«Барлық игіліктерден ең ұлы – тәуелсіздік» — деп У. Годвин айтқан екен. Егемен елдің азаматы болғанымыз үшін әрдайым мақтаныш сезімі іштей лаулайтыны рас. Осы тәуелсіздігімізге қол жеткізген айтулы күн — 16 желтоқсан. Бұл мерекені Қазақстан халқы үлкен дайындықпен атап өтеді. Осыған орай № 19 орта мектебімізде бір апта толығымен түрлі іс — шараларға толы болды. Айта кетерлік жайт, өткізілген іс-шаралар елбасымыздың «Болашаққа бағдар – Рухани жаңғыру» идеясын негізге ала отырып жүзеге асырылды.
Нақтырақ айтсақ, «Желтоқсан – ерлік тарихы» атты апталық тарих пен өзін-өзі тану пән мұғалімдерінің қатысымен өтті. Апталық тақырыптары да мереке мақсатына сай жоспарланды. Оның ішінде апталықтың өз іс-шараларының өтілгендігі тағы бар. «Нұрлы Отанамыз — тәуелсіз Қазақстан» газеттер, коллаж сайысы 2 сыныптардың қатысуымен жасалды. Нәтижесінде стенд жасақталып ілінді. Мектеп оқушылары қоңырауда шығып көз толтырарлық көрініске тамсана қараумен болды. 3 сыныптар аралығында «Менің елім — Қазақстан» тақырыбында көркем сөз оқуларының куәсі болдық. Қатысушы оқушылар бар өнерін ортаға салып, өлеңдерін жігерлене оқыды. Сайыс соңында орындар табысталып үздіктің үздігі анықталды. «Тәуелсіздік – тірегім» тәрбие сағаты 6 сыныптарында өткізілді. Бұнда тәуелсіздік жолында құрбан болған жандарды еске алып, «Тәуелсіздік» ұғымының мағынасын терең ұғынуға жол ашты. 1 сыныптар үшін «Мәңгілік елім – Қазақстан» атты мұражайға саяхат жасау жоспарланған болатын. Мұражай қызметкерлері жылы шырай танытып, кішкентай оқушыларды қарсы алды. Тақырып аясына сай оқиғаларды баяндап, түрлі көрме заттарымен таныстырды. Оқушылар алған әсерлерімен достарымен бөлісуге асыққандығын да жасыра алмай қайтты. «Айгуль» кітапханасына бару 5 сыныптар үшін тағылымы толы ортаның куәсі болды. Кітапхана ішінен тәуелсіздік жылдарында жазылған кітаптарға үңіле отырып, өткен күнге бір шолу жасағандай әсер алды. 8 сыныптар «Гүлдене бер, Қазақстан» үш тілде шығарма жазды. Шығарма мазмұны оқушылардың тәуелсіздік, осы күнге жету жолындағы оқиғаларды қозғай отырып, еліміздің жетістіктерін тізіп тұрып баяндаса керек. «Тәуелсіз елдің жетістіктері» конференция өткізу 7 сыныптардың белсенділігімен өтті. Еліміздің жетістіктерін ортаға салған оқушылар оны үлкен мақтанышпен баяндады.
10 — 11 сынып оқушыларымен «Қазіргі таңда ҚР тәуелсіз ел ме?» тақырыбында пікірталас болды. Еліміздің қазіргі экономикалық бағытын сарапқа салған пікірталас қызу өтті. Ел болашағын ойлаған жеткіншектер осы аталмыш іс-шара барысында көкейде орнаған сұрақтарына жауап алып, мәселені ашып қарастыруға мүмкіндік алғанын жасырмаймыз. ҚР Тәуелсіздік күніне арналған волейбол сайысы да 9 сыныптардың атсалысуымен өтті. Клубтардың іс-шаралары да осы айтулы күнге орайластырылған тақырыптар көлемінде өткізілді. 15 желтоқсан күні «Тәуелсіз – елім, ұлы өлкем» атты мерекелік концерттік бағдарлама өтті. Концерт барысы жүргізушілердің көрермендерді тәуелсіздік күнімен құттықтауынан бастау алды. Мектеп оқушыларынан құралған бишілер тобы «Қамажай» биін мың бұралып сахна төрінде сауық құрды. Ешбір концерт әнсіз өтпесі анық, музыка пәнінің мұғалімі Гулжихан Кайрбековна жаңадан дайындаған оқушылар сахнаға шығып «Туған жер», «Қазақстаным», «Жаса, Қазақстан!» т.б. әндерін айтып құлақтың құрышын қандырды. Мектеп директоры Гүлжазира Гинятқызы құттықтау сөз сөйлеп, Қалалық білім бөлімінен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күні қарсаңында мекеменің дамуы мен өркендеуіне қосқан зор үлесі және қолжеткізген жеке табыстары үшін орыс тілі пәні мұғалімі Гимаева Ж.М., қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Жаксылыхова Г.Н., тарих пәнінің мұғалімі Саналиев Г.Е. мақтау қағаздарымен марапаттады. Концерт барысында мектепалды даярлық сыныбының кішкентай бүлдіршіндері тәуелсіздік жайында өлеңдерін оқыды. Ал, Желтоқсан құрбандарын еске алып, көрермендердің жүректерін елжіретіп, тіпті көздеріне жас алуларына себепші болған қойылым қойылды.
Қорыта айтқанда, Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Енді осы бағалымызды қадірлеп, қастерлеп, еліміздің көркеюі жолында ерен еңбек етіп, елжанды ұрпақ тәрбиелеу әрбір Қазақстан жұртының азаматтық борышы деп есептеймін. Еліміздің мәртебесі биік болғай!
Сармурзина Жадра Сундетбаевна,
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Рудный қаласы әкімдігінің «№ 19 орта мектебі» КММ