Home » Жаңалықтар » Тәуелсіз еліміздің дамуының бір ерекшелігі – қоғам өміріндегі діннің нығаюы

Тәуелсіз еліміздің дамуының бір ерекшелігі – қоғам өміріндегі діннің нығаюы

Баршамызға белгілі соңғы уақыттарда дінге сенушілер саны көбеймесе азайған емес. Соның ішінде Қазақстан халқының 70 пайызға жуығы, ұстанатын асыл дініміз Исламның беделі арта түсуде. Дегенмен, соңғы жылдары қоғамымызды алаңдатқан түрлі атпен ел ішіне Ислам атын жамылып ірткі салып жүрген Исламға қарсы, Құран мен Сүннетке және ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзхабына сай келмейтін бидғаттар мен бос сенімдерге зиянды адастырушы топтар да шығып жатыр. Қасиетті Құран – Кәрімнің « Имран» сүресінің 103- аятында: « Түп – түгел Аллаһтың берген нығметін еске алыңдар, Аллаһтың жібіне жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай–ақ өздеріңе Аллаһтың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені, бір – біріңе дұшпан едіңдер. Ол жүректерінің арасын жарастырды. Оның игілігімен туысқа айналдыңдар. Оттан бір шұңқырдың ернеуінде едіңдер, сендерді одан құтқарды. Осылайша Аллаһ сендерге аяттарды тура жолға түсулерің үшін баян етеді» — деп айтылғандай, бірлігіміз бен ұлттық санаға жат кереғар ағымдардың сенім бостандығын жамылып, ірткі салу үгіттеріне төтеп беру жеткілікті діни білім алмаған азаматтарымыз үшін, әрине оңайға соқпайды. Жалпы бүгінгі қоғамда жастардың дінге құлшынысы көбейіп келе жатыр. Бірақ, әттеген–ай тұстары да баршылық. Өйткені газет беттерінде жазылып айтылып жүрген Уаһавизм және дағуатшылар, зікіршілер, тағы да басқа осы сияқты ағымдардың жетегіне кетуде. Сондықтан Қазақстан мұсылмандар діни басқармасынан шығатын газет – журналдар да осы ағымдар жөнінде көп малғұмат беруде. Осыны жастарымыз оқып зерделеп жүрсе осындай кереағардан аулақ болар деп ойлаймын.
Имандылыққа бет бұрып ізгілікке ұмтылған жастардың Аллаға деген сенімін күшейтіп, жан – дүниесін нұрландырып ақиқатқа бастайтын бірден – бір дін Ислам діні. Бұл амалын түгендей өткінші дүниенің бұғауынан бір сәтке босап құбылаға бет бұрып құлшылық жасауды үйрететін Аллаһтың жердегі үйі ол – мешіт. Ислам дінін ұстанып мұсылманшылықтың биік мұнарасына ұмтылған қазақ халқының бүгінгі жастары жыл санап артып келеді. Алланың ақ жолымен жүріп, ешкімнің ала жібін аттамай, ақиқаттың ақ жолын бетке ұстап, өмірдің әр қилы қиындықтарына ұшырап, Жаратушы иеміздің сынағына тап болып төбесіне қара бұлт төнген шақта жанына серік көңіліне медеу болатын ол — Ислам діні. Ақылы бар кісіге – иман парыз, иманы бар кісіге – құлшылық парыз, деп Абай атамыз бекер айтпаса керек. Жастарымызға мешіт имам уағыздарын тыңдап, Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының ұстанымына сай әрекет етуін сұрар едік.

Бердібек Алаудинұлы,
№57 Е.Көшербаев атындағы мектептің
тарих пәні мұғалімі,
Қызылорда облысы,
Арал ауданы,
Шижаға ауылы

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.