Home » Мақалалар » «Тәуекел» тобындағы балалардың ата-аналарымен психологиялық түзету жұмысы

«Тәуекел» тобындағы балалардың ата-аналарымен психологиялық түзету жұмысы

Балалардың суицидтік мінез-құлқының алдын алуда отбасы, мектеп, педагог, психолог, әлеуметтік педагог басты рөл атқарады, олар жасөспірімдерді суицидтік әрекетке жеткізетін көңіл-күймен күресуде ата- аналармен жұмыс атқарады және оларға көмек береді. Ата-аналарды өз баласына сауатты көмек көрсетуі үшін, оны түсінуі мен қолдау көрсетуінде қажет жеткілікті біліммен қаруландыру керек. Ата-аналардың педагогикалық мәдениеті неғұрлым мол болған сайын, олар өз балаларына жалпыадамзаттық және адамгершілік құндылықтарды соғұрлым көп меңгертеді. Тұлға қауіпсіздігі – қазақстандық қоғамда басты құндылықтардың бірі болуы тиіс.

Бала мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап оны тәрбиелеумен қатар ана-аналарға тәлім-тәрбие жұмысының мақсаты мен міндеттері туралы, оларда орын алатын жағымсыз мінездерді қайта құру жолдары, оқыту мазмұнын балаларға толық меңгертудегі отбасының көмегі, т.с.с. мәселелер бойынша көптеген проблемаларды түсіндіру мектеп қызметкерлеріне жүктеледі. Мектепте психологиялық қызмет құрылуымен байланысты психолог – ата-аналар арасында психологиялық ағарту жұмысын басқаратын адам. Сондықтан әр психолог өз жұмысының мазмұнын анықтағанда отбасымен жүргізетін іс-шаралар жүйесін толық қамтуға тиіс. Ата-анасына балалардың мінез-құлқын, бейімділігін, сынып оқушыларымен қарым-қатынасын, қоғамдық жүктемені орындауын, түзету сабаққа ынта жігерін айта келіп, осы отбасына тән ерекшеліктерді ескертуі керек. Мінез түрлілігі сияқты әр отбасы айтқан ойларды әр түрлі қабылдап жатады. Бірі ілтипат көрсетсе, кейбіреулер жақтырмайды. Психолог сынып жетекшісі мен ата-аналар арасында байланысты күшейте түсуіне жағымды ықпал ете алады.

Мақсаты: Ата-ананың баламен қарым-қатынасы (сенімділік білдіруі, қолдауы, үміт артуы) туралы түсініктер беру арқылы ата-аналардың білімін көтеруге көмектесу.

Тренинг бағдарламасы:

Шағын дәріс: «Бала тәрбиесінде ата ана тарапынан қандай қасиеттер керек?»

Жағдаяттар шешу

«Біз бақытты жанұямыз»

«Аяқталмаған сөйлем» жаттығу

«Кінәлі сөздер»

«Сіз қандай ата анасыз» сауалнама

«Шегенің ізі»

Рефлексия

І. Шағын дәріс: “Бала тәрбиесінде ата-ана тарапынан қандай қасиеттер керек?”

Мақсаты: Баланы бағалауға, сезінуге, түсіне білуге баулу.

Ата-аналар тәрбиеде шыдамдылықты талап ететіндігін мойындайды. Алайда оған арнайы білім қажеттігін жұрттың бәрі біле бермейді. Бүгінгі кездесуімізде ата-ана мен бала арасындағы психологиялық қарым-қатынасы жайлы әңгімелеп, оны жаттығулар арқылы көрсетуге тырысамыз.

Бала әрдайым ата-ананың аялы алақанын қажетсініп тұрады. Қиындықтар туған сәтте ата-анасының тарапынан қолдау тауып, үлкен сенім артылған бала ісі оңға басады.

Әрине, әр ата-ана баласына деген сезімін түрліше жеткізеді. Қандай жағдай болмасын, баланың өзіне деген сенімін тудырып, қолдап отыру керек. Бала бір істен қателескен жағдайда оған шыдамдылық көрсету керек. Мұндай сәтте өзге отбасыларымен салыстыруға әуестенбеу керек. Рас, кейде өзге біреудің балалары бойындағы қабілеті айрықша сияқты көрінеді. Бірақ, ол – басқа бала. Сондықтан әр баланың өзінің жеке басының ерекшелігін, ешкімге ұқсамайтын кейбір қасиеттерін сезіну керек. Кейде бала бір сәтсіздіктерге ұрынады. Ата-ана қатты уайымдап, баланың еш нәрсеге икемі жоқ, қабілетсіз деген асығыс қорытындыға келеді. Осыдан баланың өзіне деген сенімі күрт жойылады, қолын қусырып, кездескен қиыншылықтарды жоюға дәрменсіз болады. Мұндай жағдайда ата-ана баласының жай ғана талпынысының өзін қолдап түсіне білуі керек. Ең бастысы, бала біздің оны қалай бағалайтынымызды және одан не күтетінімізді сезінуі және түсінуі тиіс.

Жағдаяттар шешу:

1-жағдайда баланың мектепке өкпесі зор. Ол шешесі тарапынан қолдау тапқысы келеді. Түсініп, жағдайын сұрар деп ойлайды.

2-жағдайда  бала өзіне сенімсіз, ата-анасынан қолдау күтеді. Ата-аналар тарапынан «Сен мүлде дайындалмайсың, сондықтан еңбегіне қарай аласың!» немесе «Бүгін шаршап тұрмын» деген жауаптар болмағаны жақсы, бұндай жауаптардан немқұрайлықты, салғырттықты сезеді.

Кез келген шешімді қабылдауға асығыстық жасауға болмайды. Балаңыз сіздің оның ісіне немқұрайлы қарамайтыңызды көретіндей, оны тыңдауға дайын екендігіңізді байқайтындай болсын.

  • Кейде бала бір сәтсіздіктерге ұрынады. Ата-ана қатты уайымдап, баланың еш нәрсеге икемі жоқ, қабілетсіз деген асығыс қорытындыға келеді. Сәйтеді де баланың өзіне деген сенімі күрт жойылады, қолын қусырып, кездескен қиыншылықтарды жоюға дәрменсіз болады.

«Біз – бақытты жанұямыз» балалар суреттерін табу

Алдын-ала салынған суреттер арқылы өз балаларыңыздың салған суреттерін тауып алыңыздар.

Талдау:

  1. Өз отбасыңыздың суретін қалай таптыңыз?
  2. Өз отбасыңызды табу қиын болды ма?
  3. Суреттерден отбасыңыздың суретін тапқаннан кейін қандай сезімде болдыңыз?

Аяқталмаған сөйлем:

–     Егер баланы үнемі сынап отырса, …

–     Егер балаға үнемі күлсе, …

–     Егер баланы үнемі мақтап отырса, …

–     Егер бала төзімділікте өссе, …

–     Егер бала адалдықта өссе, …

–     Егер бала қауіпсіз жағдайда өссе, …

–     Егер бала кекшілдікте өссе, …

–     Егер бала түсіністікте және сүйіспеншілікте өссе, …

Дұрыс жауаптары:

–     Егер баланы үнемі сынап отырса, … (оның оқуғы құлқы болмайды).

–     Егер балаға үнемі күлсе, … (ол бұйығы болып кетеді).

–     Егер баланы үнемі мақтап отырса, … (ол өз қадірі үшін оқиды).

–     Егер бала төзімділікте өссе, … (ол басқаларды түсінуге тырысады).

–     Егер бала адалдықта өссе, … (ол адал болып жетеді).

–     Егер бала қауіпсіз жағдайда өссе, … (ол адамдарға сеніммен қарайды).

–     Егер бала кекшілдікте өссе, … (ол қатыгез болып өседі)

–    Егер бала түсіністікте және сүйіспеншілікте өссе, … (ол әлемнен махаббат табуды үйренеді).

«Кінәлі сөздер»

  1. Сенен ешқандай жақсылық шықпайды, нөлсің.
  2. Неге сен басқа балалардай емессің?
  3. Неменеге ұсқынсыз болып кеткенсің, шашың дудыраған, үстің кір-кір.
  4. Тағы осылай істесең, менен таяқ жейтін боласың.
  5. Сенің кесіріңнен өмірі жолымыз болмады.

Дұрыс жауаптары:

Ата-аналар осы сөздерді былай алмастыруына болады:

  1. «Сенің де қолын өмірде бір нәрсеге жететініне сенгім келеді. Оқу озаты немесе оқу екпіндісі боласың» — деп, үміт артуы керек.
  2. «Сенің де басқалардан өзгеше болуына құқын бар, сенің де қолыңнан келеді» — деп, сенім артуы керек.

3.«Үстіңді ретке келтір, шашыңды тара, киіміңді ауыстыр» — деп, баланың өзін жақсы сезінуіне көмектесу керек.

  1. «Біз саған қиыншылықты жеңуге көмектесеміз, екіншілей жаман қылық жасама».
  2. «Үлкендердің өмір жолында болып жатқан ыңғайсыз жағдайларға сен кінәлі емессің. Сенің болашағың алда, үлкен ғалым боласың, жақсы дәрігер, білімді ұстаз болуды арманда» және ата-анасын сыйлау керек екенін айтып отыру керек.

Міне, осындай біз көңіл аудара бермейтін қарапайым нәрсенің өзі немесе ойланбай айтылған ұрыс сөзі де баланың жанын ауыртуы мүмкін, өмір сүру ағынын өзгертуі де ғажап емес.

«Сіз қандай ата-анасыз?» сауалнама

-Кез келген істі тастай салып баламен айналысасыз ба?

-Балаңыздың жасына қарамай, онымен ақылдаса аласыз ба?

-Балаңызбен қарым-қатынас барысында жасаған қателіктеріңізді мойындайсыз ба?

-Өзіңіздің қателігіңіз үшін кешірім сұрайсыз ба?

-Балаңыз жасаған ісі ашуландырған кезде өзіңізді ұстап, ашуды жеңе аласыз ба?

-Балаңыздың орнына өзіңізді қоя аласыз ба?

-Бір сәтте сізге мейірімді адам деп сенуге бола ма?

-Өзіңіздің балаңыздан өткен балалық шағыңыздан өткен ескерілетін жағдайды айтасыз ба?

-Балаңыздың жүрегін жарақаттайтын сөздерді, сөйлем тіркестерін атамауға тырысасыз ба?

-Балаңызға уәде беріп, жақсы мінез-құлқын ескере отырып, уәдеңізді орындайсыз ба?

-Балаға қалаған ісін жасауға, өзін ұстауға кедергі жасамай, бір күн еркіндік бересіз бе?

-Басқа бала сіздің балаңызға дөрекідік көрсетсе, себепсіз ренжітсе, көңіл аудармайсыз ба?

-Балаңыздың көз жасы, дөрекі еркелеуі уақытша екенін білесіз, соған қарсы тұра аласыз ба?

Жауабы:

Әрқашан жасаймын, келісемін – 3 балл. Кейде ғана келісемін – 2 балл. Келіспеймін – 1  балл.

Сауалнаманы бағалау:

0-16 балл. Бала тәрбиесі – сіз үшін үлкен проблема. Бала тұлғасын дұрыс қалыптастыру үшін педагог немесе психолог мамандардың көмегіне сүйеніңіз.

16-30 балл. Балаға қамқорлық жасау – бірінші кезектегі маңызды іс.

Сіздің бойыңызда тәрбиешілік қабілет бар, бірақ тәжірибеде әрқашан бір қалыпты бағыттағы мақсатпен әрекет етесіз. Кейде қатал, кейде мүлдем жұмсақсыз. Сізге жауапкершілікпен ойлану керек.

30-39 балл. Бала сіздің өміріңіз үшін ең құнды болғаны. Сіз балаңызды тек түсініп қана қоймай, әрі ойын тануға сыйлы көзбен қарауға тырысасыз.

 «Шегенің ізі» әңгімесі.

Мінезі жаман бір жас жігіт болса керек. Ешкім оны түзей алмапты, қателігін айтқан сайын ызалана түсіпті. Бір күні әкесі оған іші шегеге толы бір жәшік беріп: «Маңайындағы достарыңмен әр жанжалдасып қалған сайын тақтайға бір – бір шегеден қағып отыр», — деп табыстапты. Алғашқы күні-ақ баласы тақтайға көп шеге қағып, табыстапты. Келесі күндері де аз болмапты. Осы қарқынымен, әлгі тақтайды толтыруға аса көп уақыт жұмсамапты. Тақтайдың толғанын көргенде әкесі оған: «Енді сол достарыңмен жеке-жеке татулас. Әр татуласқан сайын бір шегеден суырып отыр», — дейді.  Біраз күндер өтіпті. Бір күні қараса, қағылған бар шеге суырылып біткен екен. Сонда оны сырттай бақылап жүрген әкесі баласын тақтайдың алдына ертіп әкеліп: «Балам, жарайсың, жарадың, — депті, — алайда мына тақтайға жақсылап тұрып қарашы? Шегелерді суырғанда қалып қойған орындарын, қарайған көп тесікті көріп тұрсың. Тақта әуелгісіндей таза қалпында, әдемі болып қалмады. Достарыңмен төбелескен сайын арада жаман сөздер айтылады. Әр реніш сөз көңілде мына шегенің орны тәрізді бір-бір дақ қалдырып отырады, сондықтан ешкімнің көңіліне кірбің ұялатпағайсың, балам» — деген екен ұлын сабырға шақырып, өмірлік ұмытылмас сабақ ұқтырар.

Иә, реніш артынан риясыз кешірілсе жақсы, әйтпесе, көп жағдайда жан сыздатар, еске түскен сайын көңілді қаралап, жанды жаралайтын із тастап кететіні, ащы да болса ақиқат. «Алдыңа келсе, атаңның айыбын кеш» деген бабаларымыз әрқашан кешірімді негіз етіп  ұстаған. «Бір ашуыңды маған бер», «Тентегімді жөнге салуды өзіме қалдыр», «Бір білместік өтті», егер бала болса «ісінің шалалығы» деп, жас болса «жастық шақта кімнің басынан не өтпейді» деп, үлкен кісі болса «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ бола ма» деген секілді сөздермен әйтеуір екі жақты өз рәуішінде бітістіруге, араларын татуластыруға, артын тым ушықтырмауға тырысқан.

«Жүректен жүрекке» жаттығу

Үлкен қағазға мынадай сөздер жазылған сөздерді толықтыру:

1.“       …           …       … үйрендім”

2.“       …           …           … екенін білдім”

3.“ ..              …         …”

4.“Мен үшін ең бастысы … ”

5.“   …       …     сенемін”

6.“Болашақта   ….         …         қалаймын”

7.“   …           …           тырысамын”

  1. “Мен баламмен сөйлескенде,     …       өзімді сезінемін”
  2. “Егер бала бір нәрсені дұрыс істемесе,     … керек”

Ата-ана өз еркімен кез-келген сөйлемді аяқтауға құқылы.

Ата-анаға айтарымыз…

Өз балаңыздың ерекшелігін тани біліңіз. Оның маңыздылығын сездіруге тырысыңыз. Балаңыздың бастамалары мен дербес жасаған әрекеттеріне шынайы түрде қуана біліңіз. Мәселен: «Жарайсың, соңғы уақыттарда сен маған әжептәуір көмек жасап жүрсің!», «Сен жасаған мына дүние ерекше екен», «Ұсынысың – керемет» деген сияқты қолдануға болады.

Балаңыздың өмірін басқаруға ұмтылмаңыз. Оның өзі атқара алатын ісіне араласудың қажеті жоқ. Шамаңыз келгенше, балаңыздың ақыл-кеңесіне құлақ асуға тырысыңыз. Мұндай кездерде: «Сен – керемет тамаша баласың», «Сендей баламыздың болғанына қуаныштымыз» деген сөздерді қолдануға болады.

Балаңызға бұйрықты түрде сөйлеуден, бір нәрсені күштеп істеуден, намысына тиетін сөздерден аулақ болыңыз.

Балаңызбен бірге болуға тырысыңыз. Сіздің жан жылуыңыз бен аймалауыңызды қажетсінген кездерде сырт айналмаңыз.

Балаңыздың қате басқан қадамы болса, оны бірден жазалауға ұмтылмаңыз. Шын мағынасында, жазалау-бала тәрбиесіндегі дөрекі де өнімсіз құрал.

Бала жарық өмірге еш қорғансыз, дәрменсіз, періште қалыпта келеді. Оның өмірі мен денсаулығы, болашағы оның айналасындағы ересектерге тікелей байланысты. Махаббат пен ізгілік аясында есейген, ержеткен, өсіп-өнген бала кейін айналасына да көп жақсылық әкелмек. Ендеше, ата-ана мен бала арасында шынайы адал сүйіспеншілік, рухани жақындастық, екі жақты өзара сыйласымдылық, сенім болған жағдайда бала өз көзқарасы мен ақыл-ой тұрғысында нық тұрып, болашақта ата-анасының мықты тірегіне айналмағы сөзсіз.

Қорытынды:

  • Адам өмірінің мәні мен сұлулығы, адамның келешегіне сенімділігі  — баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік қарызын бір сәтке де есінен шығармауында. Бұл – жас ұрпақтың мәдениеттілігін, әдептілігінің ғана емес, ең алдымен, адамшылығының белгісі.
  • Бала – ата-ана өмірінің жалғасы. «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін,» деп әлпештеп өсірген перзенті ауырып не басқа бір қатер төнгенде мойындарына бұршағын салып, «Өзімді алып, баламды аман қалдыр!» деп құдайға жалбарынған.
  • Бала тәрбиесі – қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін күрделі процесс.
  • Отбасы, ұшқан ұя – жылылықтың, жылулықтың мекені.  «Отбасы» атауының мәніне терең үңілер болсақ, оттың да үлкен маңызы бар екенін сеземіз. Сондықтан оттың басы, ошағымыздың түтіні түзу болуы үшін баламыздың жан дүниесіне үңілейік!

Ордабаева Жанар Бейсенбаевна

№25 жалпы орта білім беру мектебінің

педагог-психологі

Павлодар қаласы

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.