Home » Балабақша » ТӘРБИЕ ӨЗ ШАҢЫРАҒЫҢНАН БАСТАЛСЫН..!

ТӘРБИЕ ӨЗ ШАҢЫРАҒЫҢНАН БАСТАЛСЫН..!

 

«Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында Үштерек ауылдық орта мектебінің мектепалды даярлық сынып оқушыларымен «Тәрбие өз шаңырағыңнан басталсын..!» атты іс-шара өткіздім.

Сынып мерекеге лайықты безендіріліп, жартылай құрылған шаңырақ астына ұлттық нақыштағы бұйымдар мен тұрмыстық заттар қойылды. Мереке қонақтары мен ата-аналар балалардың білімдері мен өнерлерін тамашалап, тәнті болысты.

Оқушыларға ең әуелі «киіз үй», «шаңырақ» сөздерінің мағынасын түсіндіріп, киіз үйдің неден және қалай жасалатынын, оның неге киелі деп аталатынын әңгімелеп, макетімен таныстырдым. Оқушылар сабақты мұқият тыңдап, өздеріне таныс сұрақтарға қызыға жауап берісті. Келесі кезекте шәкірттерімнің назарын тақтада ілініп тұрған мемлекеттік рәміздердің суретіне аударып, олардың қайсысында шаңырақтың суреті бейнеленгенін сұрадым. Балалар тапсырманы дұрыс орындап, ойларымен бөлісті.

Олар киіз үйде дөңгелек үстелді жағалай отырып тақпақ айтып, «Киіз үй», «Асық ату», «Дойбы» және «Лото» ойындарын жарыса ойнады. Іс-шара барысында пысықтау сұрақтарын қою арқылы балаларға сабақ мақсатын меңгертіп қана қоймай, әр адамға өз елінің нағыз азаматы болып, Отаны үшін қызмет етудің қаншалықты бақыт, зор мақтаныш екенін сәби жүректерге жеткізуге тырыстым.

Сондай-ақ, сыныпішілік, мектепішілік іс-шараларда барынша қолдау көрсетіп жүрген белсенді ата-аналарға шексіз алғысымды айтамын!

 

 Диана САДЫКОВА,
Үштерек Орта мектебінің
мектепалды даярлық сыныбының тәрбиешісі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.