«25 жылдыққа – 25 іс шара» атты тақырыпта Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық колледжінде іс-шаралар жалғасын табуда. Мақсат студенттердің бойында патриоттық сезімді оятып, тәуелсіздіктің ширек ғасырын жоғары деңгейде атап өтуге өз үлестерін қосу.
Тамырын тереңге жайған тарихымызға көз жіберер болсақ, сананы талай ой тұңғиығына батырып, көкейге талай сұрақтың келетіні рас. 16 желтоқсан ата-бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік күні. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған Конституциялық Заңнан бастау алған тәуелсіздігімізге 25 жыл толады. Еліміздің негізгі мемлекеттік мақсаты – Конституциямызбен бекітілген: «Қазақстан өзін демократиялық зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады: оның ең қымбат қазынасы – адам мен адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Демек, қоғамда тұрақтылықты татулықты қалыптастырып, елдің тұрмыстық әл ауқатын жақсарту басты мәселе болып табылады. Біз қазір шын мәнінде дербестігімізге даңғыл жол ашып, азат ойлауды қалыптастыру жолындамыз. Ата Заңымыздың арқасында еліміз либералды демократиялық даму жолына түсті. Сонымен қатар, ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылыққа негізделген сенімнің биік деңгейі сақталып отыр. Тәуелсіздік – ол ұлттық мемлекеттік, оның тамыры – жасампаздық рух, ұраны – ел мен халық..
Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде елдегі барлық сала қарқынды дамып келеді. Оның ішінде инновациялар мен жаңа технологиялардың озық үлгілерін кеңінен қолданып жатқан құрылыс та бар. Бүгінде мамандар осы салада үйдің құрылымын бір жерден жасап шығаруға да қол жеткізді. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның құрылыс индустриясының қарқыны артты. Саланың дамуына бірінші кезекте, Индустрияландыру және «Нұрлы жол» бағдарламалары ықпал етті. Индустрияландырудың алғашқы бес жылдығының өзінде отандық құрылыс материалдарын өндіру 2 есеге артты. Ал қазір құрылыс материалдарының 63,1 пайызы еліміздің өзінде шығарылады. «Нұрлы Жол» бағдарламасының арқасында құрылыс саласына, соның ішінде жол, көлік жобаларына қомақты инвестиция тартылды. Ол жобалардағы қазақстандық құрамның үлесін ұлғайтуға баса назар аударылып, бүгінде кей нысандарда 90 пайыздан да жоғары. Бұл дегеніміз құрылыс материалдарын өндіретін өндірістердің көбейгенін көрсетеді. Елімізде құрылыс бәсеңдеген жоқ. Оған дәлел жетіп артылады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының нәтижесінде ел экономикасының дамуына ықпал ететін құрылыс саласындағы маңызды бағдарламалар кезең-кезеңмен орындалып келеді. Мәселен, Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы, «Жол картасы», «Ғасыр жобасы» атанған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің құрылысы да қарқын алып келеді. Қазақстанның құрылыс саласы одан әрі дами бермек. Елдің бірлігі, татулығы нығайған сайын оның экономикасы көтеріліп, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара беретіні сөзсіз. Елінде бақыт тұнған Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын деп тілейік.
Тараз қаласы «Жамбыл политехникалық колледжі»
«Құрылыс және сәулет» ЦӘК інің арнайы пән
оқытушысы Токпаева Зауре Кенжебековна