Home » Жаңалықтар » Халықаралық ынтымақтастық аясында

Халықаралық ынтымақтастық аясында

Ағымдағы жылдың 21-22 қарашасы күні «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында» «Білім және ғылымдағы инновациялар» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференция жұмысына ҚР Ұлттық білім академиясы, ҚР Ұлттық тестілеу орталығы, «Өрлеу» «БАҰО» АҚ қызметкерлері, қазақстандық, шетелдік сарапшы-ғалымдар, ЖОО профессор-оқытушылар құрамы, республикалық білім басқармалары мен бөлім басшылары, қызметкерлері, PhD докторанттар мен магистранттар, мектеп ұстаздары қатысты.

Іс-шараның мақсаты: білім және ғылымдағы инновациялар траекториясын жетілдіру, халықаралық тәжірибедегі педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың ерекшеліктерін саралау.

Конференцияның пленарлық отырысын п.ғ.д., профессор, «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша ПҚБАИ» директоры Кенесбаев Серік Мұхтарұлы салтанатты түрде ашып, бұл конференцияны ұйымдастыру қажеттілігі кездейсоқтық емес, инновациялық ғылыми және әдіснамалық зерттеулерді талқылау уақыт пен қоғамның талабынан туындағандығын айтты. Серік Мұхтарұлының айтуынша, мұғалім мамандығының мәртебесі мен беделін көтеру – ең маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта институт басқа елдердің отандық және ғылыми сарапшыларымен бірлесе отырып, белсенді жұмыс жүргізеді. Мұндай шығармашылық қоғамдастық инновациялық әлеуетті арттыруға лайықты үлес қосады.

Пленарлық отырыста п.ғ.д., профессор, Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті Педагогика және психология факультетінің деканы Жиенбаева Сайра Нағашыбайқызы «Мектепке дейінгі білім беру сапасын қамтамасыз ету жүйесіндегі педагогикалық мониторинг мәселелері» тақырыбында; п.ғ.д., профессор, «Сауат ашу», «Қазақ тілі» оқулықтарының авторы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Жұмабаева Азия Елеупанқызы «Сапалы оқулық көрсеткіштері» тақырыбында; Грециядан келген профессор, доктор Мэнди Уоткинс-Мукас «Сын тұрғысынан ойлауды дамыту әдістемесі» (Methods of Critical Thinking Development); ҚР Ұлттық Бірыңғай Тестілеу Орталығының жетекші сарапшысы Искакова Альмира Мұхтарқызы «Модернизация казахстанских экзаменов: единое национальное тестирование, итоговая аттестация»; Түркия Анкара Омер Халисдемер Университеті, Саясаттану және халықаралық қатынастар факультетінің ғалымы (Ömer Halisdemir University, Siyaset Bilimi ve Uluslararası İlişkiler Bölümü/Political Science and International Relations. Ankara, Turkey) Торғай Дөйн «Латын графикасы» тақырыбы бойынша баяндамалар жасап, аталған өзекті мәселелер бойынша ой қозғады.

Филиал директорының орынбасары, саяси ғылымдар докторы, доцент Толқын Ауелгазина және Басқару және білім сапасы кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Алмаш Тұралбаеваның басшылығымен ғылыми-әдістемелік форумды ұйымдастыру комитетінің ұзақ уақыт бойы жүргізген дайындығын да атап өту керек. Нәтижесінде конференция бағдарламасында 200-ден астам ғылыми мақалалар мен баяндамалар төмендегі тақырыптық бағыттар бойынша жарияланды:

  • Физика-математика ғылымдары;
  • Химия-биология ғылымдары;
  • Техникалық ғылым және информатика;
  • Тарих ғылымдары және археология;
  • Экономикалық ғылымдар және менеджмент;
  • Әлеуметтік-философиялық ғылымдар;
  • Филологиялық ғылымдар;
  • Психологиялық-педагогикалық ғылымдар;
  • Өнертану.

Секциялық отырыстың модераторлары мен хатшылары «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының» кафедра меңгерушілері мен оқытушылары болды. Конференцияға қатысушылар қазіргі заманның маңызды мәселелері – еліміздегі білім беру жүйесін жетілдіру, оның сапасын жоғарылату, озық халықаралық стандарттар, жас ұрпақты озық білімдермен қамтамасыз ету және тағы басқа мәселелер талқыға түскен секцияларда белсенді атсалысты.

Іс-шара барысында позитивті, көңілді атмосфера болды. Сертификат, алғыс хат пен құрмет грамоталарын иеленген қатысушылар ұйымдастыру алқасына ризашылықтарын білдірді.

Халықаралық ғылыми-әдістемелік конференцияның қорытындысы бойынша қатысушылар негізгі білім сапасын жақсартуға, білім берудің ғылыми зерттеулермен байланысын нығайтуға, оқытушылар мен тыңдаушылар арасындағы бірлескен қызметті үйлестіруге негізделген мұғалімдердің біліктілігін арттыруға бағытталған дәйекті іс-қимылдарды қамтитын Қарар қабылдады.

Айгүл НҰРАҚБАЕВА,

 «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы

 бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты»,

 Қоғаммен байланыс және баспа қызметі бөлімінің бас маманы

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.