Home » Жаңалықтар » «Төртінші өнеркәсіп революция жағдайындағы адами капитал» атты Жамбыл облыстық тамыз конференциясы

«Төртінші өнеркәсіп революция жағдайындағы адами капитал» атты Жамбыл облыстық тамыз конференциясы

 Биыл Жамбыл облысындағы білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясы «Төртінші өнеркәсіп революция жағдайындағы адами капитал» атты тақырыппен «Баласағұн» орталық концерт залында өтті. Жиынға Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов пен ҚР Парламенті сенатының депутаты Абдалы Нұралиев, аймақтағы мәслихат депуттары, білім саласының басқарма, бөлім басшылары мен ұстаздар қауымы қатысты.

     Жалпы, білім беру жүйесін дамытуға облыста ерекше назар аударылып келеді. Биыл білім жүйесін қаржыландыруға 106,1 млрд.теңге бөлініпті. Сонымен қатар, білім нысаналарына 4,9 млрд теңге бөлініп, 14 білім ордаларының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 9 мектептің құрылысы аяқталып, жуырда пайдалануға беріледі. Апатты жағдайдағы 3, үш ауысымда жұмыс істейтін 3, оқушы орны тапшылығы бар 3 мектептің мәселесі жан-жақты талқыланып, шешіледі.

Аймақтағы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған 3-6 жастағы балалардың үлесі 91%-ды құрады (ҚР-90,5%). Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95%-ға жеткізу үшін 45 мектепке дейінгі мекемелерді ашу жоспарланған. Оның 31-і жекеменшік балабақша. Сонымен бірге, Тараз қаласында балаларды кезекке қою мен жолдама берудің автоматтандырылған жүйесін енгізу көзделуде.

Білім саласындағы реформаларға сәйкес бүгінге дейін 1,2,5,7 сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына көшсе, жаңа оқу жылынан бастап 3,6,8-ші сыныптар жаңартылған білім беру мазмұндағы бағдарламамен оқиды. Осыған орай, 15633 мұғалім деңгейлік курстан өтіп, яғни олардың 63,3%-ы жаңа бағдарлама бойынша оқытуға сақадай сай.

Жамбыл облысының дарынды оқушылары биыл да халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 143 медаль иеленіп, 7-ші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын иеленсе, дарынды ер балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» мектеп-интернаты 10-шы жыл қатарынан «Үздік олимпиада мектебі» атанды.

«Шәкірті ұстазынан озар» дегендей, дарынды оқушылардың жетістігі – мұғалімнің тынымсыз еңбегінің жемісі.  Бүгінгі мұғалім жаңалыққа жақын, үнемі ізденіс үстіндегі шығармашылыққа қабілетті тұлға болуы тиіс. Ал, ұстаз жетістігін айтар болсақ, ағымдағы жылы облыстың 508 педагогы республикалық байқаулардан жеңімпаз атанды.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа баллы өткен жылмен салыстырғанда 11,5 балға жоғарылап, 89,4-ті құрады. Тестілеу нәтижесінде Жамбыл облысы республика көлемінде алдыңғы үштіктен көрінді. Осыған орай, 2017-2018 ж.ж. түлектердің 3000-нан астамы мемлекеттік білім гранттарын жеңіп алды.

2018-2019 оқу жылында облыста жаратылыстану-математика пәндерін тереңдетіп оқытатын 11 мектеп-лицей ашылып, олар арнайы мектептермен қамтамасыздандырылады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңартылған білім беру мазмұны бойынша жұмыс істейтін 16363 (66,3%) педагогқа лауазымдық жалақысына 30% қосымша ақы төленсе, 1 қыркүйектен бастап 2181 (8,8%) мұғалімнің біліктілігіне қарай 30 пайыздан 50 пайызға дейін қосымша ақы төленетін болады.

Өткен оқу жылында 45 мектепте үш тілде оқытуға көшу бойынша биология, химия, физика, информатика пәндері ағылшын тілінде жүргізілсе, 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 185 мектепте аталған пәндер ағылшын тілінде оқытуды қолға алады.

Облыста дарынды балаларға арналған мамандандырылған ІТ лицей-интернатын ашу жоспарланып, оқушыларға бағдарламалауды, робототехника негіздерін және 3D модельдеуді үйрететін 12 IT сынып ашу көзделіп, бүгінде оның 11-і білімді жастардың  игілігіне жұмыс жасауда.

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының  «Туған жер» жобасын  іске асыру мақсатында оқушылардың өлкетанулық білім мазмұнын кеңейтуге, туған өлке тарихы туралы тың мәліметтерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін, өлкенің тарихы, мәдениеті туралы мәліметтер жинақталған облыста тұңғыш рет 5,6,7 сыныптарға арналған «Өлкетану. Жамбыл облысы» оқулығы дайындалды.

Сондай-ақ, алдағы оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 5024 орын мемлекеттік білім тапсырысы бөлінді. Оның 3324-і (66,1%) — жұмысшы мамандықтар. Қазіргі таңда дуальды оқыту жүйесімен 49 колледждің 33-і қамтылған. 23 колледжде (20 мемлекеттік, 3 мемлекеттік емес) 1609 студент жатақханамен қамтылған.  Жамбыл политехникалық жоғары және Құлан ауылшаруашылық колледждерінде жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. «WorldSkills-2018» чемпионатына облыстан техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқитын жастар арасынан 14 құзіреттілік бойынша 34 студент қатысып, 12 құзіреттілік бойынша 15 жүлделі орынды иеленді.

Облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмахамбетова аймақтағы оқушылар мен ұстаздардың жетістіктерін атап өтіп, колледждердің жатақханаларына арналған жер телімдерінің бөлінгендігін жеткізді.

Ал, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, заман талабына сай білікті әрі бәсекеге қабілетті жастарды дайындауда педагогтардың жауапкершілігінің жүгі ауыр екендігін айта кетіп,  мақсат: математика мен физика пәндерін тереңдетіп оқытып, ел мүддесі үшін еңбек ететін жастардың қатарының көбейту екендігін жеткізді. Сонымен бірге, 1 қазаннан бастап, мұғалімдердің жұмысқа тұруы автоматты түрде жүргізіліп, бақшаларға да балалар онлайн режимде қабылданатын болады.

Жиын соңында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қолынан бірқатар білікті ұстаздар «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» құрмет грамотасымен марапатталып, «Ыбырай Алтынсарин» атындағы   медальдарды иеленді. Ал, білім саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген «Білім-инновация» мектеп интернаты 22 млн.627 мың теңгенің сертификатын алды.

 

Жансая Құрманғалиқызы,

Тараз қаласы,

Білім айнасы

 

 

 

 

   

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.