Home » Поэзия » «Тәуелсіздік – орындалған ұлы арман»

«Тәуелсіздік – орындалған ұлы арман»

«Тәуелсіздік – орындалған ұлы арман»

(Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің

25 жылдық мерекесіне ой-толғау)

 

Жиырма бес жыл – Тәуелсіздік алғалы,

Жиырма бес жыл бейбіт таңым атқалы.

Санамызға сіңген ұғым «бодандық»,

Жиырма бес жыл соңымыздан қалғалы.

 

Тәуелсіздік бізге тегін келмеді,

Оны ешкім оңайлықпен бермеді.

Қанша боздақ осы жолда құрбан боп,

Алдаспанын азаттықтың сермеді.

 

Тәуелсіздік жайлы көрсем толғап ой,

Қарсаңында жиырма бес жыл дүбір той.

Тәуелсіздік – соры қалың елімнің,

Қасіретті қайғы – мұңы екен ғой.

 

Асып түсіп, талай асу межеден,

Өтіппіз-ау тар жол, тайғақ кешуден.

Осы жолда не көрмедің, алашым,

Сар далада қанды кешіп белшеден.

 

Құрсауында бодандықтың тұншығып,

Су бетіне бірде батып, бір шығып.

Сондадағы басыңды имей, өр халқым,

Бағынбадың, арпалыстың құлшынып.

 

Көз салсам мен қойнауына тарихтың,

Өткеніне елдің біраз қанықтым.

Тағдырына жүрегім қан жылады-ау,

«Елім-ай» деп күңіренген халқымның.

 

Онан бергі ақ патшаның зұлматын,

Еске алсам жүрек шаншып кетер тым.

Ен даладан, тілден, діннен айырылып,

Бодандықтың киіппіз-ау ноқтасын.

 

Қанды сойқан он алтыншы жыл келді,

Ақ патшаның шын ниеті білінді

Он алты мен отыз бірдің арасы,

Қара жұмыс тізіміне ілінді.

 

Бірақ қазақ қолдан бермей намысты,

Туған жерде қаламыз деп қарысты.

Амангелді, Бекболаттай батырлар,

Ұлт – азаттық көтерілістің басшысы.

 

Айта алмаймын 41-дің зұлматын,

Болды соғыс қазақ үшін қымбат тым.

71 жыл өтсе-дағы барша жан,

Ұмыта алмас соғыс салған жарасын.

 

Сезіп өстім тоқыраудың сұмдығын,

Қазағыма болды-ау бұл бір ұлы сын.

Шынболаттай ақын атам қоғамның,

Айтып кетті-ау алмас тілмен шындығын.

 

Енді, міне, Тәуелсіздік таңы атты,

Ел болдық біз кеңге жайып қанатты.

«Тәуелсіз ел Қазақстан – менмін», — деп,

Бар әлемді бір өзіне қаратты.

 

Қуанамын, шаттанамын жар салып,

«Қызымын» деп азат елдің мен анық.

Құтты болсын, қалың елім, қазағым,

Тәуелсіздік тойын тұрмын қарсы алып!

Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы

«№16 ЖОББМ» КММ

Жас маман, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі

Абдрахманова Сауле Бакытжановна

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.