Қостанай облысы, Рудный қаласы
Дангилова Айгул Бакытжановна
«№19 орта мектебі» КММ
бастауыш сынып мұғалімі
Күнтізбеде айрықша қызылмен бедерленген айрықша мерекенің айшықтысы «Тәуелсіздік» күні де сәт сайын жақындап келеді. Біз тәуелсіздік туын, қазақтың көк байрағын биік көтеріп, ел екенімізді дәлелдеп, дүние жүзіне танылуымызға себеп болған және дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасын Тәуелсіздіктің түп тамыры деп танимыз. Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ, қазіргі қол жеткен еркіндігіміздің басы сонау аласапыран кезеңде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып күрескен ата-бабаларымыздың болашақ ұрпағы үшін қан төккен ерлігінен басталып, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасымен жалғасын тапты.
Осы орайда шәкірттерімізге Ләззат Асанова, Қайрат Рысқұлов, Ербол Сыпаатаев сынды аға — апаларының ерлігін дәріптеу арқылы патриоттық тәрбиенің дәнін себу дағдымызға айналып та үлгірді. Қазіргі заманғы ғылыми — техникалық үрдістің қарқыны білім жүйесінің алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Ол технологияның үздіксіз өзгерістеріне бейімдей отырып, жас жеткіншектің бойына елжандылық тәрбиесін қалыптастыру.
15 жылғы еңбек өтілімде оқушыларды патриоттық бағытта тәрбиелеу деңгейінің бірі шығармашылық екеніне көзім жетті. Менің пайымдауымша, дана Абайдың: «Білімдіден шыққан сөз — талаптыға болсын кез» дейтін тұжырымының мазмұны ұстаз бен шәкірт тұлғасын тең дәрежеде бірге көтеріп, біліктілік пен мәдениетте дамып, тұрақтап береке мен бақыт көзіне де бірге айналуы тиіс. Біз бүгін XXI ғасырдың есігін айқара ашып төріне еніп отырмыз.Қазақстан үшін жасампаз ғасырдың жаңалығы Тәуелсіздік жылдары жүріп өткен қазақстандық жолдан туындаған «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы жария етілді. Бұл мақсат – бұл «Мәңгілік Елді» нығайту, біздің ортақ құндылықтарымыз, еркін және өркендеген елде өмір сүруге деген талпынысымыз! «Мәңгілік Елдің» жеті қағидасы біздің дауымыздың арқаулық құндылықтарын, Қазақстан халқының ортақ мүддесі мен тарихи тағдырын айшықтайды. Осы орайда «Озық тәжірибе — көпке ортақ» демекші, «Тәуелсіздік толғауы» атты білімділік сабағын дөңгелек үстел басында шәкірттеріммен бірге қалай талдағанымды әріптестеріммен бөліскім келіп отыр. Алдымен 7 модульдің «Жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту» әдісін назарда ұстап, тақырыпты 3 сынып оқушыларының деңгейіне сай құрастырдым.
Топқа бөлу барысында көшбасшы, сыншы, бағалаушы, көмекші атауларын бере отырып, «Мәңгілік ел» тақырыбымен постер қорғауға бағыттадым. Мәңгілік ел идеясы саған қандай ой салды? Сендерден Елбасымыздың өзі зор үміт күтіп отырғанын ескерсек, сенің осы идеяға алып-қосарың бар ма? Олай болса, Мәңгілік ел идеясын жүзеге асырған қазақ елінің кескін-келбетін постерге қосымша берілген суреттермен, маркерлермен жинақтап түсіндіріп беріңдер деп тапсырма бердім. «Акроним» әдісінде Тәуелсіздік толғауы, Қазақстан сөздерінің бас әріптерінен сөздер ойлап жаздырттым. Бұл тұста әр топтағы оқушылар Тәуелсіздік сөзін жіктеп түсіндіріп бере алды.
Бүгінгі шәкірт — ертеңгі ел ертеңі. Ол бастауыш сыныптан бастап өзіне — өзі есеп беріп, сыни тұрғыда өзін — өзі тануы шарт. Осы мақсатта жаңа әдістің бірі «Рефлексия» кезінде «Бес саусақ» әдісі бойынша кері байланыс жасай білді. Өзін — өзі бағалау барысында әр топтағы сыншылар өз қызметтерін мінсіз атқарып шықты.
Ең маңыздысы саналарында «Мәңгілік ел» туралы ұғымдар қалыптасты. Венн диаграмассын пайдаланып, Кеңес үкіметін Тәуелсіз елмен салыстырдым. Патриоттық тәрбиеге бағытталған білімділік сабағым «Өз елім» әнімен өз мәресіне жетіп жатты. Сабақ кезеңінде 7 модульдың «Талантты және дарынды оқушылармен жұмыс» — та көрініс тауып жатты. Олай деу себебім, дарынды оқушылар болашақта өздеріне болжау жасап, болашаққа жоба сызса, кейбіреулері «Егер, мен Елбасы болсам…» деп мемлекет басшысына хат та жазыпты. Қорытынды кезінде,» Тәуелсіздік толғауы» ретінде аталған мәтіннің тақырыбының өзінен — ақ идеясы айқын білініп тұрғанын, тұтас мәтінді құрайтын тірек сөздерінің өзі тәуелсіз елге тірек боларлық ұғымдардын құралғаын, олай болса, бұл- барша қазақтың өткені мен бүгінінің көңіліндегі идея екенін айтып, мен де ойымды қостым. Еркін сабақ, еркін ой, ұшқыр қиял, туған жерге сүйіспеншілік бәрі — бәрі осы сабақта жалғасын тапты. Сонымен қатар «Тәрбиесіз берген білім, адамзаттың қас жауы» деп, даналық сөздің мәні осындай практикалық сабақта өз мазмұнын ашты десем артық айтқаным емес. Иә, бүгінгі күні тәуелсіздік ұландары егемен елдің көк туын жайқалтуда. Заманауи талапқа сай кез — келген адам «Тәуелсіздік маған не берді?» деп емес, «Тәуелсіздікке мен не бердім? өзіне сыни тұрғыдан қарауы тиіс. Осы орайда 15 жылғы еңбек өтілімдегі тәжірибемді саралап көрейін.
«Тәуелсіздік маған не берді?» Тәуелсіздік менің кәсіби біліктілігімді арттыруға мүмкіндік берді. 2013 жылы педагогикалық шеберлік орталығы іске асыратын Кембридж университетінің Бағдарламасы аясында екінші деңгей бағдарламасын тәмамдап, оқушылар мен мұғалімдердің оқуын іске асыратын көшбасшы атандым.
Оқытудың жаңа тәсілдері аясындағы игерген жаңа идеяларды жүзеге асыру мақсатында мен еңбек ететін мектебімдегі әріптестерімнің оқыту тәжірибелерін жақсарту негізінде әріптестеріме коучинг сабағын жүргізуді жоспарлап, «Жаңа тәсілдерді сабақтарында қолданатын мұғалімдер қаншалықты қатысады? Әріптестерім менің коучинг сабақтарымда көрсеткен әдіс-тәсілдерді қолдана ала ма?» деген сауалдар мені үнемі мазалады. Содан бері мен өз сабақтарымда сындарлы оқыту технологиясы бойынша сабақтарымды өтіп, өзіме тәлім алушы мұғалім дайындап, осыған дейін бірнеше коучингтер өткіздім. Мұғалімдердің ойларын әрі қарай сабақтап, жұмыстар жүргізу үшін алдымен топқа бөлдім. Топқа әр түрлі суреттерді таратып, сол суреттермен мұғалімдерді «Оқушы», «Мұғалім» , «Тәлімгер » топтарына бөлдім . Алғашқы тапсырманы топ ережесін жасатудан бастадым. Үш топ бірлесе отырып, топ ережесін бекітті. Әрі қарай орындалған тапсырмада топқа бөліну кезінде берілген суреттерге қарап, «Оқушы» тобына берген мұғалім мен оқушылардың суретін, «Мұғалім» тобына берілген біріге отырып нұсқаулықтармен танысқан мұғалімдердің суретін , «Тәлімгер » тобына берілген тәлімгер мен тәлім алушы мұғалімнің пікірлерін білдіріп, суреттерді сөйлетіп, диалог құруға тапсырма бердім.
Нәтижесінде мұғалімдер суреттерді сөйлетіп, диалог құрастырды . «Оқушы» тобы мұғалімнен қолданған әдісті қалай орындайтынын , топтық жұмыстар жақсы екендігін айтса, «Тәлімгер » тобы деңгейлік бағдарламаны оқып келген мұғалім мен тәлім алушы мұғалімнің диалогі арқылы жаңа әдістермен сабақ өтіп көрген тәлім алушының таңданыстары мен ойын білсе, «Мұғалім» тобының мүшелері «Мұғалімдерге арналған нұсқаулықтармен» танысудағы сөздерін айтып, суретті сөйлетіп шықты. Міне, тәжірибе көпке ортақ деген осы да.
«Ізденген жетер, мұратқа» демекші, ойлаған мақсатыма жету бағытында көп іздендім. Коучинг әдістері арқылы әріптестерімді дәстүрлі оқытудан арылтуға күш — жігерімді жұмсадым.Нәтижесінде, қазіргі таңда «Оқыңыз,үйреніңіз, пайымдаңыз және бәрінің ішінен ең пайдалысын алыңыз»,- деп Пирогов айтқандай мектебімдегі мұғалімдердің жаңашылдығы қазіргі күннен –күнге қарқындап алға басып дамып келе жатқаны көңілімді өсірді. Міне, бұл менің білім саласын дамытудағы қосқан елеулі үлесім деп анық айта аламын. Мен Тәуелсіздікке не бере алдым? «Бастауыш сынып мүғалімінің үздік әдістемелік жинағы» тақырыбындағы облыстық сырттай байқауында тәжірибемді бөлісіп, бірінші орынды еншілесем, мұғалімдерге арналған республикалық қашықтық сайысы Инфоурокта «Коучинг жоспарын» ортаға салып, нәтижесінде мадақтама иелендім.
«Умный урок» бастауыш сынып оқушылардың функционалды сауаттылығын қалыптастыру бойынша сабақ әзірлемелерінің сырттай конкурсының қатысушысы, қашықтық «Инфоурок» олимпиадасына дүниетану, әдебиеттік оқу пәнінен оқушыларымды қатыстырып, сапалы дайындығым үшін сан мәрте «Алғыс хатпен»марапатталдым. Бұл менің Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тартуым деп санаймын. Яғни, жас өренді білімге талпындыра отырып, инновациялық әдіс — тәсілдерді кеңінен пайдалана отырып, білім бере алғанда ғана сабағымыз өнімді болмақ.
Бүгінгі күні «Мәңгілік ел» — ұлттық идеясының 7 қағидасының бірі Қазақстан мен Астананның тәуелсіздігін сынып сағатында кеңірек аша білсем, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы бағытын көбінесе, дүниетану сабағында назарда ұстанамын. Дүниетану сабағында өткен «Адам еңбегімен қадірлі» тақырыбы арқылы еңбексүйгіштікке баулимын. Әр топқа мамандыққа тән тапсырмалар беріп, шығармашылығын 5 қалпақ әдісімен дамыта түсемін. Нәтижесінде, ата — анасының таңдаған мамандығымен қызмет атқарып жүргендерін Тәуелсіздікпен байланыстырамын. Иә, Тәуелсіздік ұландарын Тәуелсіздіктің Ұлы Рухы жебейді, біріктіреді, бойымызға қуат беріп, сенімімізді нығайтады.
Тәуелсіздік әр адамның еңбегімен, біздің экономикамыздың өсімімен, әрбір жаңа өндіріс орнымен, ұлан-ғайыр Отанымызға төселген әрбір күре жолмен, дала төсіне өнген әрбір тонна алтын дәнмен нығаяды. Тәуелсіздік – сан буын бабалардың қасиетті жеріміздің әрбір қадамын қорғау үшін төгілген өлшеусіз қаны мен терінің өтеуі екенін шәкірттерімізге жеткізу біздің парызымыз.
Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы.
Бүгінгі шәкірт — ел ертеңі. Олай болса, елжанды, шын патриотты тәрбиелеуде еңбегімізді еселей берейік!