Home » Білім және тарих » Тәуелсіздік тұтқасы – білім

Тәуелсіздік тұтқасы – білім

Жалынды жігері, өр намысы, отты қайраты, асқақ рухы бар әрбір азамат «Мен қазақстандықпын» деп жар салса, алып даусы жеті құрлықты айналып өтіп, бүкіл әлем еститіндей дәрежеге ие. Бұған «тәубе» дейміз. Бейбіт күнге, тәуелсіздікті аңсаған шуақты сәулеге қол жеткіздік. «Біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі – қазақ халқының сан ғасырлар бойы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр» – деп Елбасы атап көрсеткендей, төсінде тұлпардың дүбірі, домбыраның күмбірі, сөз бен жырдың үздігі қалған Ұлы даламыз басынан талай дәуірді өткізді. Сан ұрпақтың пешенесіне жазылмаған бақ бізге бұйырды! Ол – егемендік пен дербестіктің самал желі, азаматтықтың алтын шуағы – Тәуелсіздік! Еліміздің 25 жылдан бері тату-тәтті, бейбіт өмір сүріп жатқаны ең бірінші кезекте Тәуелсіздігіміздің арқасы. Ал сол Тәуелсіздіктің тұғырын биік ұстауда ұстаздардың еңбегі ерен.

Халық жазушысы Ә.Нұршайықов: «Тәуелсіздер тойын қуанышпен тойлайды,  тәуелділер қалай азаттық алуды ойлайды,  тәуелсіздік тойын тойла, тойлай жүріп оны өркендетуді ойла», — дейді. Ендеше өркениетті елдің  ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан адамгершілік ізгі қасиеттерін жас жеткіншек бойына сіңіріп, бәсекеге қабілетті құзыретті тұлға қалыптастыру –

заман талабы. Сонымен бірге, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясында отандық білім беруді жетілдіру қажеттілігі мемлекетіміздің айрықша басымдыққа ие міндеттерінің біріне айналып отыр. Әлемдегі дамушы 30 елінің қатарына ену үшін бәсекеге қабілетті адам капиталын қалыптастыру, өскелең ұрпақтың Қазақстан халқының ұлттық мәдени құндылықтарын, мемлекеттік тілді, мемлекет тарихын білуге негізделген этномәдени және азаматтық бірегейлікті қалыптастыру бойынша әдістер және инновациялық технологиялар, тиімді механизмдерді енгізу, ашық азаматтық қоғам және әлемдік нарықтық экономиканың қажеттіліктеріне сәйкес білім берудің сапасы мен деңгейін көтеру бүгінгі таңда қашанғыдан да өзекті бола түсті.

Бұл орайда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігімен бірге уығын шаншып, керегесін керіп, шаңырағын биіктеткен оқу орындарының да үлесі зор. Тәуелсіздіктің 25 жылында біздің еліміз елдікті нығайту мен әлеумет ахуалын жақсартуда ауқымды жетістіктерге жетті. Тәуелсіздік алғаннан бастап Қазақстан өзін әлемдік аренада үлкен күш қуатты мемлекет ретінде танытты. Мұқият ойластырылған, мақсатты саясат, күшті жобалар Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қарай батыл мүмкіндік берді, сонымен қатар, білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыты өскелең ұрпақты тәрбиелеу жүйесін дамытуға негіз болды.

Елбасының «кез келген елдің болашағын оның жас ұрпағы құрайды» деген қағидасына орай жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру мемлекеттің басты назарында. Бұл жаңа қоғамның қол жеткізген жетістіктерін, ондағы әрбір ұлтжанды азаматтың өткенін екшеп, болашағын болжауына тұратын мерзім. Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруден жалықпаған ұстаздар әулетінің де өз міндетін орындап, еліміздің ертеңі – оқушы жастарды тұлға ретінде қаншалықты қалыптастыра алғанын да бағамдау уақыт талабы.

Білімге көңіл бөлу – ел болашағын ойлау. Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі халқының білімділігімен анықталады. Рас, білімсіз – ғылым, ғылымсыз – жаңалық та, даму да болмайды. Жаңалық жаршысы – шәкірт бойына білім мен тәлімді мейлінше көп сіңіруге өзіндік үлесін қосушы ұлағатты ұстаздар мен ғылым жолында іркілмей ізденуші ғұлама ғалымдар.

Ұлттың мектепсіз болмайтынын, мектеп өз ұлтының мәдениетіне сүйенбей, ұлтжанды адамды тәрбиелей алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеп берді.  Ұлы Абайдың: «Адам адамнан тек білімі мен ақыл-ойы арқылы ғана озады» деген қағидасын алысқа бармайық, елордалық мұғалімдер де ұстанып жүр. Себебі ұлағатты ұстаздарымыздың адал еңбегін бағалау, адамгершілік ізгі қасиеттерін ардақтау, азаматтық  тұлғасы мен рухани болмыс-бітіміне бас ию басты парызымыз деп білемін. Тәуелсіздік алғалы ширек ғасыр ғана өтті. Осы жылдар ішінде білім беру саласында толайым табыстар мен үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Әрине бұл орайда нәтижелі еңбек етіп, қоғам дамуына қалтқысыз қызмет қылған ардагер-ұстаздардың үлесі зор. Бір салада табан аудармай тынымсыз еңбек ету үлгі тұтарлықтай қасиет әрі зор құрметке ие.

Бүгінгі заман мұғалімі – ақпарат көздерімен жан-жақты қаруланған, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде еш мүмкіндікті құр жібермейтін, зор жауапкершілігін мойнына жүктеген жауапты маман. Себебі, ұстаздар қауымына жүктелер міндет, қойылар талап та жоғары. Ұстаздық мамандықтың қызығы мен қиындығы мол сара жолында саналы ұрпаққа адамдық дәнін сеуіп, болашаққа бағдар беру үшін де талмай іздену жаңалықтың жаршысы бола білу керек. Ізгілік, байсалдылық, сабырлық, ой көзімен көре білер даналығы топтасқан адам ғана өз ісінің кәсіби маманы бола біледі.

Оқу мен тәрбие – егіз, оларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Ұлы данамыз  Әл-Фараби  «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген. Расында да, адамзат тағдыры дұрыс берілген тәрбиеге де байланысты екенін өмірдің өзі дәлелдеуде. Шәкірттердің екінші үйіне айналған жатақхана  өмірінің өзі – бір әлем.

Ұстаздықтың ұлы жолымен жүріп, шәкірт санасына білім шуағын шаша білген қымбатты тұлғалардың еңбегі әрдайым ескерілмек.

 

Гулнар Муханбетжанова,

                                                                 №15 мектеп-лицейінің мұғалімі

Астана қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.