Кең далалы, кең пейілді қазақпыз,
Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз,
Ел намысын ешбір жанға бермейміз,
Өмірді алға бастырамыз, өрлейміз.
Сертің осы — азат жігіт, азат қыз.
Қасым Қайсенов.
«Тәуелсіздік» деген — қасиетті ұғым, қастерлі сөз. Тәуелсіздік — арман. Сол арманға біздің қазақ халқы сонау 1991 жылы қол жеткізді. Бұл жыл — Қазақстан тарихының беттерінде алтын әріппен жазылды. Сол сәттен бері міне, 25 жыл да зымырап өтіп кетті.
Ең қасиетті күрес — тәуелсіздік үшін күрес. Сол күрестің жолында көптеген адамдар: саяси қайраткерлер, қолбасшылар, ғалымдар, қатардағы бұқара өкілдері, жастар құрбан болған.
Бүгін Қазақстан — тәуелсіз ел. Тәуелсіздік жолында еліміздің басынан азап та, сұрапыл соғыс та, ауыр, қайғыға толы күндер де өтті.
Міне, 16-шы желтоқсанда қалың қазақ елі халық тойын — Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлағалы отыр. Қазақстан халқы үшін Тәуелсіздік күні — ең қастерлі күн. Осы жылдар ішінде елімізде қыруар істер жасалды. Оларды атап кетпей болмайды: жеріміздің шекарасы бекітілді, мемлекеттік рәміздеріміз, Ата заңымыз, ұлттық теңгеміз, жаңа Астанамыз дүниеге келді, еліміз дербес мемлекет ретінде бүкіл әлемге танылды, Қазақстан Республикасы деген асқақ рухты елді әлемдік қауымдастық мойындады. Қазіргі кезде тәуелсіз мемлекетіміз — әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі, елбасымыз Н.Ә.Назарбаев — абыройлы тұлға.
Еліміздің тыныштығы, қауіпсіздігі, көп ұлтты халқының ынтымақтастығы мен келісімі — елбасымыздың дана, парасатты саясатының нәтижесі. Тұңғыш Президентіміз, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлына елі қаншалықты қымбат болса, халқы да соншалықты қымбат екенін жыл сайынғы халқына жолдауында қойған мақсаттары мен бағдарламалары
дәлелдейді. Президентіміз бүгінгі күнді ойлап қана қоймай, болашақта гүлденген Қазақстанды өркениетті елдер қатарына жеткізуді мақсат еткен адам, мәңгілік ел болуымызға бағдар көрсеткен тұлға.
Қазақстанымызды одан да биіктен көрсету — жас ұрпақ — біздің қолымызда. Біз — бақытты, интернет желісіне қол жеткізген, білім мен өнерге құштар жастармыз. Тәуелсіздіктің арқасында алдымызда жарқын болашаққа жол ашылып тұр. Біз сол жолмен алға баса береміз.
Сондай өскелең ұрпақтың бірі — өзіммін. Мен қазақ қоғамындағы қарапайым отбасының өкілімін. Менің арғы атам Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан жауынгер, атам мен әжем – соғыстан кейінгі ауыртпалықты басынан кешірген, нанға тоймай өскен «соғыс балалары». Атам ауданымыздағы бір ауылда көп жылдар бойы дикан болып, медальдармен марапатталған, өз елі мен жерінің дамуына елеулі еңбегімен үлесін қосқан адам еді. Әжем болса, алты бала өсіріп, ауылда есепші болып қызмет еткен күміс алқа иегері. Олар таңертеннен кешке дейін еңбек ете жүріп, өз балаларын әдепті, еңбекқор, инабатты қылып тәрбиелеп, қоғамына, халқына пайдалы болуға үйретті. Менің ата-аналарым да ерінбей еңбек ететін, өз ұрпағы — бізді — дұрыс тәрбиелеуге тырысатын еліміздің саналы азаматтары. Әжем мен атам көре алмаған қызықты мен көрермін, ата-аналарым жете алмаған биіктерге мен жетермін.
Біздің отбасымызда бірінші орынға адамгершілік пен рухани құндылықтар қойылады. Бұл — күллі қазақ ұлтына тән сипат, дәстүр. Ата-аналарымның достары да, біздің құрбыларымыз да — түрлі ұлттарлың өкілдері. Себебі Қазақстан әр түрлі этностардың отаны болып табылады. Біздің ел әлемге қоғамдағы татулық пен ынтымақтасты сақтаудың, әр түрлі ұлттық мәдениеттері мен діндердің үйлесімді дамуына қамқорлық жасаудың өнегелі үлгісін көрсетеді.
Біз — бейбітшілік аспан мен ортақ шаңырақ астында өмір сүріп жатқан бақытты жастармыз. Тыныш ұйықтағанға не жетсін! «Біз бірде-бір соғыс өртін бастаған емеспіз. Біз бірде-бір елдің жерін жаулап, даламызға қосып алған емеспіз», — деп елбасымыз айтқандай, менің туған қазақ халқым —
жуас, қонақжай, мейірбан халық екенін бүкіл әлем мойындайды. Басқа елдерде болып жатқан атыстан, соғыстан, табиғат апатынан аман болғай!
Кез келген адамның да, кез келген мемлекеттің де өмірінде талай-талай қиындықтар кездеседі. Бізге де бәрі оңай келеді деуге болмайды. Еліміздегі ішкі мәселелер мен әлем дағдарысы салдарынан туындаған қиыншылықтарды жеңе алатын күшті, білімді ұрпақ қажет. Қиыншылықты жеңе алмай, бір-бірімен дауласып, ел қамынан гөрі, өз қамын ойлайтын басшылар өз жөніне кетер. Өз қамын емес, ел қамын, халқының болашағын ойлайтын азаматтар өмірі өнеге болады деп ойлаймын.
Туған елімнің болашағын қазақ жерінде ешқашан аштық болмайды, халқымыз соғыс зардабын көрмейді, адамдар бір-бірімен тату-тәтті өмір сүреді, дені мен тәні сау өкілді, тұрмысы мен өмір деңгейі жоғары мәңгі ел болады, қарт адамдар мен панасыз қалған жетім балалар қиыншылық көріп қиналмайды деп елестетемін.
Біздің болашақтан күтетін үмітіміз көп. Қасымдағы құрбыларым да мен сияқты ойлайды деп сенемін. Менің сыныбымдағы 18 оқушы — он сегіз арман. Олар — бүгінгі күннің балғын ұландары, ертеңгі күннің тәуелсіз ел үшін еңбек ететін азаматтары. Мен сыныптастарымның ойлаған асқақ армандарына жетіп, өз еліне адал қызмет етіп, Қазақстанның атын әлемге паш ететініне сенемін. Әрқайсымыздың елдің қоғамдық-саяси өмірінде белгілі із қалдыратыны айдан анық.
Біз — тәуелсіздікті тілеген еліміздің болашағымыз, мәңгі елдің ұрпағымыз. Тезірек өсіп, ер жетіп, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне , мәңгі етуге өз үлесімізді қоссақ деймін.
Ойымды жазушы Әзілхан Нұршайықовтың сөздерімен қорытқым келеді:
Тәуелсіздер тойын қуанышпен тойлайды,
Тәуелділер қалай азаттықты алуды ғана ойлайды.
Тәуелсіздік тойын тойла,
Тойлай жүріп, оны өркендетуді де ойла,
Оған өзіңнің қосар үлесіңді пайымда!
Келе жатқан тәуелсіздіктің 25 жылдығы құтты болсын! Еліміздің нұрлы да шуақты күндері көп болғай! Білімді де өнегелі ұлдары арқасында биік асуларға жете берсін! Бүкіл әлем «Қазақстан! Қазақстан! — деп таңдай соқсын!
Тоқпанова Әмина,
Қостанай облысы,
Жітіқара қаласындағы № 3 орта мектептің
8-сынып оқушысы.