«Тәуелсіздікті нығайту үшін күрес- елге тиген үлес!»
16-желтоқсан, 1991 жылы Егемендігін алып, Тәуелсіз ел болдық. Биыл Қазақстан Республикасы болып қайта құрылғанымызға 26 жыл толғалы отыр. Қазақ елінің тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаев «Алдымызда алыс сапарға бастаған жол, алыс күндерге шақырған ізгі мақсат жатыр. Ақыл мен парасаттың ұлы көріністерін еншілеген халқымыздың ықылым заманнан бастау алатын қымбат тарихы жатыр» деген толғанысты сөздері ойға қанат, жанға қуат береді. Осы алыс сапарда біз Елбасының амандығын, ел іргесінің бүтіндігін, егемендігіміздің баянды болуын тілейміз.
Қаз дауысты Қазыбек би:
— Біз қазақ мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Басымыздан құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Достықты сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз, — деген екен.
— Ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздігімізді алған елміз! Аңсаған күнге қол жетті! Құтты болсын!
… Бөрілі менің байрағым,
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым, — деп Сүйінбай бабамыз айтқандай, жаугершілік заманды бастан өткеріп, жау келгенде «аттан!» десе атқа қонатын бабалар рухы асқақтап-ақ тұр осы үш-ақ жолда. Біздің батыр бабаларымыз бөрілі байрағын бөтеннің қолына ұстатып көрмепті.
Содан бері де күн сынаптай сырғып, апта бұлақтай жылжып, айлар бұлттай аунап, жылдар желдей есіп, ғасыр- ғасырға жалғасып, жаңарған, жаһанданған заманда өмір сүріп жатырмыз. Бабаларымыздың бөрілі байрағы тарихи жәдігерге айналып, аспан түстес көк туымыз көкке көтерліп, қазақ даласының салқын самалымен еңсесі биікте желбірейді.
Ту – түсіне білген адамға қасиетті, қастерлі затымыз.
Туырлығымызды кескілеп, керегемізді қиратса да туымызды құлатпаған елміз.
Ақ киізге орап, хан сайлап, таққа отырғызғанда үш жүз Абылайдың ақ туының астына жиналмадық па?! Сол ақ ту хан ордасының айбынын асырып, батыр бабаларымыздың рухын жанымады ма?!
Ақиық ақын Мұқағалидың «Райымбек, Райымбек» поэмасындағы он бес жасар Райымбек батырдың Тудың қаншалықты қуат, күш беретінін мына екі-ақ жолдан байқауға болады.
…Келеді бала өз атын өзі ұрандап,
Қамшы сабына көйлегін Ту ғып байлаған.
Қайтпас, қайсар батырларымыз Қазақ екенімізді тайға таңба басқандай таныту үшін Римнің тас көшесін тұлпарының тұяғымен таптаған Еділ қаған батысты құлдықтан азат етіп, бостандық Туын көтерген. Құлдықтың қамыты мойнына кигізіліп, жат топырақта түлеген баһадүр Бейбарыс Мысыр жұртының сұланы болып, араб түбегінде имандылық пен батырлықтың Туын тікті.
Тарих бетінде Ұлы Отан соғысы деген атпен қалған сұрапыл соғыста Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа «Жан емес маған керегі, Жеңіс Туының желбірегені!» деп, кеудесін оққа тосып, Жеңіс Туын тікті. Фашистік Германия жеңіліс тауып, туын табан астына тастады.
Ту тек Мемлекеттік рәміздердің бірі ғана емес, ол – ұлттың рухы, батырлығымыздың белгісі, басынан өткерген ерлігі мен елдігінің көрінісі.
«Көк тудың желбірегені,
Жаныма қуат береді,
Таласқа түссе жан мен ту,
Жан емес маған керегі,
Көк тудың желбірегені!»
Не деген жігеріңді қоздырып, жүрегіңді толғандыратын сөздер. ХХХ жазғы Лондон Олимпиадасында Қазақтың Туы жеті рет бірінші орынға көтерілгені бәрімізді бақытқа бөледі. Аллаға шүкір, бір шетінде ұлттық ою-өрнегіміз бейнеленген, қақ ортасындағы алып күннің астында еркіндікті аңсаған, қырағы еліміздің рухындай қанатын кеңге жая қалықтаған қыраны, күллі адамзатқа, барлық жаратылысқа ортақ зеңгір аспан бедерленген Көк туымыз мәңгі желбірей берсін! Әлем алдында Көк Туы бейбітшілік пен татулықтың, достықтың, ынтымақтың мекеніне айналған Мәңгілік Ел болуды нәсіп етсін!
Өз елінде еш уайымсыз достық пен ынтымақтың құшағында жүрген қазақстандықтарды елең еткізген бір ән тарихи Отанын аңсап, арманына жете алмай жүрген өзге елдердегі қазақ бауырларымыздың жүрегін жарып шыққан «Көк Тудың желбірегені» әнінің авторы Ермұрат Зейіпхан. Сөзін ақын Алмас Ахметбекұлы жазыпты. Екеуі де Қытайдан елге оралған қандастар Қазақстандағы Көк тудың көк тіреп желбіреп тұрғанына жүректері жарыла қуанып шығарған әндері екен. Бұл әнді домбыраға салып жас әнші Ибрагим Ескендір құлпыртып жіберді. Күллі қазақстандықтардың Отанға деген сүйіспеншілігін, патриоттығын еселеген ән болды десем қате бола қоймас.
Менің де патриоттығым қозып:
Кеңейді менің керегем
Зайырлы ел-ережем.
Құлатпау үшін туымды,
Жанымды мен де берер ем!
Бас қандастар, мауқыңды,
Ел болдық,міне, ауқымды
Ұлтаралық достық бар,
Білмейміз енді қаупіңді
Көк тіреп Туым желбіреп,
Тұрады бізді белгілеп.
Қараған сайын кетеді,
Менің де жаным елжіреп!
Өрнектеп Туды тастадым,
Көк тудай ашық аспаным.
Күн астындағы қыран құс,
Шегін бұзбас басқаның.
Көк туым көкке өрлесін!
Жұртым жамандық көрмесін!
Мәңгілік Ел жолында,
Маңдайдан тер терлесін!
Амалова Динара Серікқызы,
«Абылай-Т» гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Алматы қаласы, Наурызбай ауданы