Home » Балабақша » Халық ауыз әдебиеті арқылы балаларды имандылыққа тәрбиелеу

Халық ауыз әдебиеті арқылы балаларды имандылыққа тәрбиелеу

«Қазіргі уақытта балаларды қалай имандылыққа тәрбиелейміз?» «Ол үшін қандай әдебиеттерді пайдаланамыз және қай кезде керекті шараларды қолданамыз?» деген сауалдар туындайды. Ол үшін имандылық сөзін тікелей сипаттамамен толықтырсақ. Имандылық — ар-ұяттың, тағылымды істің көрінісі. Ал мектепке дейінгі балаға ар-ұяттың не екенін қалай түсіндіреміз? Ол үшін халық ауыз әдебиетінің шағын шығармаларды баланың бойына, мінезіне, жасына сай қолдануымыз қажет. Келешек ұрпақтың болашағына жол көрсетіп, дүниетанымын, әдебиеттің рухани құндылықтарын алып, баланың ақыл-ойын тереңдетіп, даму барысында имани тәлім бере отырып қалыптастыру керек. Себебі, имандылық – тәрбиенің бастауы.

Халық ауыз әдебиеті — қазақ халқының ғасырлар қойнауынан ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұрасы, сөз өнерiнiң асыл қазынасы. Халық ауыз әдебиетінің негізгі жанрлары – тұрмыс салт-жырлары, жұмбақтар, жаңылтпаштар. мақал-мәтелдер, тақпақтар, ертегілер, батырлар жыры, тарихи жырлар, айтыс, шешендік сөздер. Алдыңғы аға буын ауыз әдебиетіміздің жанрларын толығынан қолданып, өмірге деген көзқарастарын, дүниетанымын байыта білген. Ата-бабаларымыз ертеден табиғатпен тіл табыса біліп, оны қажетінше өз пайдасына, ақыл мен зерделі мақсаттарына жарата білген. Табиғатпен саналы түрде қарым-қатынас жасап, одан өз керегін ғана алып, өзіндік ой қалыптастырған.

Балабақшаға келген балалардың күнделікті күн тәртібінде әр жанрды әр қалай қызықтыра отыра түсіндірсек, ол баланы жалықтырмай жан-жақты рухани құндылықтарын байытары хақ еді. «Баланы өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» делінген, демек халық ауыз әдебиетімен таныстыра отырып, елжанды болуға баулып, ана тілін қастерлеп, құрмет тұтуға үйрету, топтастырып, жұмыс жасап, бір-біріне көмек бере білуге, сыйлауға, үлкендерді құрметтеуге, ұйымшылдыққа тәрбиелеу, мақал-мәтел, жұмбақтар айту арқылы ойлау қабілеттерін арттырып, ертегілер арқылы имандылыққа жетелей беруіміз – біздің міндет.

Дүниетанымдық тұрғыдан келсек, иман, инабат, адамшылық, ізгілік іздерінің қайнар көзі, имандылық бастауы – халық ауыз әдебиеті.

Ахметказиева Света Ахметказыновна,

№46 «Самал» балабақшасы, тәрбиеші,

Астана қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.