Home » Балабақша » Тәуелсіздік — тірегім. Нығыман Ризагүл Шаяхметқызы

Тәуелсіздік — тірегім. Нығыман Ризагүл Шаяхметқызы

Мақсаты: Балаларға Тәуелсіздік мерекесі туралы түсінік беру. Отан туралы білімдерін арттыру, ҚР-сы туралы түсініктерін қалыптастыру. Балаларды елін, жерін құрметтейтін, адамгершілігі мол, өз Отанын сүйетін азамат болуға тәрбиелеу. Балаларға еліміздің нышандарының мән-мағынасын түсіндіру. Балаларға сурет арқылы көрсетіп әңгімелесу. Туған жерін сүйуге, қадірлеуге үйрету. Мемлекеттік нышандардың аса маңызды екенін, оларға құрметпен қарап, мақтан тұту керектігін ұғындыру.

Көрнекілік: Қазақстан Республикасының картасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Рәміздері, Бәйтерек.

Әдіс-тәсілі: Түсіндіру, үйрету, жасату.

Тәрбиеші: — Балалар, бүгін бізге көптеген қонақтар келіпті, қане амандасып алайықшы.

Балалар: — Саламатсыз ба!!

Тәрбиеші: — Балалар, осы көтеріңкі көңіл-күймен шаттық шеңберімізді құрайық:

Бір шаңырақ астында

Қазақстанда тұрамыз.

Бірге сайран құрамыз

Бір үйде біз тұрамыз.

—   Өте жақсы, балалар. Бүгінгі тақырыптық оқу қызметіміз ерекше болмақ. Бүгін біз Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығына арналған оқу іс-әрекетімізді өтеміз. Тақырыптық оқу қызметімізді бастамас бұрын еліміздің Әнұранын айтайық.

— Рахмет, балалар.

Бүгінгі тақырыптық оқу қызметіміз Тәуелсіздікке арналады.

-Балалар, біз қай мемлекетте тұрамыз?

-Қазақстан Республикасында.

-Ал, елордамыз қай қала?

-Астана қаласы.

-Елімізді басқарып отырған елбасымыздың есімі кім?

-Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

-Ал енді, балалар, әр елдің өзінің рәміздері, заңдары болады екен. Сол сияқты біздің де өзіміздің заңдарымыз, рәміздеріміз бар. Қане, балалар, ҚР-ның рәміздерін атап беріңдерші.
-Ту, Елтаңба, Әнұран

-Өте дұрыс, балалар. Мынау – біздің туымыз.

Туымызға келетін болсақ, мөп-мөлдір аспандай көгілдір түс, қандай керемет! Сол көгілдір аспан ортасынан шұғылалы сәулесін шашқан Күн. Күнді қанатымен көтеріп қалықтай ұшқан қыран құс қандай әдемі?! Оған өміріміздің қайнарындай қазақтың ұлттық ою-өрнегі қандай жарасымды!?
-Ал бұл, балалар, Елтаңба. Қараңыздаршы, елтаңбамыз қандай тамаша. Ендеше елтаңбамызға тағы да көз салайық. Ортада қазақтың қара шаңырағы, күн сәулесіндей уықтар шаңырақтан шашырай шапағын шашқандай. Екі жақтағы қанатты тұлпар, жоғарыда бес бұрышты жұлдыз жарқырайды.
-Балалар, әр мемлекеттің өзінің Әнұраны болады. Оны салтанатты жиындарда орындайды. Әнұранды орындаған кезде міндетті түрде орнымыздан тұрып, оң қолымызды сол жақ жүрегіміздің тұсына қойып орындаймыз.

-Балалар, Қазақстан Республикасының еркіндік алып Тәуелсіздікке жеткен күні, ол – 16-желтоқсан. Бізге тәуелсіздік оңай жолмен келген жоқ. 1986 жылы 16-желтоқсанда үлкен көтіріліс болды, оған қазақтың жас ұлдары мен қыздары шықты. Сол жастардың ішінде Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Спатаев, Сабира Мұхамеджанова, Ляззат Асановалар болды. Олар Отан үшін, сендердің болашақтарың үшін үлкен ерлікпен қаза тапты. Осы аға-апаларымыздың арқасында ешкімге бағынбай, тәуелсіз мемлекет болдық.

— Ал, балалар, сендер тәуелсіздік туралы түсінік алдыңдар. 16-желтоқсан біздің елімізде тәуелсіздік мерекесі тойланады. Бұл мерекені еліміздің әрбір қалаларында, ауылдарында тойланады.
— Балалар, бүгін оқу қызметіміз – сурет салу. Бүгін Тәуелсіздік күні, соған байланысты “Тәуелсіздік – тірегім” атты тақырыптық сабағымызда болады. 16-шы желтоқсан – еліміздің Тәуелсіздік күні. Сіздерді осы мереке күнімен құттықтаймын. Еліміз тыныш, деніміз сау, аспанымыз ашық болсын!

-Балалар, біздің ұлтымыз кім?

-Қазақ.

-Балалар, біздің мемлекетіміз қалай аталады?

-Қазақстан Республикасы.

-Қазақстан қандай мемлекет?

-Егеменді Тәуелсіз мемлекет.

-Елбасымыз кім?

-Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

-Елорда – бас қаламыз қай қала?

-Астана қаласы.

— Дұрыс балалар, өте жақсы жауап бердіңдер. Осының бәрі Отанымыз екен, оны сүйіп аялай білуіміз керек екен.

Балалар, 1991-жылы 16-шы желтоқсанда Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялады. Осылайша әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды. Оның тұңғыш президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.

-Ал енді айтыңдаршы, егемендігіміздің белгісі нелер?

-Рәміздеріміз Ту, Елтаңба, Әнұран.

-Өте жақсы, балалар. Қазақстанның елордасы – Астана қаласы. Онда өте әдемі ғимараттар салынған. Соның бірі – Бәйтерек. Ол Астана қаласының ортасында орналасқан. Өте биік, әрі сұлу, ғимарат.

-Балалар, осы Бәйтерек ғимаратының жұмысы аяқталмаған екен, қараңдаршы. Осы суретті сырлап аяқтай аламыз ба?

-Иә.
-Олай болса, алдарыңда Бәйтеректің суреті бейнеленген парақтар бар. Қолдарыңа қарындаштарыңды алып, солдан оңға қарай әдемілеп сырлаймыз (Балалар жұмысқа кірісіп сырлайды).
-Өте жақсы, балалар. Сіздер Бәйтерек ғимаратының жұмысы бітпей қалып еді, соны сырлап бітірдіңдер. Сырлаған Бәйтеректерің әдемі болып шықты.

Қорытынды: Балалар, бүгінгі Тәуелсіздікке арналған “Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік” атты оқу іс-әрекетіміз аяқталды.

Күтілетін нәтиже:

Білуі тиіс: Қазақстан егеменді Тәуелсіз мемлекет екенін білді.

Түсінеді: 16-ші желтоқсан күнін мереке ретінде тойланатынын түсінді.

Қолынан келуі: Бәйтерек ғимаратын сырлау жұмысы қолынан келді.

Нығыман Ризагүл Шаяхметқызы,
№53 «Мерей» балабақшасы,
«Еркетай» ортаңғы тобының тәрбиешісі,
Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.