақ халқының ұлттық тәлім тәрбиесі мен мәдениеті талай халықтардың өкілдерін таң қалдырғаны тарихи жазбалардан белгілі. Ұлы саяхатшылар мен зерттеушілер қазақтың ежелгі тұрмыс тіршілігі, мәдениеті мен ауыз әдебиеті туралы, ер адамдар мен әйелдердің моральдік этикалық ерекшеліктері туралы, олардың тұрмыстағы, кәсіптегі, отбасындағы, әулеттегі, рудағы әлеуметтік орны туралы, ұлттық наным, сенім, әдет ғұрпы, мінезі, көшпенді өмір сүргеніне қарамастан салты мен дәстүрінің біртұтастығы, біртұтас тілде сөйлеуі, қолөнері мен бейнелеу өнерінің, ауыз әдебиеті және музыка өнерінің жалпы дала мәдениетінің таң қаларлық үлгілері туралы таңдай қаға айтып, баяндайды. Ендеше осындай ұлылықты, халқымыздың бай саралы да саналы дәстүрлерін еліміздің болашағы -өзіміздің алдымызда отырған ұрпағымызға үйрету –ұстаз қауымының бірінші міндеті деп білемін.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. ӘОК 37.035.6 Ешмұратова.Д.С «Бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие берудің педагогикалық шарттары» Қазақстан Республикасы Қарағанды, 2008 2. Ныязбекова К.С.Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Мемлекеттік тіл кафедрасының оқытушысы, Алматы қаласы, ҚазақстанҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ/
«Өрлеу»БАҰО» АҚ АОБПҚБАИ
«Басқару және білім сапасы»
кафедрасының
аға оқытушысы: Самарканова А.А.