Қазақ халқының болмысында айрықша орын алатын ұғым бар, бұл — тәуелсіздік ұғымы, сан ұрпақ аңсаған тәуелсіздік адамзат баласының болмысында ерекше орын алатын қасиетті, қадірлі ұғым болып табылады. Тәуелсіздік жылдарында біз жоғалтқанымызды түгендеп, мемлекеттігімізді қалыптастырдық, әлемдік қауымдастық мойындаған елдердің біріне айналдық. Қазақ халқы — қай заманда, қандай жағдайда болмасын өз болмысының азаттығын өз өмірінен артық қойған халық. Сондықтан, қазақ елінің дүниетанымдық түсінігі әрқашан және әр кезде азаттық, тәуелсіздік ұғымдарымен астарласа жатады. Себебі, қазақ халқы өз ұлтын, өз жерін қасиетті санаған. Шындығын алып қарасақ, жер бетіндегі тіршілік иесі еркіндік үшін жаратылған. Өсімдік екеш өсімдік те қалағанынша өркен жайып, өз қуаты жеткенше күнге қарай бой созуға ұмтылады. Жан-жануар атаулының да аңсары сол. Ал адам ше? Шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап, құндақтауға көнбей, еркіндікке талпынған тірі пенде қашан жер қойнына кіргенше, өз мүддесі жолында тырмысып, тырбанып өтпей ме? Тіпті, нағыз тәубәшіл де төзімді кісінің жан сарайына үңіліп қарасаңыз, оның да көкірегі еркіндікке бұлқынған арман мен мұратқа толы. Шыққан тегі мен өскен тарихының, әдет-ғұрпы мен мінез-құлқының, табиғи ортасы, шаруашылығының, ұлттық ойлауы мен тілінің, дүниетанымының тығыз байланысы бір ұлт етіп ұйытқан кез-келген халық ғұмыр бойы азат және тәуелсіз ел болуды аңсаған. Жұмыр жер бетінен, адамзат тарихынан өзіне лайықты орнын алуды армандап өтеді. Арманнан айырылған, сенім мен мұратын жоғалтқан адам да, халық та, мемлекет те дара тұлғалық қасиетінен айырылып, азып-тозып ақырында жоғалып бітеді. Үш ғасыр бойы бодандық бұғауында тұншыққан қазақ халқының қайтадан ұлттық идеяны ту етіп, дербес мемлекетін орнатып, аз уақыттың ішінде төрткүл дүниеге танылуына жеткізген қандай ұлы күш еді деп таң қалатындар болса, сол ұлы күш ғасырлар бойы халқымыз көкірегінен өшпеген ұлттық намыс пен азаттық рухы дер едік. Сонау көк түріктер заманында айбынымен жарты әлемді ықтырған жауынгер халықтың тікелей мұрагерлері кейін адамзат көшінің соңына сырғып, бодандық қамытын мойнына киеді деп кім ойлаған? Бұл, бәлкім, кезінде ертеңгі болашағын парасатпен бағамдай алмай, қауіп қатерді елең қылмай, өзге жұрт жаппай меңгеріп жатқан жаңалық атаулыны көзіне ілмей, астамсыған, тәкәппарлығымыздың жазасы болар. Бұл, бәлкім, адамзат дамуының ұлан-ғасыр кезеңіндегі өн бойында көшбасшылық тізгінін алма-кезек қолына алған халықтарды дүркін-дүркін сынға алып, ділі мен тілінің, рухы мен төзімінің беріктігін тексеріп отыратын тарих заңы болар. Қалай болғанда да, бір кезде ат тұяғы жетер маңдағы жұртты айбынымен сескендіріп, Евразия құрлығының орталығын емін-еркін иемденген бостандық сүйгіш халқымыздың сыртқы және ішкі қайшылықтар мен жанжалдар шырмауынан шыға алмай, ақыр соңында бодандық бұғауына маталып тынғаны ақиқат. Ұлы Абай айтқандай, «Өз еркіміз өз қолымыздан кетіп» жат жұрттың қабағына жалтақтаған үш ғасыр бойы тәуелділік халқымыздың бірнеше буын ұрпағының бойындағы тәуелсіз елдік, отаншылдық, ұлтшылдық рухын езіп-жаншып, дүниетанымымыз бен тілімізді, ділімізді әр түрлі қитұрқы идеологиялық қисындар қалыбына салуға тырысып баққаны — өмір шындығы. Бірақ, халық көкірегіндегі тәуелсіз елдігін қайта орнатсақ деген сенім мен үміт ұшқыны қоздап жанып, ауық-ауық лап етіп белгі беріп қалатын. Әсіресе, ХХ ғасырдың басында қаулап өсіп жетілген демократиялық ұлттық интеллигенция шоғыры, ұлттық кәсіби саяси және интеллектуалдық элита өз халқының мүддесі мен болашақ дербес даму бағдарын айқындауға бел шеше кірісті. Олардың қатарында Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрім Құдайбердиев, Мұстафа Шоқай және тағы басқа қазақ ұлтының зиялы азаматтары болды.
Жан-жақты білімдарлық пен парасаттылықты, саяси күрестің тәсілдерімен қалыптасқан жағдайды шынайы бағалай білуді жетік меңгерген демократияшыл қазақ зиялаларының бұл тобы бұрыңғы ұлт-азаттық көтерілістердің жалаң қылыш пен зеңбіректің аузына қарсы шабатын ақ-көз бастаушыларынан мүлде өзгеше тұғын. Олар туған халқының көзін ашып, көмескі тартқан рухын оятып, біліммен қаруландырып, бірте-бірте тәуелсіз ел болуға жеткізудің қиын да болса, ең сенімді жолын саналылықпен таңдап алды. Осындай кәсіби зиялылар қаққан тәуелсіздік қоңырауының сарыны ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бостандық пен тәуелсіздікті, азаттық пен дербес дамуды аңсаған азаматтар рухын шыңдаумен болды. Бізді бүгінгі тәуелсіз ел болуға жеткізіп, тәуелсіздігіміздің жиырма алты жылдығын тойлағалы отырғанымыз да сол рух. Халық жадында жаңғырып, оның күнделікті өмірімен астасып, сабақтасып отырмайтын тарих ол — өлі тарих. Жансыз тарих жер бетінен жоғалған халықтарда ғана болады. Бұрын қазақ елінің тарихы, қазақ халқының жүріп өткен ұлы тарихи жолы құр деректер тізбегі түрінде самарқау баяндалып келсе, бүгінгі талап басқаша. Біз осы тарихымызды ұлттық және стратегиялық мүдде тұрғысынан, халқымыздың ізгілікке, елдікке ұмтылуының үздіксіз саяси процесс ретіндегі ұлт–азаттық күрес түріндегі қасіретінен сабақ алып, жарқын тұстарына орынды мақтана отырып, қайта жазып отырмыз. Осы орайда, халқымыздың қоғамдық-саяси ойы дамуының елеулі кезеңінің шежіресі іспетті тәуелсіз ел тарихын қайта бір парақтап шығу бүгінгі бізге де, болашақ ұрпаққа да пайдалы болмақ. Сондықтан да, сонау ХХ ғасыр басындағы зиялы қауым ұстанған ұлттық идея бүгінгі күні тәуелсіз елімізде «Мәңгілік ел» идеясы, тәуелсіздіктің нұрлы жолы ретінде іске асуда.
Тәуелсіз Қазақстан халқына ең басты игілік — еркін өмір сүру азаттығын берді. Нағыз қазақи өмір сүру үшін сол ұлтқа етене жақын, қаны мен жанына сіңіскен ұлттық өмір салтын, қазақша өмір дәстүрін, ұлттық тәрбиені қалыптастыру қажет. Шын мәнінде, қазақ халқы үшін өмірдің әлеуметтік-философиялық мазмұны дәл осы ұғымға келіп тіреледі. Адамдардың нақты қоғамдық қатынастарда қалыптасатын ойлау жүйесі, өмір салтының рухани желісі, әдет-ғұрыптары мен діни көзқарастары, әсіресе, олардың санасында берік орын алған ақпараттық өрістері елдігіміздің қалыптасуы мен дамуына, әрі өзгеруіне айрықша зор ықпал етеді. Ізгілік пен рақымшылдыққа ұмтылу барша адамның бойында бар қасиет, бірақ, ізгілік пен рақымшылдықтың өзі туа біткеннен болмайды, сондықтан оған адамдарды үйретіп, ұлттық үрдісте тәрбиелеп, оқытып отыру қажет. Ізгілікке, адамгершілікке қабілетті жандардың ішінде оған өз құмарлығын шектей алатын адамдар ғана жете алады. Адамдар сезім түйсіктері арқылы алынған деректер негізінде заттардың қасиеті мен сипаттарымен танысса, ақыл-ой арқылы осы алынған деректер негізінде жалпылылықтың мәнін түсінуге ұмтылады. Сол себепті адам өзін-өзі үнемі ұлттық рухани жағынан жетілдіріп тұруы тиіс. Ұлттық рух мәселесіне ерекше көңіл бөлуіміз қажет, себебі, мұның өзі әрбір адамның әлеуетін ашатын, көптің қуатын ортақ арнаға қосатын, халық даналығынан жинақталған еркіндіктің түрі. Рухы биік күшті елдердің қашан да бағы таймаған. Ұлттық рухын сақтап қалған ел ғана өз ерлерін қорлатпайды, өздері де қорланбайды, қорғайды.
Б. Қожамберлиев,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы
АҚ Қызылорда облысы
бойынша педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институтының
кафедрамеңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор
Қызылорда обылысы