Home » Жаңалықтар » Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ

Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ

…Тоңдырды мені,

Тоңдырды сені

Желтоқсан желі ызғарлы.

Солдырды гүлді,

Оңдырды нұрды,

Көңілде мұңды із қалды, — деген Әбдірахман Асылбек ақынның өлеңі қай кезеңді бейнелейтіні бәрімізге белгілі. Бұл өлең – халық мұңы. Десек те, қазақ халқы Тәуелсіздігін алғаннан бері әрбір 16 желтоқсан мерекесін бұл өлеңді шырқамай өтпейді. Бүгінде 2017 жылдың 13 желтоқсанында Астана қаласы №34 «Ақ бидай» балабақшасы Қазақстан Тәуелсіздігіне 26 жыл толуына орай ұйымдастырған ертеңгіліктерін зор қуанышпен өткізді.

Оның ішінде №8 «Қызғалдақ» ересек тобы тәрбиешісі Ерубаева Сарбиназ Хамитқызының «Тәуелсіз ел тірегім – білімді ұрпақ» атты мерекелік ертеңгілік іс-шарасына тоқталғымыз келді. Себебі, мектеп қабырғасына бір қадам аттағалы отырған №8 «Қызғалдақ» ересек тобы балаларының еліне деген сүйіспеншілігін, Тәуелсіз елі жайында не білетіні бәрімізді толғандырады.

Айтқанымыздай-ақ, топ атаулы мерекені Мемлекеттік рәміздеріміз – көк туды желбіретіп, Әнұранымызбен бастады. Өз деңгейлеріне сай сұрақтар қойылып, ойындар да ойналды. Балалардың бұл мерекені тұла бойымен ерекше сезінгендерін, басқа мерекелерге қарағанда аса жауапкершілікті қажет ететін патриоттық сезімдерін белсене қатысуынан байқауға болады. Ерубаева Сарбиназ Хамитқызының айтуынша, он тоғыз жыл еңбек өтілі сіңген балабақшадан жыл сайын түлектерді дайындайды. «Барлығы дерлік, сақадай сай: балаларымыздың оқуға қабілеттілігі, үлгерімі, ынтасы, өнерлерінің айшықтығы сияқты жан-жақты қасиет, ерекшеліктерін ата-аналардың толассыз алғыс-ризашылықтарынан естіп, жұмысымыздың нәтижесін көреміз», — деп ой түйді.

Жиырма жеті жылдық тарихы бар бұл балабақшаның бүгінге дейінгі ұжымдық жетістіктерін көрсеткенді жөн санадық. Мекемеге кіргеннен-ақ, қайнап жатқан қазандай, әрбір мерекеге үздіксіз дайындалатын балалардың еңбектерін, түрлі байқауға түсіп, сайыста жеңімпаз атанып жүрген ұжымдық мақтау қағаздарын балабақша қабырғаларында тұрған арнайы бұрыштан көргеніміз дәлел болды.

Солардың бірі, елордамыздың келесі жылғы жиырма жылдығына орай ұйымдастырылған қалааралық жарысқа қатысып, гала концертке өткен «Ақ бидай» атты балабақша хоры ағымдағы жылдың 14 желтоқсанында өнер көрсетеді. Ендеше, құрамында 16 бүлдіршіні бар «Ақ бидай» хор тобына сәттілік тілейміз.

Татулықты ту еткен, бейбіт халқымыздың әдемі өмір сүріп, Тәуелсіздігімізді тойлап жатқанымыз — елбасы саясатының арқасы десек болады.

Астана қаласы №34 «Ақ бидай» балабақшасы меңгерушісі Рысбаева Назкен Рыстыбайқызы: «Бұл мерекені атап өтпеуге болмайды. Себебі, тәлім-тәрбиені тал бесіктен, яғни балабақшадан қалыптастырамыз. Біздің мақсат – балаларды ұлттық сана сезімге баулып, тәрбиелей отырып Тәуелсіздікке қалай жеткенімізді, Тәуелсіздіктің оңай келмегенін, ата-бабаларымыздың ерен еңбегін ескере отырып, Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Ал бүгінгі №8 «Қызғалдақ» ересек тобы мен жетекшілерінің ұйымдастырған мерекелік ертеңгілігі өте жоғары деңгейде өтті. Әрине, мұндай жоғары көрсеткішке жауапты топ жетекшілерінің еңбегіне алғысымды білдіремін. Ерубаева Сарбиназ Хамитқызы – білікті маман, мінезі биязы, өз тобында үнемі сабақтарын, оқу қызметтерін кәсіби түрде өткізіп тұратын, жауапкершілігі мол тәрбиеші деп айта аламын. Ол кісіні біз Білім басқармасына 16 желтоқсанға қарсы марапаттауға ұсындық. Нәтижесінде, Алғыс хат табыстадық. Өйткені, бұл кісінің балаларының білімі жылдан жылға өсіп, мониторингтан өтіп, үнемі жаңашылдыққа ұмтылатынын білеміз. Бұдан шығатын қорытынды: өз жұмысының жанашыры, балаларды жақсы көретіндігі сезіліп тұрады. Әрине қасында көмекші жас маман да бар. Себебі, олардың да өз істерін тәжірибе алмасу арқылы жетілдіргені дұрыс».

«Ақ бидай» балабақшасы Тәуелсіздік мерекесін ерекшеліктерді негіз ете отырып, барлық он екі топтарында жас ерекшеліктеріне сай, өз деңгейлерінде өткізді.

          

Мұстафина Жансая Алибекқызы,

Білім айнасы,

Астана қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.