Home » Бес сауал » ТӘУЕЛСІЗДІКПЕН ТӨЛ ҚҰРДАС БІЛІМ ОРДАСЫ

ТӘУЕЛСІЗДІКПЕН ТӨЛ ҚҰРДАС БІЛІМ ОРДАСЫ

Гүлмира СЕРІКБАЕВА,
Алматы қаласы

Тәу етер тәуелсіздігімізге қол жеткізгенімізге де 25 жыл болды. Тәуелсіз елімізді әлем танып, талай биік белестерді бағындырдық. Осы жылдар аралығында жеткен жетістіктердің барлығы -Тәуелсіздіктің жемісі. Алғашқы жылдары елімізде білім ордалары ашылған болатын. Солардың бірі  Тәуелсіздіктің туы тігілген шақта Алматы қаласында ашылған Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназиясы.

12 бет 03 ТӘУЕЛСІЗДІКПЕН ТӨЛ ҚҰРДАС БІЛІМ ОРДАСЫ 159 гимназия Алматы

Бүгінде Алматы қаласындағы іргелі білім ордасының бірі. Құрылу тарихы мен даму жолы ел Тәуелсіздігімен төл құрдас мектеп-гимназиясы алғашқы күннен бастап ұжым шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беруде тек жоғары талап деңгейінен ғана көрінуді мақсат тұтты. Атаулы №159 қазақ мектебінің ашылуына ұйытқы болған ұлтжанды, қазақ тілінің белгілі жанашыры Ыбырай Жүніс ағамыз еді. Сондағы №159 қазақ мектебін ашу жолындағы күрес туралы Жүніс ағамыз  1998 жылы «Ұрпағыңды өсір жастайын…» атты арнайы деректі кітап жазды. Шығарманың осылай аталуы да қазақтың қазақ болып қалуы үшін ұрпағын жастайынан ана тілінде оқыту керек деген автор ойынан туындаған игі бастама еді. Міне осылай тарихи кітапта нақты баян етілгендей, жұртшылық қауымның тілегімен «Қазақ тілі» қоғамы қайраткерлерінің табанды талабы арқасында №159 қазақ орта мектебінде 1991 жылы 31 тамызда алқашқы қоңырау үні соғылды. Осы сәттен бастап, шәкірттер білім ордасының кіре беріс маңдайшасындағы «Мектеп – алтын бесігің, шаттанып аш есігін!» деген көрнекті жазуды саналарына тоқып, алтын босағаны ықыласпен аттап, білімнің нәрімен сусындап келе жатыр.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Халқына «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында 2050 жылға дейін Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына енуі туралы нақты тапсырма берді. Осы стратегиялық маңызды мәселені шешу – тұлғаның негізгі сапалары болып табылатын белсенділігі мен оның шығармашылық ойлау қабілетін қалыптастыруға және бейтаныс жағдайда мәселенің шешімін таба білуге үйренуіне, өмір бойы оқу дағдыларының іргетасының қалыптасуына тікелей байланысты. Осы орайда, Елбасы қойған мақсатты жүзеге асыруда Алматы қаласында 2014 жыл – «Білім жылы» деп жарияланғаны белгілі. Алматы қаласының әкімі А.С.Есімов бастамашылығымен жарияланған Алматы қалалық Білім жылы жоспарлары негізінде №159 гимназиясы 2014 жылға арнап өзінің іс-шараларын белгіледі. Бұл үрдісте елімізде қолға алынған үлкен бағдарға – орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу бағдарына – бағыт ұсталылуда.

Қазіргі мектептегі оқу – оқушылардың логикалық, сыни, конструктивтік ойлауын қалыптастыруға бағытталған. Ол түптеп келгенде, терең білімді, денсаулығы мықты, өмірге бейімі жан-жақты ұлт қалыптастыруға қызмет етеді. Бұл мақсатта №159 гимназиясы педагогикалық ұжымы оқу үрдісінде нәтижелікпен жүзеге асыруға ұстанған тұжырымдамалық бағдарды  басшылыққа алады. Осыған орай гимназиямыздың шәкіртінің бейнесі қандай болу керектігі де айқындалды. Онда: «Гимназиямыздың әрбір оқушысы бәсекеге қабілетті, ой-өрісі кең, жан дүниесі бай, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай алатын, басқаның пікірімен санасып, төзімділік пен түсіністік таныта алатын, кез-келген мәселеде істі шешудің жолын таба білетін, жауапкершілігі жоғары, қоғамда өз орны бар, іскер де өнегелі жеке тұлға деңгейіндегі азамат болуға өзін-өзі дайындап, сол қабілеттердің негіздерін өз бойларында қалыптастыруы тиіс», — деп көрсетілді. Гимназиямыздың түлектері алдында әлемнің кез-келген елінде білімін жалғастыруға қабілетті деңгейге жетуі керек деген міндет қойылды. Гимназиядағы ұстаздар қауымы шәкірттердің қазіргі заман талабына сай парасатты, білікті, мәдениетті болуына негіз болған ұлттық және азаматтық біртұтас көзқарастарын қалыптастыруды мақсат етеді.

Осыдан 5 жыл бұрын ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығында гимназиямыз республикадағы таңдаулы мектеп сайсының «Бас жүлдесін» жеңіп алуы үлкен еңбектің нәтижесі деп білемін. «Білімнің біліктілігін, тәрбиенің тәлімін бере отырып, ұлттық үлгіден – әлемдік білім кеңістігіне шығу» атты проблемалық тақырып аясында ізденіс үстіндегі Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназияның педагогикалық ұжымының жеткен жетістіктері де баршылық. Атап айтқанда, оқу мен тәрбие үрдісінде қалыптасқан оқушылардың шығармашылық дағдыларын одан әрі дамытудың көзіне айналған білім ордасынан жарық көретін «Жас өркен» атты баспа газеті. Бұл мектепішілік газеті қазақстандық қоғамда болып жатқан өркениеттік өзгерістердің, демократияландырудың, ізгілендірудің т.б. ілгерілеулердің мән-жайын оқушыларға түсіндіріп, патриоттық рухты насихаттап, нақты тарихи-қоғамдық материалдар арқылы жеткізіп отырған бірден бір ақпарат құралы. Осы бастама әр баланың еркін дамуына, белсенді шығармашылықпен жұмыс істей алуына мүмкіндігін арттырып зор септігін тигізді. «Жас өркен» газеті сапа-қасиеттерді, ұлттық рухты шәкірттер бойына қалыптастыруды мақсат етіп, оқу-тәрбие үрдісімен үндестікте шығарылып келеді. Гимназия шәкірттерінің төл газетіне айналған «Жас өркеннің» шағын баспаханасын Еуропалық Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының қолдауымен 1999 жылы 19 қыркүйекте Орталық Азиядағы Фридрих Эберт Қорының өкілі Фраймуса Дуве сыйлады. Екі апта бойы Германиядан келген Кристиан Кольб және Рюдегер Ван Хол деген эксперттер оқушыларға баспахананың жұмыс істеу тәртібі туралы дәріс берді. Өздерінің баспагерлік іс-тәжірибелерімен алмасу жүргізген эксперттер №159 гимназия балаларының алғырлығына ризашылықтарын білдірді. Өйткені баспаханамен жұмыс барысының түсіндіру дәрістерінің барлығы тек ағылшын тілінде өткен еді. Газет ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің 2000 жылғы 17 сәуір №1236 бұйрығы бойынша Республикалық «Дәуір» баспасына тіркеліп, заңды түрде бекітілді. Оқушылар өз арасынан редактор, тілші, фотокорреспондент, корректор сайлап, газеттің атын «Жас өркен» деп атады. «Жас өркен» газеті оқушылардың ой-өрістері кеңейтуге, тіл байлықтарын дамытуға, кәсіптік бағдар алуына зор септігін тигізді.

«Жас өркен» газетінің сапалы, қызықты, мазмұнды болуына гимназия оқушылары ғана емес, мұғалімдер де, ата-аналар да мақалалар, эсселер, өлеңдер, т.б. жазып, өте жоғары ынтамен ат салысады. Газет беттерінде оқушылардың, мұғалімдердің, ата-аналардың т.б. гимназиядағы оқу-тәрбие ісіне қатысты тұлғалардың мақалалары, көркем шығармалары қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көріп келеді. Газеттің редколлегия алқасын мектеп директоры А.Т.Миразова басқарады. Бүгінде бұл істі гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жансәуле Сабыр ыждаһаттықпен жалғастыруда. Алда талай бағындырар белестері, атқарылар істері бар болашағы баянды, келешегі кемел білім ордасының жетістіктері алдағы уақытта да  еселене береді.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.