Бала – біреудің өсіріп отырған бәйтерегі, еліміздің байрағын желбірететін келешек азамат, келешек тұлға. Отбасының берген тәбиесінен кейін тәрбиешілер қауымының атқарар ісі мен көтерер жүгі ауыр әрі жауапты іс. Осы жолда сәбилердің қызығы мен шыжығын көріп, ата-анасындай бауырына басып, еркелігін көтеріп жүрген тұлғаның бірі – Абдырахманова Айман Қойшыбекқызы. Әкесі мен анасы 7 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірген, алтын құрсақты ана. «Әкеміз жас кезімізде «оқыңдар, қыз баланың оқығаны жақсы» деп өсиетін айтып отыратын. Міні, қазір сол кісінің айтқанын тыңдап, еңбегіміздің жемісін көріп отырмыз» — дейді.
Айман Қойшыбекқызы 1968 жылы Қарағанды облысы, Қақаралы ауданы, Ж.Жабаев ауылында дүниеге келген. Қарағанды педагогикалық институтының мектепке дейінгі мекеме тәрбиеші мамандығын бітіргеннен кейін еңбек жолын 1990 жылы Қарқаралы ауданына қарасты Жаңатоған ауылындағы балабақшадан бастайды. 1991жылы білімінің жоғарылығы мен еңбек нәтижелеріне қарай отырып, балабақша меңгерушісі етіп тағайындайды.
Кеңес одағы құлап, бала бақшалар жабылып жатқан кезде 1994 жылы №14 мектепте бастауыш сыныбының мұғалімі болып жұмысқа кіреді. Мектеп қабырғасында 1997 жылға дейін сабақ беріп, Қарағанды қаласына қоныс аударады.
2002 жылы Қарағанды қаласындағы жасөспірімдерді бейімдеу орталығына жұмысқа қабылданып, біраз жылдар бойы сонда істейді. Уақыт өте келе 2012 жылы жұмыс орны Теміртау қаласына ауысуына байланысты ол жаққа бармай, Қарағанды қаласында қалады. Сөйтіп, қаламыздағы №61 «Айгөлек» бөбекжайына тәбиеші болып жұмысқа орналасады. Қазіргі таңда осы бала бақшада қызмет істеп жүргеніне де 7 жылдың мұғдары болып қалған екен.
Айман Қойшыбекқызы қазір жоғарғы санаттағы тәрбиеші. Ортасына сыйлы, үлгілі жан. Берілген тапсырманы жауапкершілікпен орындайтын тәжірибелі маман иесі. «Жас кезімде «неге мұғалімдікті оқымадым?!» — деп ойлайтынмын. Ал қазір керісінше, қуанамын. Себебі, балалардың мектепке дейін оң мен солын танып, дайындықпен баруына ат салысатын жандардың бірімін » — деп қуанышын жеткізді.
Шәкіртінің жеңісі – ұстазының еңбегі еленгені емес пе? Осы уақыт аралығында шәкірттерінің де, өзінің де жетістіктері аз емес. Былтырғы жылы тәуелсіздік мерекесіне орай ұйымдастырылған байқауда Жекенов Сұлтан І орынды қанжығасына байлап қайтты. Тіпті, «Қазақстан-Қарағанды», қазіргі «Сарыарқа» арнасынан келіп, Сұлтан жайлы бейне роликте түсірген болатын. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған мерекелік шарада ересек тобының тәрбиеленушісі Ерсайын Әлихан гран-при жеңіп алды. 2018 жылы «Бәрін білгім келеді» қалалық танымдық байқауда Айтыкен Ханшайым І орынды иеленсе «16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні» атты республикалық шығармашылық байқауының «Өлең» номинациясы бойынша Құлынтай Аңсар жүлделі ІІ орынды жеңіп алды және т.с.с.
Айман Қойшыбекқызының осындай жетекшілігі мен еңбегін бағалап, Қарағанды қаласының білім бөлімінің тарапынан бірнеше алғыс хаттар және дипломдармен марапатталған. Отбасында аяулы ана, ұжымында үлгілі тұлға Айман Қойшыбекқызына алдағы уақытта тек жеңісті де жемісті жылдарыңыз көп болсын дегім келеді!
Ербол ЕРБОЛАТ
Қарағанды облысы бойынша Республикалық
«Білім айнасы» газеті мен «bilimainasy.kz» сайтының тілшісі