Home » Сценарийлер » «Тәуелсіздікті жырлаймын» жас ақындар мүшәйрасы

«Тәуелсіздікті жырлаймын» жас ақындар мүшәйрасы

Қатысушылар: Колледж студенттері
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Студенттердің қазақ тілі мен әдебиет пәнінен білімдік деңгейлерін байқау, саралау; Тәуелсіздігіміздің құдіреттілігін түсіндірумен қатар білімдерін жан-жақты кеңейту;
Дамытушылық: 1986 жылдың желтоқсанындағы бейбіт шеруге шыққан адал да, аңғал Қазақ жастарының, желтоқсан құрбандарының ерлігін, жалынды жырларын студенттер көңіліне ұялату; Студенттердің рухани дүниесін, шығармашылық қабілеттерін дамыту; Студенттердің көркемдік тіл байлығын, сөйлеу мәдениетін дамыту.

Тәрбиелік: Өз ойын толық жеткізе алатын білімді, саналы, салауатты, жан -жақты рухани бай жеке тұлға етіп тәрбиелеу; Студенттерді еңбексүйгіштік, адалдық борыш, ар-ұят секілді адами қасиеттерге тәрбиелеу; Студенттерді адамгершілікке, Отанын сүюге, сыйластыққа тәрбиелеу.

Іс- шара: Сайыс

Сабақтың әдісі: Іздену, қызығушылықты ояту, ой қозғау, шығармашыл тұлға, мәнерлеп оқу, өлеңдерді жатқа айту.

Сабақтың көрнекілігі: Интербелсенді тақтадан студенттердің бойында патриоттық сезімді оятатын нақыл сөздер, тұсаукесер, бейне жазба, бейне таспа, слайдтар.

Пәнаралық байланыс: Әдебиет, қазақ тілі, тарих, музыка

Сайыстың барысы:                                                                                         

I.Ұйымдастыру кезеңі. 

а).Сәлемдесу.

б).Сабақтың мақсатымен таныстыру.

II.Кіріспе бөлім

Оқытушының сөзі:

Армысыздар, құрметті ұстаздар мен студенттер!

Құрметті Тәуелсіз елдің жастары, бүгінгі «Тәуелсіздікті жырлаймын!» атты «Жас қаламгер» үйірме мүшелерінің ұйымдастырумен өткелі отырған сыныптан тыс іс- шараға қош келдіңіздер!

Тәуелсіздік — адамзаттың бақыты.

1.1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі – ХХ ғасырдағы айтулы оқиға.

2.Қазақтың санасын сілкіндірген оқиға жылдар бойы арман еткен тәуелсіздіктің қайнар көзі болды.

3.Сол Желтоқсан оқиғасы қаншама ызғарлы естілсе де жанымызға нұр септі. Мәңгілік егемендікті алып келгеннің арқасында дүние жүзіне танымал болдық.

4.Желтоқсан бастауы – ғасырлар қойнауынан жалғасып келе жатқан ұлы тарихтың бір белесі.

5.Қазақстан Республикасы 1991 жылы 16 желтоқсанда өз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болды. Біз өзіміздің рәміздерімізбен мақтанамыз. Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты. Біз қазақ болып туылғанымызға, осындай бай, байтақ өлкеде өмір сүріп жатқанымызға қуанамыз. Өйткені, біз тәуелсіз, еркін елдің ұланымыз.

6.«Жадымдасың, Желтоқсан!»

III.Негізгі бөлім

1.«Жадымдасың, Желтоқсан!»- (Желтоқсан оқиғасынан көрініс көрсету)

2.«Тәуелсіздікті жырлаймын» — (студенттердің шығармашылық өлеңдері оқылады)

3.Бағалау — (жеңімпаз студенттерді марапаттау)

4.Қорытынды бөлімі.

Оқытушы:

Біз бүгін дүниені дүр сілкіндірген, тәуелсіздік туын ең алғаш көтерген әйгілі 1986 жылдың желтоқсан тарихынан бастау алайық.

16 – желтоқсан. Бұл ерлік пен өрлік, қайғы мен қасірет мидай араласқан әрі жарқын, әрі қаралы күн еді. Бұл қасіретті күн Қайраттар, Қайыркелді, Түгелбай, Сәбира, Ербол, Ләззат сынды жүздеген, мыңдаған қыршындардың қанатын қиып түскен озбырлық күні, өктемдік үні еді.

Интербелсенді тақтадан

1.Желтоқсан оқиғасынан бейне сюжет көрсетіледі.

2.«Желтоқсан желі» бейне таспа.

3.«Желтоқсан құрбандарына тағзым»

4.Студенттер Желтоқсан қаһармандарына арнап көрініс көрсетеді.

 

Студент: Орталықтың қара түнегінде найзағай боп жарқылдап, жыр нөсермен күн шұғыласындай жалпақ әлемге танылған бүкіл адамзатқа жүрек шашқан «Ұлы Қайрат, ақын Қайрат, батыр, алты алаштың баласы болған Қайрат кім еді?…»

Студент: Қайрат Рысқұлбеков 1966 жылы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында дүниеге келген. Қайрат Шу қаласына таяу жердегі Новотащик селосындағы шопан балаларына арналған мектеп-интернатта оқыды. Қайрат мектепте бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болды. Қабырға газетінің редакторы болып, мақала жазумен әуестенетін.

Желтоқсан қаһарманы Қайрат:

Күнәдан таза арым бар,

Жиырма бірде жасым бар.

Қасқалдақтай қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар,

Алам десең алыңдар!

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар.

Еркек тоқты – құрбандық,

Атам десең атыңдар!

Студент: Өмір өзен толқындары бізді әйгілі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан уақыт өткен сайын алыстатып бара жатса да жүректерде мәңгілік ұмытылмайтын қастерлі бір нәрсе бар. Ол – дүр сілкіндірген сол үш күн ішіндегі Қазақ қыздарымен мен жігіттерінің рухына, ерлігіне деген тағзым құрмет. Бұл аға – апаларымыздың аңсаған армандары мен үміті, тілектері бұл күнде толық жүзеге асты. Бір ғана өкініш бар, ол азаттық үшін жан аямай алысқан боздақтардың кейбірінің бүгінгі бақытты сәттерімізді көре алмауы.

Интербелсенді тақтадан

«Тәуелсіз Қазақстан» бейне жазба.

Студент:

Қазақстан! Туды алтын дәуірің,

Алғандайсың жұлдыздардың жарығын

Алтын заңын құтты болсын қымбаттым

Туған күнің құтты болсын алыбым!

Армандарды жақындатқан тым алыс

Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс

Егемендік ел бақыты ертеңі

О, халайық құтты болсын қуаныш.

Оқытушы:                                                                                                                             Желтоқсан оқиғасы – Қазақстан тарихындағы естен кетпес, аса ауыр және қайғылы беттердің бірі. Тәуелсіздікті аңсаған жастардың көз жасы, қаны бекерге төгілмепті. Қыршын кеткен Асанқызы Ләзаттың, Сыпытайұлы Ерболдың, Мұқанбетжанқызы Сәбираның, Ноғайбайұлы Қайраттың аңсаған армандары мен үміт тілектері бұл күнде толық жүзеге асты.

Желтоқсан оқиғасы:

— бұл ерліктің тарихы,

— республикадағы халқымыздың рухани жеңісі,

— демократияға жол ашу,

— тәуелсіздіктің алғашқы беті.

ІY. «Тәуелсіздікті жырлаймын»

Жас ақындардың шығармашылық туындыларына кезек беріледі.

Мойытпасын қиындықтар сендерді,

Батылдықпен асыңдар сан белдерді.

Біліміңмен қуантсаңдар колледжді,

Жақсы жырмен қуантыңдар енді елді.

  Y.Бағалау бөлім

Бүгінгі «Тәуелсіздікті жырлаймын!» атты жас ақындар мүшәйрасы өз мәресіне жетіп, сайысымыздың жеңімпаздары анықталды. Бас жүлдені И.Бейсбай, 1 орын М.Тұрсын, 2 орынды А.Утегенова мен А.Өтетілеу, 3 орынды Н.Ақбекова, Н.Айтбай және А.Каримов иеленіп, мадақтамалармен марапатталды.

 

YI.Қорытынды бөлім

Қазақстанның қасиетті туы мәңгі желбіресін!

Жас ақындарымыздың өресі биік, ойы ұшқыр, қаламы саптала берсін демекпіз!

Биіктерден көрініңдер ақындар,

Халқыңа тек жырмен шашу шашыңдар.

Өлең жолын тастамаңдар ешқашан,

Ақындықтың асуынан асыңдар — дей отырып, сайысымыз осымен аяқталды.

-Сау болыңыздар!

Аманова Жанат Сахитжановна
Астана қаласы,
«Тұран-Профи» қалалық шаруашылық
колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
оқытушысы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.