Қазақстанның жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі – Тәуелсіздік. Тәуелсіздік – еліміздің ең басты мерекесі. Дүниенің бір бұрышында қазақ деген халықтың үлкен істер тындыра алатын өресі мықты, өрісі кең халық екенін әлем білді. Қазақстанның биік табысына қол жеткізген президенттік билік және осы жылдары оның басында үздіксіз болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке факторы екеніне де ешкім күмәндана алмайды.
16-желтоқсан – еліміздің егемендігін жариялаған күн. Сол күні көгімізде тәуелсіздік туы желбіреді. Содан бері 26 жылға таяу уақыт өтті. Осы өшпес жылдар белесінде Қазақстан экономикасы қарыштап дамыды. Саясаттағы сындарлы бағыт өз жемісін беруде. Береке-бірліктің арқасында әлем таныған іргелі мемлекетке айналдық.
Ғасырлар бойы арман еткен егемендікті қазақтың басына қонған бағы, астына орнаған тағы деуге болады. Қазақ елі талай белестерді бағындырды. Желтоқсанда жарқ еткен жалынды жастар қазаққа азаттық таңын сыйға тартқандай болды. Осылайша күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты.
Қазіргі тәуелсіз Қазақстан – ата-бабаның орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы. Тәуелсіздік таңын аңсаған ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды десек қателеспейміз. Сондықтан да тәуелсіздік тарихы арнайы әңгімеге үздіксіз тиек боларлықтай ұлы тақырып екендігін қазіргі ұрпақ ешқашан естен шығармауы керек. Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, ауыз бірлігі берік халық қана қол жеткізе алатынын өткеніміз нақты дәлелдеп берді. Сондықтан о бастан-ақ рулар тайпаларға, тайпалар одақтарға, ал тайпалық одақтар елге, халыққа айналу үшін үздіксіз күресті, жан алысып, жан берісті. Өйткені халық болып қалыптаспай, тәуелсіздікті баянды түрде қолда ұстап тұру да мүмкін емес еді.
Тәуелсіздіктің соңғы жылдарда болған оңтайлы өзгерістердің, мемлекетіміздің басшысының ынтасы арқасында Республика кең халықаралық атағын алды. Бүкіл әлем біздің жеңістеріміз бен жетістіктердің куәгері болды. Оның бірі 2017 жылы Астана қаласында «EXPO-2017» халықаралық көрмесін өткізу болып табылады. Одан басқа Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының толық құқылы мүшесі болды.
Егемен еліміздің негізгі мемлекеттік мақсаты – Конституциямызбен бекітілген: «Қазақстан өзін демократиялық зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады: оның ең қымбат қазынасы – адам мен адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Демек, қоғамда тұрақтылықты татулықты қалыптастырып, елдің тұрмыстық әл ауқатын жақсарту басты мәселе болып табылады. Біз қазір шын мәнінде дербестігімізге даңғыл жол ашып, азат ойлауды қалыптастыру жолындамыз. Ата Заңымыздың арқасында еліміз либералды демократиялық даму жолына түсті. Сонымен қатар, ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылыққа негізделген сенімнің биік деңгейі сақталып отыр.
Тәуелсіздік – ол ұлттық мемлекет, оның тамыры – жасампаздық рух, ұраны – ел мен халық. Олай болса, өміршеңдік пен кемелділік аясында өмір сүріп, бейбітшілік, татулық туын биікке көтерген Қазақстан халқы жаңа әлемнің жаңалықтарына ұмтыла бермек.
Н. Дайрабаев,
Сырдария аудандық Әділет
басқармасының басшысы, Заңгерлер
қоғамдық бірлестігінің мүшесі