Нұрбек Ғалымов
Талдыбұлақ ЖОББ мектебінің 6-сынып оқушысы
Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы,
Ескене ауылы
Тәуелсіз елдің баласымын!
Мен – тәуелсіз, егеменді, намысшыл халықтың баласымын! Мен мұны зор мақтанышпен айтамын! Себебі, біздің ата-бабаларымыз батыр, ержүрек болған, ата-бабаларымыз жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған. Соның арқасында ата-бабамыздың арманы орындалып, біз тәуелсіз ел болдық – 1991жылы егемендік алдық. Біз әлемдегі әр түрлі мемлекеттермен достық қарым-қатынастамыз, соның арқасында біздің байтақ еліміз әлем танитын мемлекетке айналды және де өзіміздің тауармен сырт елдермен бәсекелесе алатын деңгейге жеттік.
25 жылдың ішінде бірнеше жетістіктерге жетіп отырмыз. Мысалы, әсем қала Астана жылдан-жылға көркейіп келеді. Астана қаласында биыл «ЭКСПО-2017» көрмесі өтейін деп жатыр, қазіргі кезде Астана қаласы басқа елдерден келетін туристерді таңғалдыру үшін дайындық үстінде, қазіргі таңда бүкіл дүйім жұрттың назары Астанада. Қазақстанда көрікті жерлер өте көп. Мысалы: Бурабайдағы Оқжетпес, Жұмбақтас, Қарқаралы жері, Алматыдағы Шымбұлақ баурайындағы «Медеу» мұз айдыны, Балқаш көлі, Каспий теңізі, Алакөл. Біздің ел – жердегі кенге бай, шөбі шүйгін ел, сонымен қатар кеңпейіл, жомарт, бауырмал халық. Өз үйіне түскен қонақты сыйлап аттандырған, «құдайы қонақпын» деген адамды кет әрі демеген, үйіне кіргізіп, барын берген. Тәуелсіз қазақтай дарқан елдің баласы болғаныма мақтанамын!