Мақсаты: оқушыларды Отанды, елді жерді сүюге, туған ел тарихын білуге еліміздің мемлекеттік рәміздерін қастерлеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: видео роликтер, слайд, шар, нақыл сөздер жазылған плакаттар.
Барысы: Армысыздар құрметті ұстаздар мен оқушылар! Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз тұғыры биік болсын»! атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер! Сіздерді Қазақстан Республикасындағы ең негізгі мейрам — Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз!
Атыңнан айналайын егемен ел,
Тәуелсіз күнің туды, кенеле бер.
Мерейің құтты болсын, Қазақстан,
Ғасырлар тойы болшы келе берер! (музыка ойналып оқушылар сыныпқа «Қазақстан бақытты» әнімен кіреді)
«Тәуелсіз тұғыры биік болсын» атты ашық тәрбие сағатын ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер.
ҚР мемлекеттік гимн орындалсын.
(балалар орындарына отырады)
Бүгінгі тәрбие сағаты 3 бөлімнен тұрады.
1.Кеше. «Бабалар аңсаған тәуелсіздік»
Алтайдан Алатауға дейін ұланғайыр жерді мекен еткен ата-бабаларымыз Тәуелсіздікті арман еткен. Осынау кең даланы көк найзаның ұшымен, сом білектің күшімен қорғаған бабаларымыздың аманатын орындау үшін талай боздақтар жанкештілікке барған. Олай болса 1 бөлімге назар аударайық.
Осы жерде атап өтейік қазақ батырларымызды Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай үш жүздің басын қосқан Абылайхан.
Азамат: Тәуелсіздік биік болсын, тұғырың,
Тарылмасын терең алған тынысың.
Бұдан алған күндеріміз құрысын,
Ұзақ болсын ұзақ болсын ғұмырың.
Әмір: Ақталды бодақтардың ақ талабы,
Әділ іс әрқашанда ақталады.
Елі үшін жанын қиған асыл жандар,
Елі есінде мәңгілік сақталады.
Ресейдің езгісінде болып тіліміз бен дінімізден безіп орыстанғалы тұрғанда қыршын жастарымыз алаңға шықты. (осы арада видео көрсетіледі)
Міне содан бері 25 жыл!
Әмір: Тәуелсіздік бізге оңай келмейді,
Бұны ешкім аяп ешкім бермейді.
Тәуелсіздік — Қайрат, Ләззат, Ерболдың,
Тас көшеде тас-талқан боп өлгені.
Самира: Тұрағым Қазақстан елді мекенім,
Сүйгем жоқ сүйе алмаймын жерді бөтен.
Танытқан бар әлемге қазақ атын,
Туымды асқақтата желбіретем.
Нуржамал: Ұлан-ғайыр далам менің кеңдігі,
Ұзақ күтті-ау елім менің теңдігім.
Ата-бабам армандаған аңсаған,
Ұрпақтары көрді тәуелсіздігін.
1 бөлімді қорытындылау: Ұшқан құстың қанаты талатын осынау кең даланы біздің ата-бабамыз ғасырлар бойы ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап келді. Олай болса, балалар қыршын кеткен жастарға бір минут үнсіздік жариялайық.
- Бүгін «Тәуелсіздікке 25 жыл»
Ия балалар Ата-бабам армандаған, аңсаған тәуелсіздікті кейінгі біздер Ұрпақтары тәуелсіздікті көрдік. Олай болса, 2 бөлімге кезек берейік. Жалпы тәуелсіздік деген сөзді сендер қалай түсінесіңдер?
Тәуелсіз — өз алдына дербес, еркін мемлекет, өз байлығын өзі басқара алады, өз мәселесін өзі шешеді, ешкімге тәуелсіз емес.
(Слайд көрсетіледі) Күннің көзіне жан-жақтарына күннің шапағына 25 жылда жеткен жетістіктерімізді оқушылар жапсырады.
2-бөлімді қорытындылау:
Әмір:1991 жылы 1 желтоқсанда тұңғыш рет ҚР Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы сайланды.
Нұржамал: 1991 жылы қазақтың ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты.
Азамат: 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендік алды.
Самира: 2002 жылы «Денсаулық жылы» деп белгіленді.
Азамат: 1993 жылы Ұлттық теңгеге көшті.
Нұржамал: 1995 жылы 30 тамыз ҚР Ата заңымыз қабылданды.
Әмір: 1992, 1996 жылы Мемлекеттің жаңа әнұраны, елтаңбасы, туы қабылданды
Самира: 2003-2004 жылы «Ауыл жылы» болып саналды.
Әмір: 2000 жылы «Мәдениетті қолдау» жылы болды.
Ғани: 1998 жылы ҚР астанасы Астана қаласы болып тағайындалды.
3.Ертең «Мәңгілік ел»
- Тәуелсіздік менің өз ана тілімде еркін сөйлеуге мүмкіндік берді, біз өз ана тілімізде сөйлейміз.
- Тәуелсіз елдің ұланы біз сияқты бақытты.
- Тәуелсіз елдің ұланы ана тілін, ата тарихын бай дәстүрін қадірлейді.
- Тәуелсіз елдің ұланы қай елде білім алса да Қазақстанды дамытады.
- Тәуелсіздік мәңгі жасасын!
Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы.
Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді.
Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық.
Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық.
Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады.
Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел!
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын.
Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама.
Елбасымыз өзінің жолдауында: «Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек.
Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек»,- деп айтқан болатын.
(Оқушылар картаны шығарады)
Елбасымыз өзінің жолдауында айтып кеткендей, Қазақстан елін көркейтетін де, асқақтатын да, ең абыройлы, ең мәртебелі жол қылатын ол тек сіздер. Сондықтан да әрбір күндеріңіз мерекелі, әрбір істеріңіз берекелі болсын!
Тәуелсіз еліміздің аспаны ашық, елі аман, жұрты тыныш болсын, ел басқарған Елбасымыз аман болсын! Еліміздің болашағы жас ұрпақ, сендердің қолдарыңда. Бүгінгі тәрбие сағатымызды Елбасының мынадай сөзімен аяқтағым келіп отыр: “Еліңнің ұлы болсаң, еліңе шын жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың жалғыз ұлттық мемлекетінің көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет, елдің де, жердің де иесі екеніңді ұмытпа”.
Бір ата, бір ананың түлегіміз,
Бір болсын қайда жүрсек тілегіміз.
«Бірлік барда тірлік бар» деген бабам,
Бірлік деп бірге соқсын жүрегіміз.
Осымен ашық тәрбие сағатымыз өз мәресіне жетті. Назар қойып тыңдағандарыңызға рақмет! Келесі тәуелсіздік мерекесіне дейін аман-есен болыңыздар!
Куйтенова Гульманат Рамазановна
Бастауыш сынып мұғалімі
Шағырсай негізгі мектебі
Күзексай ауылы
Уәлиханов ауданы
Солтүстік Қазақстан облысы