Мақсаты:
Білімділік: студенттерге Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өмірі, шығармашылыққа толы атқарған істері туралы мәліметтер беру;
Дамытушылық: студенттерге Президенттің ел үшін жасаған істерін үлгі-өнеге ету;
Тәрбиелік: студенттерді өз Отанын, халқын сүйетін азамат болып өсуге, елжандылыққа патриоттық сезімге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Нұрсұлтан Назарбаевтың түрлі жанрда түскен суреттері, кітаптар бұрышы, нақыл сөздер, слайдтар, бейнематериалдар.
1- жүргізуші: Армысыздар, ұлағатты оқытушылар мен студенттер!
2- жүргізуші: 1-желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Тәуелсіздіктің нұры –тұңғыш Елбасы» тақырыбындағы ЭС-17 және ТС-17о оқу топтарының ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
1-жүргізуші: Азаттық, теңдік әлемі!
Шаттыққа елді бөледі.
Тағдыры-тарих өрледі,
Көк тудың желбірегені!
Мемлекеттік Әнұраны орындалады.
(Ту ұстаған студенттер залдың екі жағынан жүріп өтіп сахнаға тұрады.)
2-жүргізуші: Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Қазақстан -2050: Бір мақсат, Бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауынан туындаған «Мәңгілік ел» идеясына орай туған жырды ТС-17о оқу тобының студенті Сапабеков Қанағат айтып береді.
Мәңгілік ел –
Халқымның аңсағаны,
Ақ ордадан тараған жан самалы.
Күлімдеген бақыттың күн шуағын
Күллі қазақ қуанып қарсы алады
Мәңгілік ел –
Кеңдігі керегемнің,
Ақыл-ойы Көшбасшы – Көрегеннің.
Көнбей кеткен ырқына көнелердің,
Есіл дерті ең
Хандар мен төрелердің.
Мәңгілік ел –
Шаттығы шаңырақтың,
Садағасы болайын аруақтың.
Көк байрақты көрдім де көгімдегі,
Көгендеулі өлеңді жамыраттым.
Мәңгілік ел –
Сөнбейтұғын шырағы шырқымыздың.
Мәңгілік ел – Рухы ұлтымыздың,
Ар – ожданы,
Арманы жұртымыздың.
Бүтіндігі ішіміз, сыртымыздың
Тегімнің тереңдігі,
Ел басқарған ерімнің ерендігі.
Биіктігі бостандық тұғырының,
Келешектің керемет кемелдігі.
Мәңгілік ел –
Тілімсің жүректегі,
Әкем мен анамның тілектері.
Жарық едің жалт еткен түнектегі,
Іздеп өткен бабалар шыр еткелі.
Естіледі жаһанға жаңғырығым,
Елмен бірге әрқашан мәнді жыры.
Еркіндігім – Ерлігім, елдігімсің,
Тәуелсіздік дегенім –МӘҢГІЛІГІМ!
1 жүргізуші: Жоғары Парламенттің бекітуімен 2012 жылы
1-желтоқсан Тұңғыш Президенті күні Қазақстан алғаш рет мемлекеттік мереке ретінде аталып өтіп, бұл баршамыз үшін қуанышты оқиға болды.
2 жүргізуші: Елбасына деген ел құрметін айрықша айғақтауға арналған бұл мерекенің дәстүрлік іс-шараға айналуға орны бар екенін шынайы сезіммен айтып өтуге тура келеді. Биыл тағы да осы мерекені тойлағалы отырмыз. ТС-17о оқу тобының студенті Сәдібекова Айтолқыннын орындауында «Тәуелсіз қазақтың қызымын» әнін қабыл алыңыздар.
1-жүргізуші: Атақты тұлғаның туған жерін, оның өсіп-өнгенін, әсіресе қазақтар үшін генеалогиялық діңгегін білу кез келген адамның қызығушылығын тудырады. Бұл туралы көп жазылды, фильмдер көрсетілді. Әсіресе «Балалық шағымның аспаны» фильмі өте қызықты, жан жүйеңді толғандырады. Болашақ Президент Алматы облысы Қаскелең ауданының Үшқоңыр жеріндегі киіз үйде туған. Ата-анасының ұзақ күткен ұлы, тұңғыш баласы отбасын қуанышқа кенелтті.
Сахналық көрініс: «Балалық шағымның аспаны» атты шағын көрінісін тамашалаңыздар.
2-жүргізуші: Нұрсұлтан үшін алғашқы мектеп қоңырауы Шамалған аулында соғылды. Бұл мектепті әртүрлі ұлт өкілдері оқыды. Мүмкін осы жерде білімге деген құштарлық пен шыдамдылық, адамдарға деген ерекше ашықтығы қалыптасқан болар. Оныншы сыныпты Нұрсұлтан Қаскелеңде алтын медальмен аяқтады. ТС-17о оқу тобының студенті Балабек Бекасылдың Елбасына арналған өлең жолдарын айтып береді.
Қызыл тіл сөйле десе, сайрай түскен,
Шындықты жырлай берем тынбай іштен.
Жыр-дода дегенде мен дәуірлеймін,
Жорға тілді қалдырмай заңғар көштен.
Қазақта өлең деген жауһары бар,
Өлеңде арнау деген гауһары бар.
«Мен-қазақ» деген әрбір текті ұлдың
Жақсыға арнау айтар қауқары бар.
Жырласаң, жақсылықты жырла, тілім!
Жақсыға ашылады көңіл гүлім!
Кешегі Абылайлар ізін басқан.
Елбасшыға арналар бүгін жырым.
Үшқоңыр баурайының белінде өскен,
Әбіштей әкесі әділ өмір кешкен.
Нұр-аға халық үшін жасар істің
Бәрін де бесенеден біліп өскен.
Жас елдің желбіретіп туын көкке,
Жанарын жас Нұрсұлтан тіккен өрге.
Сол сәттен қазақ деген ұлы елдің
Бақыты мамыражай шөккен көкте.
1-жүргізуші: Отбасындағы тұңғыш ұл, сондықтан мойнында аса үлкен жауапкершілік. Ата-анасына көмектесіп, уақытша өз арман-мұратын ұмытуға тура келді. Сондықтан Ленинская смена газетінде Бүкілодақтық комсамол құрылысы – металлургиялық комбинаттың жастарды шақыруы туралы оқып, Нұрсұлтан металлург мамандығын алу үшін сонда баруды шешті. Ата – анасы бұл шешімге қарсы болмады, оны қолдады.
2-жүргізуші: Алда Днепродзержинскіде болат қорытушы мамандығына оқу, кейін Теміртауда жаңадан салынған металлургиялық комбинатта мамандығы бойынша жұмыс істеу күтіп тұрды. Бұл қала мен комбинат кісілері шынымен болашақ ел Президентінің өміріне зор әсерін тигізгені анық.
1-жүргізуші: Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы, Қазақстан халықтары Ассамблеясының Төрағасы. Қазақстанның, Ресейдің, Өзбекстанның және басқа да бірқатар елдің ордендерімен, медальдерімен марапатталған.
ТС-17о оқу тобының студенті МЫРЗАГАЛИ НҰРСҰЛТАННЫҢ орындауында «Кеңес» күйін қабыл алыңыздар.
2-жүргізуші: Ел өмірінің алуан салалы тіршілік-тынысын терең білу, маңдай тіреген мәселелердің ең елеулісін тап басып тани алу, ел ішіндегі және әлемдік ахуалдармен санаса отырып ұрымтал әрекеттерге бару, сол жолда таңдалған бағытын табандылықпен жүзеге асыру — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекет басшысы ретіндегі басты қасиеті.
1-жүргізуші: Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіз қазақ елінде дүниежүзілік тарихи маңызды бар істер атқарылады. 1991 жылдың күзінде 40 жылдан астам уақыт бойы адамзат баласына от бүркіп, апат қаупін төндіріп келгент Семей ядролық сынақполигоны жабылды. 459 ядролық жарылыс өткен бұл полигон енді мәңгіге тыншыды.
2-жүргізуші: Туған елінің тыныштығын, адамзаттың қауіпсіздігін ту еткен Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің, Францияның президенттерімен ұзақ та күрделі келіссөздер жүргізіп, ядролық қаруды Қазақстаннан аластауға 1994 жылы келісті. Бұл біз үшін өтеуі қымбат келісім еді. 1995 жылы соңғы ядролық қару қазақ елінен әкетілді. Осылайша адамзат тарихында тұңғыш рет жойқын қарудан ерікті түрде бас тартқан мемлекет пайда болды. ТС-17о оқу тобының студенті Досжан Дастанның орындауында «Алға Қазақстан!» әнін тамашалаңыздар.
1-жүргізуші: Жылдар өтер, жүздеген, мыңдаған жылдар, өтер, бірақ Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан және жаһандық әлемнің тарихында, біздің еліміздің ұлы есімдері қатарынан өзінің лайықты және ерекше даңқты орнын алды.
ТС-17о оқу тобының студенті Қалабай Ернұрдың Елбасына арнап шығарған «Нұр ата» туындысын тамашалаңыздар.
2-жүргізуші: Студенттер «Тәуелсіздіктің нұры – тұңғыш Елбасы» атты тәрбие сағатына деген ыстық лебіздерін білдіреді.
«Политехникалық және жаңа технологиялар» бөлімше меңгерушісі Айтенова Мағрипа Махмутқызына және «Кен орындарын игеру және пайдалану мамандықтары» бөлімшесінің аға топ жетекшісі Жеңсікбаева Шара Калиевнаға қорытынды сөз кезегі берілді.
1-жүргізуші: Осымен бүгінгі ЭС-17 және ТС-17о оқу топтарының ашық тәрбие сағатын жабық деп жариялаймыз.
З.К. Жанибекова, Н.Т. Имангазина,
И. Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық
техникалық жоғары колледжі,
Арнайы пән оқытушылары,
Қызылорда қаласы