Мақсаты:
- Білімділігі: Оқушылардың бойында Қазақстанның өткені мен бүгінгі өмірін салыстыра отырып, өз еліміздің даму тарихы туралы танымдарын қалыптастыру. Ұлттық сана сезімін, саяси сауаттылығын ояту. Тәуелсіздік күні туралы терең мағлұмат беру. Тәуелсіздік үшін күрескен, Желтоқсан құрбандарын еске түсіріп, Желтоқсан құрбандарының ерлігі жайында түсіндіру.
- Тәрбиелігі: Қазақстанның болашақ дамуына өзіндік үлес қосатын жеке тұлға екендерін ұғындыру. Оқушы бойында саналы тәртіп, сапалы білім алуға дұрыс көзқарас қалыптастыру. Қоғамның бір мүшесі ретінде адам өмірі мен жақсы тұрмыстық құндылықтарын ұғындыру, жауапкершілік сезімдерін ояту. Оқушыларға патриоттық тәрбие беру, Отанды сүюге және ерлікке баулу. Желтоқсан оқиғасында ел қамын жеген ерлерді үлгі тұту, өнеге алуға және халқының тарихын білуге үйрету, достыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
- Дамытушылығы: Оқушылардың ізденімпаздық қасиеттерін қалыптастыру, өткен тарихқа деген қызығушылығын ояту.
Тәрбие сағатының көрнекілігі:
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері: Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, Н.Ә. Назарбаевтың портреті, слайд, желтоқсан құрбандарының суреті.
Тәрбие сағатының барысы:
Мұғалім сөзі:
“Тәуелсіздік –ел тірегі” атты тәрбие сағатын бастамас бұрын, сіздерді бұл мерекенің маңызымен таныстырып өтейін. Алтайдан Алатауға дейін ұлан – ғайыр жерді мекен еткен ата-бабаларымыз тәуелсіздікті арман еткен. Осынау кең даланы көк найзаның ұшымен, сом білектің күшімен қорғаған бабаларымыздың аманатын орындау үшін талай боздақтар жанкештілікке барған. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Сырым Датұлы, Кенесары, Исатай, Махамбет, Амангелді Иманұлы сияқты батырлардан бастап, Иса Досан, Шотан батырлар, ел қорғауды ұран еткен, сол үшін құрбан болып, ел құрметіне бөленген батырлар.
Ресейдің езгісінде болып, тіліміз бен дінімізден безіп, орыстанғалы тұрғанда Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев және де мыңдаған қыршын жастардың құрбандыққа баруы арқасында ғана тәуелсіздік алып, егеменді ел болдық.
Әнұран орындалады.
1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан компартиясы орталық комитетінің пленумы болды, онда Д. Қонаевты Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшылығынан босатып, орнына Колбинді сайлады. Колбин Қазақстанда тұрмайды, онда қызмет етпеген. Міне, осы пленум шешіміне қазақ жастары бейбіт түрде наразылық білдіріп алаңға шықты. Жастар шеруі Желтоқсан айының 17-18 күндері болды. Бұл оқиға сол 1986 жылдың желтоқсаны бүгінгі біз үшін артында қалдырған тарихи сабақтарымен қымбат. Желтоқсан күндері осы жалпы ұлттық идеяны көтеріп, оның жолына өз өмірін арнаған Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ляззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова және басқа да мыңдаған ұл-қыздарымыз ұлт тарихында әрқашанда құрметпен аталуға лайық. Олай болса, олардың ерлігі, қайсар өмірі жайлы көпшілік алдында тағы бір айта кетсек артық болмас. Себепті де тарихта Желтоқсан оқиғасы деген атпен қалды. Осының нәтижесінде 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі туралы заң қабылданды.
Көрініс: «Егемендік деген не?»
(Атасы мен немересі Ақырын басып қарт шығады. Орындыққа келіп дем алып отырады. Осы кезде жүгіріп немересі келеді).
Немересі: — Ата, не ойлап отырсыз?
Атасы: — Ә, балам, атаң не ойлайды дейсің! Сенің болашағыңды ойлаймын, еліміздің болашағы жайлы, өткен өмір жайлы ойлаймын.
Немересі: — Ата, өткен өмір деген не?
Атасы: — Ә, балам, «Өткен өмір» сонау ежелгі ата-бабаларымыздың ерте кезден белгілі өткен өмір жолы, тарихы емес пе?
Немересі: — Ал, ол қандай болған?
Атасы: — Ендеше, тыңда, балам, атаң бір сөйлесін.
Болмаса да оқыған тарихшы атам,
Жинады ескілерден тарих хатын.
Мақсатым, кейінгі ұрпақ ұмытпаса,
Айтылған аталардың аманатын.
Сондықтан балам, сен де өз тарихыңды білуге тиістісің, халық болып қалыптасуынан басталады бұл тарих. Ал, балам, тарихты тыңдайық.
Атасы: — Бұған да тәубә. Егемендік алып, әлем таныды ғой елімізді.
Немересі: — Ата. «Егемендік» деген не?
Атасы: — Егемендік – «иесі мен» деген сөз,
Көптен бері естілмеген ерен сөз,
Екі тізгін, бір шылбырын өзі алған,
Көркем жігіт болып өссе көген көз.
Егемендік ел болудың белгісі.
Басқа жұртпен тең жұлдызы, тең күні,
Егеменді деген сөзден естілер,
Ата жұрттың арғысы мен бергісі –
Міне, «Егемендік» деген осы.
Енді міне, желбіреген көк байрағымыз, айбынды ән ұранымыз, жарқыраған елтаңбамыз төрімізде ілулі тұр. Егемендік Еліміздің келешегін өзің сияқты ұрпақтарыма тарих етіп баяндап аталарың тұр. Ұмытпаңдар айналайын ұрпақтарым!
Қайрат Рысқұлбеков – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбаны, «Халық Қаһарманы». Ол 1986 жылы Алматыдағы сәулет құрылыс институтына оқуға түсті. Осы жылы 16-17 – желтоқсанда болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісіне белсене қатысты. Жастарды көтеріліске ұйымдастырғаны үшін кесілген өлім жазасы 20 жылға ауыстырылды. 500 күннен астам өлім камерасында өзегі талып, үміт пен үрей құшағында отырған Қайрат енді 20 жылға Свердловскіге айдалып бара жатып, кенеттен Семейден шықты. 21 жасында, 21-мамырда Семей түрмесінде 21-камерада белгісіз жағдайда қаза тапты.
Сәбира Мұхамеджанова 1985 жылы сегіз жылдық мектепті үздік бітірісімен, Өскемен қаласындағы педучилищенің бастауыш сыныптарға мұғалім даярлайтын қазақ бөліміне оқуға түскен. Бар жоғы 16 жаста еді. 22-желтоқсан күні өткен жиналыста анасымен бірге болған Сабираны айыптап, бар кінәні оған үйіп – төгіп, сөккен, қатқыл сөздер айтып, тәртіпсіз деп балағаттаған. Мұның бәрі Сабираның ашу ызасын тудырады. Сөйтіп албырт жас қыз жатақхананың 5 қабатынан өзі тұратын бөлмесінің терезесінен секіреді.
1986 жылдың ызғарлы желтоқсанында ұлт намысын жыртып, алаңға шыққан жалын жүрек жастардың арасында Ләззат Асанова да болып еді. Ләззат Чайковский атындағы музыкалық училищенің 2- курс студенті еді. Қаршадай елік қыз қараулықтың құрбанына айналарын сол сәт білмеген де болар. Ар – ожданы озбырлықтың талабына талпынып, жас жүрегі зұлымдықтан жапа шеккен Ләззаттың қазасы әлі күнге жұмбақ. Мезгілінен бұрын солған қызғалдақ ғұмырдың обал-сауабы кімнің мойнында. Мұны анықтау — болашақтың еншісі.
Ербол Сыпатаев – Алматы энергетика институтының екінші курс студенті. 19-желтоқсан күні ауруханаға бас сүйегі мен миынан жарақаттанған күйде әкелінді. 23-желтоқсанда есін жимастан қайтыс болды. Ербол біреудің жалғыз баласы еді. «Құйын-86» операциясының құрбаны болды.
Біз Қазақ мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Басымыздан құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Достықты сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз.
1.Оқушы: Атыңнан айналайын егемен ел,
Тәуелсіз күнің туды кенеле бер.
Мерейің құтты болсын Қазақстан!
Ғасырлар тойы болшы келе берер!
2.Оқушы: Мерекең құтты болсын егемен ел,
Терезең барлық елмен тең ерен ел.
Бабалар мәңгі бақи арман еткен,
Теңдікті, бостандықты иеленгендер.
3.Оқушы: Бостандық құтты болсын ерікті ел,
Айдын көл, көк майсалы көрікті жер
Бостандықты аңсаған батырлардың
Әруағына бас ұрып, тәу еткен жер.
4.Оқушы: Егемен елімнің ертеңі деп,
Елбасы баға берді жастарыма
Оқу оқы, білім ал, елің үшін
Еңбек ет тыным таппай, жан аяма.
5.Оқушы: Ел болдық ерік алдық астаналы
Енді кімнен қазағым жасқанады?
Тәуелсіз мемлекеттің шежіресі,
Нұрсұлтанның атымен басталады.
6.Оқушы: Көз қуанып күн сайын көркеміне,
Көңіліміз сенеді ертеңіне
Қазақстан – алып ел, төрі Астана,
Таңым ғана лайық ел төріне.
7.Оқушы: Бұлт баспасын күнімді
Тарылмасын өрісім.
Биік ұстау Туымды-
Қасиетті борышым.
8.Оқушы: Мен қазақпын, ұланымын қазақтың
Тәуелсізбін, егеменмін азатпын
Көк байрағым тұр көгімде желбіреп
Алатаудай көкке өрлеген азатпен.
9. Оқушы: Бабам тұлпар жаратты
Құлынын да танып ақ
Тұлпар барда қанатты
Шайқалмасын шаңырақ.
10.Оқушы: Тәуелсіздік көркі ол да,
Өркениет өрінде
Нұр төгеді Елтаңба
Ақ Орданың төрінде.
11.Оқушы: Енді бүгін өлген Туым тірілді,
Әнұраным жалғап алды ғұмырды.
Босағада қалып келген Елтаңбам
Баяғыша төріме кеп ілінді.
12.Оқушы: Батырлыққа уызынан жарыған
Ер түркіні байрағынан таныған
Өзі ақын, өзі әнші халықта
Кім айта алар
Болмаған,- деп — Әнұран?!
13.Оқушы: Бақтың құсы әр адамға қонып бір
О, Тәңірім, бізді баққа жолықтыр…
Бүгін міне, Тәуелсіздік ағайын,
Әр қазақтың жүрегі боп соғып тұр!
14.Оқушы: Көк аспанда нұрлы күн
Күлімдейді далама
Бақыт тілеп тұр бүгін
Ол барлық пәк балаға.
15.Оқушы: Көк жүзінде қалықтаған қыранмын,
Бейбітшілік пен бостандық жыр әнім
Самғап жүрсек бостандықта, биікте
Шарықтайды кең көлемде бұл әнім.
Қорытынды:
Міне, егемендігімізді алып, Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында Қазақстан жылдан жылға көркейіп, небір қиындықтарды артқа тастап, жаңа биіктерді үстіндеміз. Еліміздің Егемендігі жасай берсін!
Егеменді еліміздің болашағына Ақылбек атамыздан «Ақ бата» сұрайық.
Басшыларымыз алысты көрсін,
Жекешелеріміз табысты болсын!
Қыздарымыз саналы, сұлу болсын,
Ұлдарымыз қамысты болсын!
Қалада, мейлі қырда болсын!
Келген-кеткен ырза болсын!
Теңгеміз теңдік сақтайтын болсын!
Баға сөмкемізге сыймайтын болсын!
Халқымыз ғасыр табалдырығын,
Қазақша сөйлеп, аттайтын болсын!
Аумин!
— Сабақ аяқталды. Хош сау, болыңыздар!
Оспанова Нургуль Рамазановна,
Бастауыш сынып мұғалімі
Шығыс Қазақстан облысы,
Көкпекті ауданы, Көкпекті ауылы