Байназарова Гульсин Ахмедовна
Алматы қаласы,
Алматы көпсалалы колледжінің
математика пәнінің оқытушысы
Өтетін жері: спортзал
Қатысатын оқушылар: ІІ курс оқушылары (тізім қосымша)
Мақсаты: оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында математика пәніне деген қызығушылықтарын, ынтасын арттыру және спорттың денсаулыққа пайдасы зор екендігін түсіндіру. Салауатты өмір салтын қалыптастыра отыра ептілікке, жылдамдылыққа, шапшаңдылыққа және ойларын тез жинақтауға тәрбиелеу.
Қажетті құралдар: есептер, қанатты сөздер, доп, қап, секіртпе, скейт, теннис добы, гантель.
Ашылуы: «Жанкүйерлер биі», №56 топ оқушыларының биі.
1 жүргізуші: Армысыздар құрметті көрермендер! «УНИВЕРСИАДА – 2017» интелектуалды марафон-жарысына қош келдіңіздер!
2 жүргізуші: Қош келдіңіздер.
Уа халқым назар аудар денсаулыққа
Өмірде бақыттысың дені сауда
Денсаулық терең бақыт деген сөзді
Құр айтпаған ұлы Абай данамызда.
1 жүргізуші: Универсиада деген атау алған алғашқы спорт жарысы 1959 жылы Италияның Турин қаласында өтті. Содан бергі кезеңде Универсиада әлемдегі ең айшықты халықаралық бұқаралық спорт және мәдени оқиғалардың біріне айналды. Универсиаданың бір мақсаты – спортты білім беру жүйесінің маңызды элементтерінің бірі ретінде ілгерілету. Универсиаданы Алматыда өткізу туралы ресми шешім 2011 жылғы 29 қарашада Брюссельде Халықаралық университеттік спорт федерациясында (FISU) өткен дауыс беру нәтижесінде қабылданды. Осылайша, Алматы бұрынғы кеңістік елдерінің ішінде бірінші болып, 2017 жылы XXVIII қысқы Универсиаданың астанасына айналды.
Алматыда өтетін 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы универсиаданың тұмары ретінде сұңқар таңдалды. Тұмарды ұсынушылардың пікірінше, сұңқар жылдамдықты, жеңілдікті, күш-қуат пен жеңіске деген құлшынысты бейнелейді. Логотип айқын көрінетін динамикалық пішіні бар сұңқар қанаты түрінде жасалған. Осы символға орай, Алматыдағы Универсиаданың ұранына «Қанатыңды кең серпі!» тіркесі таңдалды.
Сондықтан да бүгінгі Жаратылыстану-математикалық пәндер апталығына орай откізіліп отырған «УНИВЕРСИАДА – 2017» интеллектуалды марафон-жарысына қатысушыларға «Қанатыңды кең серпі!» — деп айта отырып ортаға шақырамыз.
2 жүргізуші: Әр таңды интернетпен аттырамыз
Ақпаратты ой көгінде бақылаңыз,
Сайысқа қатысуға енді ортаға
«Алгоритм» тобын шақырамыз.
1 жүргізуші: Салауатты өмір салтын сақтайтын
Есептерден ешқашанда қашпайтын
Интеграл тобы келді сайысқа
Өз топтарын жақтайтын — деп ортаға «Интеграл» тобын шақырамыз.
2 жүргізуші: Ұстанған салауатты өмір салтын
Жасқанып ешқашанда мойымайтын
Болашақ математиктер келді ортаға
Қол соғып қарсы алайық «Квант» тобын.
1 жүргізуші: Бүгінде математика барлық жақта
Құрылыста, техникада, универсиада да
Олай болса шақырайық ортаға
«Арифметика» тобын таңдана .
2 жүргізуші: Кітап алып қолына
Берілген ғылым жолына
Есепті шешу түк емес
«Симметрия» тобына
1 жүргізуші: Жиналған ылғи дарындар,
Жүректе отжлын бар.
«Болашақ» тобын, халайық,
Қол соғып қарсы алайық!
«Болашақ» тобын ортаға шақырайық!
2 жүргізуші: Ал, құрметті халайық!
Жарысты енді көріңдер
Әділ қазы алқасы
Әділ баға беріңдер!
Сайысты бастамас бұрын, сайысымызға әділ баға беретін әділқазылар алқасымен таныстырайық:
- ОЖ директордың орынбасары Сулиманова В.А.
- Әдіскер Жумакова Г.С.
- ЦӘК төрайымы Бейсембаева Д.С.
- Математика пәнінің мұғалімі: Асылбаева Ә.
Және төреші: Т Мақсат
1 жүргізуші: Бүгінгі интелектуалды марафон-жарысымыз 5 балдық жүйемен бағаланады.
Сайыстың бағдарламасы 5 кезеңнен тұрады
І кезең: «Таныстыру»
(Топты таныстыру, ұраны)
ІІ кезең: «Эстафета» сайысы
(Әр түрлі тәсілмен жүгіріп барып есеп шығару)
ІІІ кезең: «Капитандар» сайысы «Көбейту кестесін ұмытпадың ба?»
(Гірді көтере отырып көбейту кестесін айту)
IV кезең: «Сурет салу» сайысы
(Команданың әр мүшесі кедергілерден өту арқылы тапсырманы орындап, фигураның атау жазылған сол геометриялық фигураны салу)
V кезең: «Адасқан әріптер» сайысы
(Секіртпемен секіріп барып, ілінген шар ішіндегі тапсырманы алып, секіртпемен қайта қайтып, есінде қалған сөзді командамен құрастырып, шыққан сөзге түсінік беру)
2 жүргізуші: Әр кезеңнен кейін әділ қазылар өз бағаларын береді.
Құрметті сайыскерлер! Сіздерге сәт сапар!
1-2 жүргізуші бірге: Сайысымызды бастаймыз.
1-топ: «Алгоритм» тобы
2-топ: «Интеграл» тобы
3-топ: «Квант» тобы
4-топ: «Арифметика» тобы
5-топ: «Симметрия» тобы
6-топ: «Болашақ» тобы
1 жүргізуші: Сайысымыздың бірінші бөлімі «Таныстыру». Бұл сайыста әр топ өзін таныстырады. (Топты таныстыру, ұраны)
2 жүргізуші: Сайысымыздың І кезеңі аяқталды. Әділ қазылар алқасы І кезең бойынша өз бағаларыңызды берсеңіздер. ………..Рахмет.
1 жүргізуші: Шынықсаң шымыр боласың,
Сауығып айдай толасың.
Спортты серік ете біл,
Жақсы азамат боласың.- дей келе екінші кезеңге көшеміз.
1 жүргізуші: Сайысымыздың ІІ кезеңі: «Эстафета» сайысы. Әр түрлі тәсілмен жүгіріп барып есеп шығару.
- 1-ші ойыншы жүгіріп барып тақтадағы өзіне арналған есепті шығарып келеді;
- 2-ші ойыншы оң аяқпен секіріп барып, өзіне арналған есепті шығарып, сол аяғымен қайту;
- 3-ші ойыншы теннис шарын түсірмей барып өзіне арналған есепті шығарып қайтады;
- 4-ші ойыншы тізесінің арасына қыстырылған допты түсірмей барып өзіне арналған есепті шығарып қайтады;
- 5-ші ойыншы қаппен секіріп барып өзіне арналған есепті шығарып қайтады;
- 6 –ші ойыншы обручпен секіріп барып өзіне арналған есепті шығарып келеді;
2 жүргізуші: Сайысымыздың ІІ кезеңі аяқталды. Әділ қазылар алқасы ІІ кезең бойынша өз бағаларыңызды берулеріңізді сұраймыз. ………..Рахмет.
1 жүргізуші: Спорт көркі өмірдің, спорт досың серігің – деп, сайысымыздың ІІІ «Көбейту кестесін ұмытпадың ба?» кезеңіне көшейік. Әр команда капитаны ортаға шығып, гірді көтере отырып көбейту кестесін айту.
2 жүргізуші: Сайысымыздың ІІІ кезеңі аяқталды. Әділ қазылар алқасы ІІІ кезең бойынша өз бағаларыңызды берсеңіздер. ………..Рахмет.
1 жүргізуші: Болам десең жақсы маман
Сіздерге математика керек-қой
Сондықтан да жарандар
Бұл ғылымның тілін біліп қой! – дей келе келесі IV- «Суретін салу » кезеңіне кезек береміз. Команданың әр мүшесі кедергілерден өту арқылы тапсырманы орындап Фигураның атауы жазылған геометриялық фигуралардың суретін салу.
2 жүргізуші: Сайысымыздың IV кезеңі аяқталды. Әділ қазылар алқасы IV кезең бойынша өз бағаларыңызды берсеңіздер. ………..Рахмет.
1 жүргізуші: Денсаулық – ол шыныққан
Барлық дене мүшесі
Денсаулық — ол тыныққан
Жүйке тамыр жүйесі
Денсаулық – ол күлуің
Көңіл – күйің жадырай
Денсаулық – ол жүруің
Ешбір жерің ауырмай – деп келесі V: «Адасқан әріптер» сайысы кезеңіне кезек береміз.
Шарты: секіртпемен секіріп барып, ілінген шар ішіндегі тапсырманы алып, секіртпемен қайта қайтып, ішінен шыққан сөзді командамен құрастырып, шыққан сөзге түсінік беру.
2 жүргізуші: Сайысымыздың V кезеңі аяқталды. Әділ қазылар алқасы V кезең бойынша өз бағаларыңызды берсеңіздер. ………..Рахмет.
Жүргізуші: Әділ қазылар алқасы өздерінің әділ шешімдерін шығарғанша Елемес Т.ның орындауында «Біздің жігіттер» әнін қабыл алыңыздар.
1 жүргізуші: Жарыс заңы ежелден —
Жеңімпазды анықтау
Жеңімпаз болу шарты сол —
Еңбектену, жалықпау
Біреу озса сайыста,
Біреу артта қалады
Жеңілгендер ренжімей
Тараса бізге жарады — демекші сайысымыздың шарттары бойынша қорытынды
шығарып жеңімпаздарды анықтау үшін, марапаттау сөз әділқазыларға беріледі.
- І орын № 42 топ
- ІІ орын № 34 топ
- ІІІ орын № 41 топ
2 жүргізуші: Құрметті қонақтар! Келгендеріңізге көп — көп рахмет. Келесі кездескенше сау болыңыздар!
Ән: «Көк тудың желбірегені» әні орындалады.